Қазаққа керегі – қарызсыз қоғам
Өткен аптада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жылдың көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82 пайызға артқанын жария етті.
Агенттіктің мәлімдеуінше, 2020 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25 пайыз болған болса, 2021 жылы 39,07 пайыз, ал 2022 жылы 4-тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 39,52 пайызға жеткен. Болжам бойынша 2024 жылы бұл көрсеткіш 41 пайызға дейін көтерілмек.
Ал енді бұл пайыздық көрсеткіштер аз ба, көп пе? Мұны біз арнайы сарапшылардан сұрап білдік.
Экономист-сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, қоғамда қарызға батпаған, қаржылық сауаты жетілген тұлғалар саны артуы үшін адам үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруы қажет. Мысалы, ең алдымен, ақшаға деген қарым-қатынасты түзетуіміз керек. Сарапшының пайымдауынша, бізде әу бастан ақшаға көзқарас дұрыс емес. «Балаға тәрбие беру кезінде «ақша — қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып аламыз. Сондықтан бұл үрдіс саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Адам өзінің тапқан табысын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?!» дейді Марал Төртенова.
Жалпы, көптеген мамандар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды ерте жастан бастау керек деп есептейді. Себебі сауатты болу – жас талғамайтын, кезек күттірмейтін дүние. Бұған қатысты «Экономика және Құқық» институтының мамандары Оқу-ағарту министрлігіне арнайы ұсыныстарын да даярлап қойған көрінеді. Осы саланың маманы Жанар Күнтуғанқызының айтуынша, бастауыш сыныптарда «Қаржылық әліппе», «Қаржылық сауаттылық» секілді пәндерді оқытуға болады. Жоғары сыныптарда, яғни 7-8 сыныптан бастап «Кәсіпкерлік негіздері», «Қаржылық сауаттылық негіздері» пәндері тереңдетіліп оқытылуы тиіс.
Негізінде, халықтың қаржылық сауаттылығы ел экономикасына тікелей әсер етеді. Өйткені қаржылық жағынан сауатты адам алған несиесін міндетті түрде қайтарады және салық төлеуден қашпайды. Ал несие уақытында төленіп, салық қазынаға уақытысында құйылса, бұл – экономиканы да алға жетелейтін көрсеткіштердің бірі. Мәселен, біздегі банктердің несиелік пайызы неліктен жоғары, ал дамыған мемлекеттерде неге төмен» деген сұрақ көп қойылады. Мамандардың дәлелдеуінше, оның екі себебі бар. Біріншісі – біз дамушы ел болғандықтан, инфляцияның жоғары болуы. Ақша құнсызданып жатқан тұста банктер де несиені төмен пайызбен бере алмайды. Екіншісі – салық төлеу. Еуропа елдерінде «менің дауысым – менің салығым» деген ұғым бар. Олар әрбір сайлауда дауыс беруге және салық төлуге келгенде өте белсенді. Бізде, керісінше, салық төлеуден жалтаратындар да, несие төлеуден басын алып қашатындар да баршылық.
Тақырыпқа орай қаржылық сауаттылыққа қатысты сауалдарымызды қаржыгер Арман Мусинге қойып көрдік:
«Өкімет өлтірмейді» деген түсінік қазір көнерген…
–Арман мырза, қаржылық сауаттылықтың арнайы қағидасын қабылдадық, үкімет болашақта халықтың қаржылық сауатын, табысын арттыру тұрғысында белгілі бір шаралар қабылдамақ. Бұл елдің тұрмысын түзейтін тетік пе?
–Үкімет алдағы үш жылда елдің қаржылық сауатын арттыру, табысын өсіру тәрізді арнайы бағдарламалармен жұмыс істемек. Бұл дегеніңіз – билік халыққа қапшықпен қаражат таратып немесе жетектеп жүріп жұмысқа орналастырып, бизнес ашып береді деген сөз емес. Халық өзі сол бағдарламаларды ұғып, түсініп, бағдарламалар бойынша мемлекеттен берілетін гранттарға иелік ету жолдарын меңгеру керек. Мысалы, қазір мемлекет тарапынан бизнес жүргізуге қайтарымсыз гранттар беріліп жатыр. «Бизнес бастау» жобалары бар. Қарапайым халық осылардың бәрін түсініп, зерттеп, белгілі бір кәсіппен айналысуға талпыныс жасау керек. Қазір бұрынғы кеңестік дәуірдегідей «өкімет өлтірмейді» деген түсінік ескірген. Үкімет қазір түрлі жобаларды ұсынады. Сауаты бар, мүмкіндікті құр жібермейтін адам соны қарпып қалып, нәтиже шығара білу керек.
– Ол жобаларды біздегі қарапайым адамдар білмей жатады. Насихаты жетпейтін тәрізді…
– Ол үшін арнайы курстар бар, тренингтер ұйымдастырылып жатады. Негізінде, көзін табамын деген адам әр нәрсенің оңтайлы нәтижесін шығара алады. «Жалақы жетпейді» деп отыра бермей, алға қарай ұмтылған жөн. Қазақ өзі «әрекетке берекет» дегенді тек айтпаған. Кезінде әбден жәрдемақыға иек артып, сонымен ғана күн көргендер көп болды. Ауылдық жерлерде ондай отбасылар әлі бар. Оларды «масылдық психологияға машықтанғандар» деп сынағандар да болды. Бір жағы бұл сынның да орны бар. Балаға берілетін жәрдемақы оның анасы мен баласына қажеттілігін өтеу үшін беріледі. Ал отбасының иесі отағасы екі қолға бір күрек табуы керек. Жобалар жайлы біліп, оқып, зерттеп, кішігірім қадамнан бастап әрі қарай жетілсе қандай жақсы. Біздің халықтың қазір үштен бірі банктерге қарыз. Бұл елде әлі де болса халықтың қаржылық сауаты өспегенін көрсетеді. Қаржылық сауатты өсіру бостан-босқа қарызға кірмеуге, қорда ақша жинауға мүмкіндік береді. Сондықтан онлайн несие, шағын несие, кепілсіз несие дегендерге үйір болғаннан гөрі, қаржылық сауаттылықты арттыратын материалдарды оқып, қаражатты оңды-солды шашуды емес, жинақтауды игеру керек. Қазаққа керегі қазір – осы...