Қазаққа малын көгендеп бағу ғана қалды
![None](/static/img/image.jpg)
Қараусыз малға айыппұл салу қазынаны толықтырудың жаңа түрі ме?
Еліміздің ішкі істер министрлігі кешелі бері мал шаруашылығына қатысты «тың» жаңалықтың шетін шығарды. Министрлік өкілдерінің пайымынша, бұл шара елдегі мал басын сақтауға ықпал етпеді. Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев енді мал бағуға қатысты әр өңірдің өзіне тән ережесі болатынын, бұдан былай ауылдағы мал басын қараусыз қалдырған адамдарға заң бойынша айыппұл салынатынын мәлім етті.
«Жер астынан жік шықты...»
Ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ, ішкі істер министрлігінің өкілі Таев мырзаның айтуынша, ауылдағы ұрланған малдың 60 пайызы жайылымнан қолды болады екен. «Олар айлап, апталап қараусыз жүрген. Сол себепті біздің бастамамызбен жергілікті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы жануарларын бағу ережелерін әзірлеу және бекіту құзыреті заңмен берілді. Енді ереже бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 3-тен 10 АЕК-ке дейінгі көлемде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жергілікті жерлердің ерекшелігін және мал басын есепке ала отырып, әр өңірде мал бағудың өз ережесі әзірленеді. Ережеге сәйкес, бұдан былай малды қараусыз қалдыруға болмайды. Бұл шара ауыл шаруашылығы жануарларын сақтауға мүмкіндік береді», – деді криминалдық полиция департаментінің басшысы.
Думан Таевтың осылай айтуы мұң екен, сала мамандары бұл әрекетті «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегенге балады. Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген мал шаруашылығы ғылымының докторы Ерғазы Құсайыновтың пайымынша, бұл ауылдағы ағайынды тығырыққа тірейтін бастама.
– Малың қараусыз жайылымда жүр деп, оған айппұл салу жоқ жерден бәле іздегенмен бірдей. Министрлік неге ақылға қонымды әрекет жасамайды?! Халықтың ұрланған малы онсыз да табылып жатқан жоқ. Бұл ретте ішкі істер министрлігі криминалдық полициясы өкілдерінің атына сын айтатындар көп. Тіпті «ауылдағы полицияның ұрылармен ым-жымы бір» дейтіндер де бар. Сонда «малым жоғалды» деген шағым айтып полицияға барса, тәртіп сақшылары «өзің қараусыз қалдырғансың» деп, мал иесіне айыппұл арқалатып, қалтасын қоса қаға ма? Бұл нағыз халықты қанау, тығырыққа тіреу, – дейді Ерғазы Құсайынов.
Маманның пайымдауынша, министрлік қараусыз жүрген малға шүйліккенше, елде маңып жүрген қаңғыбас иттерге қатысты мәселеге мән беруі керек. Себебі сол қаңғыбас иттердің кесірінен жалғыз баласы итке таланып, бүлдіршіндерінен айырылып қалған отбасылар да елде жетіп-артылады.
– Қазақ «Малым – жанымның садағасы» дейді. Қазір ауыл-аймақта, қала сыртындағы ауылдарда болсын қараусыз жүрген малдан гөрі қаңғыбас иттердің мәселесі ушығып тұр. Олар адамға шауып, бірнеше адам жарақат алды. Адам өлімі де орын алуда. Өзіміз тұратын Ұзынағаш ауылында жас балаларды көшеге жалғыз жіберуге қорқамыз. Өйткені ауылда иттер маңып жүр. Әкімдікке хабарлассақ, оларды атуға болмайды екен. Заң солай. Ішкі істер министрлігі осыған неге бас қатырмайды?! Білесіздер, қазір мал азығының бағасы өте қымбат. Біз бұған дейін де мал азығының бағасын реттеуге мемлекет араласуы керектігін бірнеше мәрте айттық. Мәселен, жеке қолда мал ұстайтын бес сиыр, отыз қойы бар адамға осы санаулы малын қыстан аман-есен алып шығуы үшін 450 мың теңгеге жемшөп алуы керек. Жылқыларын тіпті еркін жібереді. Мұндайда «малыңды жайылымға қараусыз жібердің» деп айыппұл салу негізсіз. Меніңше, ішкі істер министрлігі жайылымда еркін жүрген малмен емес, оны ұрлайтын ұры-қарымен күресуі керек, – дейді Ерғазы Құсайынов.
Бүйткенше латифундистерді тезге салмай ма?!
