Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:11, 21 Мамыр 2021

Қазаққа кереғар атаулардан арылу қажет

None
None

Қазақстан тәуелсіз, өз алдына дербес зайырлы, егемен ел болып, дүниежүзінің барлық дерлік мемлекеттері ресми мойындаған мемлекет қатарына қосылғанына биыл 30 жыл толады.

Республикамыздың күннен-күнге нығайып, жетіле беруі үшін ерен еңбек керек. Бұл біздің іске асырар қасиетті парызымыз. Бұрынғы Ресей патшалығы үш ғасыр бойы және 70 жыл  билік құрған қызылдар кезінен көзге шыққан сүйелдей сыздайтын бодандық дәуірдің көзтүрткі сарқыншақтары ретінде намысымызға тиетін, тәуелсіз еліміздің колониалдық дәуірден қалып, әлі жойылмаған қала мен жер-су атауларын еске аламыз. Ол атаулардың бастылары – Петропавловск, Павлодар (Петр мен Павел Иса пайғамбардың шәкірттері болған ерте замандағы еврей мүриттерінің есімдері Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ екені айдан анық, ал кейінде Ресей империясы патшаларының есімдері ретінде қолданылған болса, ал қазіргі зайырлы мемлекет түсінігіне сыйымсыз және заңға қайшы), Усть-Каменогорск, Риддер және мыңдаған басқа да елді мекендердің  атаулары. Бұларды өзгертуге негіз табу үшін әуелі өзімізден бастаған жөн.

Әуелі өткен ғасырларға көз жүгіртсек, қасиетті Сыр бойындағы көне шаһарлардың бірі, қазіргі Қызылорда қаласының атауы бірнеше рет өзгерген болатын. Ол 1818 жылы Ақмешіт болып аталған.  Содан 1853 жылы Ресей империясының билеп-төстеу заманында Перовск болып ауыстырылды.  Қайтадан  бұл қала 1922 жылы  Ақмешіт атанған. Кеңес өкіметі бекіп, қылышынан қызыл қан сорғалап тұрған қызылдар партиясының арқасында билік құрғанына шамамен жетінші жылға аяқ басқан кезеңінде, яғни 1925 жылдың 15 сәуірінде еліміздің жаңа астанасы болып танылған Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қырғыз  автономиялы социалистік кеңес республикасы (Қырғыз АССР) кеңестерінің V съезі ашылған болатын.

Бұл съездің негізгі күн тәртібінің бірі болып, «қырғыз» аталып келген халықтың тарихи дұрыс атын қайтарып, онда «Бұдан былайғы жерде «киргиз» деген атау «қазақ» деп аталсын» деген тарихи әділ қаулы қабылданды. Сонымен қоса, съезд Киргиз Республикасын «Қазақ Республикасы» деп атауға, ал астанасы Ақмешітті Қызылорда деп алмастыруға шешім қабылдады. Өкінішке қарай, осы қаланың атауы мен жаңа мән-мазмұны қызыл коммунистердің бас ғимаратында қызыл туы желбіреген қызылдардың ордасы болып шыға келді. Осы сөзді құрап тұрған «қызыл» және «орда» сөздері көне тарихы бай қасиетті туған жерімізге жат сөздер. «Қызыл» сөзі коммунист-қызылдар саясаты желеу етілгені анық болса, «орда» сөзі де қазақ топырағына жат сөз. Ол елімізде ХІІІ ғасырдан бастап моңғол шапқыншылығынан бастап тараған моңғол сөзі (Орда – искаженное монгольское слова «ordu», что значит «ставка», «походный дворец». Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильома де Рубрука. Алматы. Ғылым, 1993. 195-бет).                                                  

Қызылорда атауының бүгінге дейін сақталғанына таңырқауға әбден болады. Қазақстан егемендік алған кезеңнен бастап қоғамдық формация өзгеріп, Кеңес Одағы келмеске кеткеннен бері коммунистік құндылықтар қатаң сынға ұшырап,  Сталин бастаған большевиктер кезеңіндегі қатыгез солақай саясаттан қазақ халқы орасан зардап шеккені белгілі: 4 миллиондай қазақ аштықтан өлді, 2 миллионға жуығы ыстық ұясын қимаса да, елден қашуға мәжбүр болды және т.т. Ал моңғол шапқыншылығынан да қазақты құрайтын тайпалар қырылып, гүлденіп тұрған жүздеген қалалар мен  мыңдаған ауыл жермен-жексен болып, тып-типыл болып құрыды (История Казахстана, том 1, Алматы, 1996, с.444; Албани Б., Тарихи таным. Моңғол шапқыншылығы, Алматы, 1994, 209-214 беттер; С.Г.Кляшторный, Т.И.Султанов. Казахстан. Летопись трех тысячилетий; Вторжение татаро-монгольских орд. Алма-Ата, «Рауан», 1992, стр.171-182).                                            Осыған қарамастан, тәуелсіздігімізді орнатқалы, көк туымызды желбіреткелі 30 жылға жуық уақыт өтсе де, қала «қызылдар ордасы» атауынан арылмай келеді. Ресей империясының Қазақстандағы орнықтырып кеткен колониалдық белгілері іспеттес Петропавл және Павлодар қалалары мен басқа да атауларды өзгертуге қазақ халқының шарасы мен құнты мешелдеу болып отыр. Осындай намысымыз жығылып тұрған жағдайда игілікті де әділетті істі әуелі өзімізден бастаған жөн. Сондықтан Қызылорда қаласының қазіргі атауын оның ежелгі тарихи атауы – Ақмешіт немесе қазаққа ықылым заманнан қасиетті құндылық, Сырдария түсінігіне сай «Сыркент» атауына өзгерткен дұрыс. Осы ұсынысты Қызылорда облысының намысы оттай лаулаған қалың жұрты қолдайды деген ойдамын. Егер Қызылорда облысының тұрғындары енжарлыққа салынып  бас көтермесе, Қазақстан Республикасының президенті өз құзыретін пайдаланып, бұл мәселені оңтайлы шешетініне үміттімін.

Тегтер: