Қазақ жастары қапалы
«Ара-тұра әлеуметтік желілерде отырып, оқырмандарымның сұрақтарына жауап беретінім бар», – дейді белгілі блогер Ержан Есімханов.
Ол соңғы уақытта өте бір қорқынышты жайтты байқай бастаған екен.
Қазақстанда депрессияға түскендер көбейіпті. Қажыған, әбден шаршаған адамдар көбейді. Күн сайын көкейдегі бір уайым, көңілдегі алаңдау, бойдағы секем мен күдіктерден арыла алмай жүргендер пайда болыпты. Күйікке түскендер. Осындай жағдайына байланысты сауал қойып, кеңес сұрап, мұңын шағатындар қатары артыпты.
«Ең қызығы», – дейді ол. Мұндай сұрақтарын кәдімгі жастар, жап-жас ұлдар мен қыздар қоятын болды. Бойында қуаты тасыған, көкірегі асқақ армандар мен үлкен үмітке толы болуы тиіс адамдар. Әлі ештеңеден шаршап үлгермеуі тиіс жастар. Уайымға салынатындай, шаршап, қажитындай оларға не жорық?
– Ондай сұрақты неге дәл маған қоятындарын да түсінемін. Менің өмірімді де соншалықты қиындықсыз деуге келмейді, бірақ мен өзім позитивті адаммын. Мен қашан да әр нәрсеге байыппен, сеніммен қараймын. Маған өмірді сүрген қызық. Мен нағыз депрессия дейтіндей ауыр жағдайға түскен емеспін, өмірімде бір рет те психологтың алдына барған емеспін. Содан болар, мені біреулер бірдеңе біледі-ау деп ойлайтын болар. Мен депрессиядан арылудың ешқандай әдіс-қулығын білмеймін. Мен де бар-жоғы дүниеге қарапайым көзқараспен қарауды үйреткен өмірлік тәжірибем ғана бар.
Бірақ соның өзінде де мені ара-тұра сарым уайым басады. Бәрі бекер сияқты көрініп кетеді. Қайда, неге бара жатқаныңды түсінбей, ұқпай қаласың. Шынымен шаршап, ештеңеге зауқың соқпай қалады. Меніңше, дәл қазіргі біздің күрделі заманымызда мұндай кезең әркімнің басынан өтетін сияқты.
Мұндайда бойдағы алаңдаушылықтан арылудың бірнеше амалы бар менде. Кәсіби көмекті талап ететін терең депрессиядан құтқармаса да, жеңіл-желпі депрессиядан құтқарып, күн сайын ойыңызды таза ұстауға септігін тигізуі мүмкін.
Біріншіден, бірдеңе ұнамай, жақпай тұрса, адам соны өзіне айта білуі керек. Айналаның бәрін идеал етіп көрсетуге тырысатын, сенен де мінсіз болуды талап ететін біздің қоғамымызда бұлай ету өте қиын. Бірақ ең алдымен, өзіңнің мінсіз емес екеніңді, қолыңнан бәрі келмейтінін, бәріне үлгермейтініңді өзің мойындай білген дұрыс. Бұл қасиет адамды әлсіз етпейді. Бұл қасиет – адамды адам етеді. Сәтсіздік бәрімізде болған. Оны жасырып не керек?
Екіншіден, тыныштық таба білу. Аптасына бір күн өзіңмен-өзің жағаласуды қойып, өзіңнен ештеңе талап етпеу. Бір күнге болса да «түк бітіріп жүрген жоқпын, ертең далада қаңғып қаламын мына түріммен» дегендей, уайым мен үрейге салынбай жүріп көріңіз. Жақсы көмектеседі, ертесінде қуатыңыз кәдімгідей артып қалады.
Сосын қалғаны – спорт пен кәдімгі күнделікті күн тәртібі. Ұйқыны қандыру, уақытымен тамақтану, су ішу, серуендеу. Біздің ағзамыз қанша жерден мықты болғанымен, жүре келе ол да бұзылады. Оның зардабы денемізге ғана емес, адамның ойы мен көңіліне де теріс әсерін тигізеді, – дейді ол.