Жалпы, сала мамандарының айтуынша, қазіргі мал шаруашылығында тұралап тұрған басты мәселе бұл емес. Біз үшін қазір бас қатырып ойланатын жайт игерілмей, бос жатқан жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мәселесі болу керек. Бұған қатысты деректерге жүгінер болсақ, еліміздің жайылымдық жерді қосқанда, 272,5 млн гектар жердің 179,9 миллионы игерілмей, шөлейттеніп бара жатқан көрінеді. Деректер бүгінде ауылдық аумақтарда 280 мыңдай отбасының жерсіз қалып отырғанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, иелік еткен жерінің аумағы 25 мыңнан 50 мың гектарға дейін баратын жеке және заңды тұлғалар саны 232-ні құрайды екен. 32 субъектінің меншіктеген жері 50 мыңнан 70 мың гектарға дейін созылып жатқан көрінеді. Ал 37 қожайын Қазақстанда жалпы ауданы 70 мың гектар және одан да көп болатын ұлан-байтақ жерге иелік етеді екен. Айта кету керек, «қолынан келгендер қонышынан басып», ауқымды жерлерді осылай иемденіп алып, жайылымына бөтен мал кірсе жауын көргендей тықсыратыны тағы бар. Бұған қатыстышаруа қожалығының иесі, фермер Жанғали Күнтуғанов былай деп мұңын шағады:
– Біз мал өсіретін Алматы облысы Іргелі ауылының шетінде бос жатқан ауқымды жер бар. Қаншама дәнді дақыл егіп, халықты асырауға болатын жерлер қараусыз жатыр. Жұмыс істегіміз келеді. Бірақ бос жатқан телімдер кімдікі екенін білмейміз. Күзетшілері малың жеріне түссе тықсырып қуады. Малды көгендеп бағамыз. Жайылымдық жер жоқ болған соң, мал азығын даярлау да өте қиын. Қолымызда бар мал жаятын жеріміз әбден тозды. Қасымыздағы ауқымды жердің иесін іздеп табу тіпті мүмкін емес. Іздей бастасаң, иесі басқа қалада болып шығады.
Бір адамда 2 млн гектар жайылымдық жер болуы заңды ма?!
Негізінен, мамандар мұндай игерілмей жатқан жерді химиялық, механикалық өңдеуден өткізу үшін миллиондаған шығын кететінін әрі жұмысты жер тыңайтылғаннан соң, үш жылдан кейін ғана бастауға болатынын қоса айтып отыр.Сала мамандарының пайымынша, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі өз алдына, біз болашақта жердің тозуынан орасан зиян шеккелі отырмыз. Мәселен, егістік топырағының эрозияға ұшырауы салдарынан соңғы бес жылда мемлекетке келген шығын 779 миллион долларды шамаласа, екінші қайтара сорланудың (тұздану) зардабынан 2,5 миллиард доллар шығынға ұшыраппыз. Бұл реттеэкономист-ғалым Жаңабай Алдабергеновтің айтуынша, болашақта елде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігінен бөлек, жердің шамадан тыс тозу мәселесі қатты бой көтереді. Сондықтан осы арада «Жайылымдық жер туралы» заңды қайта қарау қажет.
– Елдегі ірі көлемді жерді алып, оны қараусыз қалдырған латифундистердің жауапкершілігін арттырған жөн. Меніңше, ішкі істер министрлігі ірі жер алып, оны игермей отырған латифундистерге қатысты шара қолдануы керек. Олар жерді қалай алды, неге соншалықты көлемді жерлер берілген деген сауалдарға жауап беретін кез келді, – дейді экономист-ғалым.
Негізінде, жайылымдық жерге қатысты бірқатар елдер заңын дұрыстап, сауатты жүйесін енгізіп те алыпты. Мысалы, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Өзбекстан тәрізді елдерде латифундистер пайдаланған жерін үнемі тыңайтып, жайнатып отырады. Былайша айтқанда, біраз елдер «жер қатынасын реттеу және оны пайдалану тәсілі арқылы мемлекет те, шаруа да пайдаға батуы керек» деген тәсілді ұстанған. Бұған қатысты пікір білдірген мамандар: «700 мың гектар жері бар холдинг басшылары бар екенін білеміз. Бір адамның иелігінде 1,5 млн гектар жайылымдық жер бар. Ірі жер иеленушілерге қатысты қатаң заң керек. Біздің қателігіміз – жердің басым бөлігін жекенің қолына өткізіп, бақылауды төмендетіп алдық», – дегенді алға тартты.
Мамандардың айтуынша, Маңғыстауда бір адамның қолында аумағы 2 миллион гектар бос тұрған жайылымдық жер бар екен. Бұл дегеніңіз – үш Латвияға пара-пар жер көлемі. Сонда біздегі қарақан басының қамын ойлаған латифундистер осыншама жерді иемденіп, шырт түкіріп отырады да, қарапайым қазақ екі бас малын жаятын жер таппай, санаулы қойын көгендеп бағып, жылқысын тұсап жайып жүре бере ме?! Оған енді «малың қараусыз жүр» деп айыппұл арқалатсақ, болашақта ауылда ағайын мал бағудан безініп, қолына мал да ұстамайды, ал бұл «Малым – жанымның садағасы» деп, күнелтетін қазақ үшін ауыр жаза емес пе?! Бір мәрте де ауылға барып көрмеген, әдемі кабинетте отырып түрлі ережелер мен заңдар шығаратын үкімет мүшелері осыны қашан ұғар екен?!