Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:38, 01 Қараша 2022

Қазаққа қазақ «денацификация» жасамасын!

None
None

Япыр-ай, Ресейде қазақстандық 70 мыңнан астам студент білім алады екен. «Ресейдегі шетелдік студенттердің саны жағынан, Қазақстан бірінші орында», деп мақтанған екен Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев.

Бұл өзі мақтанарлық дүние ме еді? Ресейде оқыса, қазақ балалары ол елде орысша білім алады деген сөз. Ресейдің идеологиясын бойына сіңіреді де, ертең біздің елімізге қалай, не деп қызмет етпек?

Жалпы, алатын білім, үйренетін бір озық технология қалды ма өзі, Ресейде? Бүкіл әлем теріс айналған изгой елге біз ғана бетімізді бұрып тұрмыз әлі.

Ресейден оқып келген балалар ертең коррупцияны мықтап меңгеріп келсе ше? Коммунистерден қалған ол бәледен өзіміз әлі арыла алмай жүргенде. «Орыс әлемін» өзімен бірге елге көтеріп келсе ше?.. Өзіміз қазақ бола алмай, орыстың ықпалынан, бодандығынан әлі құтыла алмай жүргенімізде. Бұл не жорық?

Әлде, қазақстандық жоғары білім соншалықты сапасыз, төмен бе еді?

«Денацификация жасаймыз, орысқа бағынышты қыламыз, батыстың озық үлгісіне еріп, демократиялануына жол бермейміз», деп Украинаға қарсы қанды соғыс ашқан Ресей ғой?! Өзінің жаппай ұрлығы, шексіз жемқорлығының салдарынан, ақылмен емес, әділ сайланбайтын ақымақ басшыларының айтағымен жүретін әскері өзі бастаған соғыста әлемге масқара болып жеңіліп жатқан Ресей ғой?!

Путиннің алыс-жақын достары ғана билеп-төстейтін, байлықтың бәрін олигархтары өзара бөліп алған, қара халқы тақыр кедей мемлекеттен қазақ баласы не оқып, не үйренбек? Сол үйренгенін Қазақстанға келіп, орнатып жүрмей ме ертең? Ресейден оқып келетін 70 мыңнан астам студент ертең Қазақстанда мемлекеттік қызметтерге жайғасса, қазақ тілінің, қазақтың болашағы не болады? Ертең қазаққа «денацификация» жасап жүрмей ме?

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», демеуші ме еді, қазақ?!

Ресейде ғылым бар ма?

Рас, КСРО тұсында қазақтың талай ұл-қызы Ресей университеттерін бітірді, ресейлік техникалық ЖОО-ларда кандидаттық атақтарын қорғап шықты. Дәл қазір олардың аты-жөндерін атап, жазбай-ақ қоялық. Бірақ солар соншалықты жоғары, құнды білімдерді игерген болса, елге оралған соң неге Қазақстанды дамытпады?

– Рас қой, олар тәуелсіздіктің отыз жылында туған елінде не инженерия саласында, не бір жоғары технологиялар жағынан ілгерілететін бірдеңе неге жасамады? Қайда, Ресейден алған мықты білімдері неге жарамай қалды іс жүзінде? Олардың дардай білімдері шынымен болды екен делік, ендеше, неге біздің елде қолдануға жарамады? Ендеше, бүгінгі Ресей Федерациясының Қазақстанда ашылған, ашылатын ЖОО-лары түлектерінің білімі Қазақстанда қолданысқа сәтті енеді дегеннің кепілдігі бар ма? Ресейдің мықты деген техникалық ЖОО-ларының ең дарынды орыс студенттері көбіне АҚШ, Еуропа мен Жапонияның ғылыми орталықтары мен технологиялық озық орындарына кетуге тырысады екен. Өйткені аса сапалы кадрларды қызықтыратын ең бәсекелі деген талаптар соларда. Қазақстанның білім министрлігі білсін, қазір дүние қатты өзгерді, ағылшын тілін меңгерген аса жоғары білімді һәм терең білікті сарапшылар үшін ешқандай географиялық шекаралар жоқ бұл әлемде. Орыс тілі тым құнсыз, шындығында, мынау дүниеде, одан бөлек, екі-үш әлемдік тілді білетін жастар бұл заманда дүниежүзінің кез келген дамыған елінде жұмыс істей алады. Сондықтан тек Ресейдің білімін алған балалар ертең Қазақстаннан тыс әлемдерді бағындырады, қала берді қазақтың тың технологиялық өндірісін дамытады деу бекер!

Тағы бір сұрақ, ресейлік ЖОО-ларды бітірген түлектер басқаратын қазақстандық зауыттардың өнімділігі неге тым төмен? Неге технологиялары әлі ескі және кадрлары бәсекеге тым қабілетсіз? Соңғы 10-20 жылда елде жасалған модернизация аталуы дүниенің бәрі неге тек еуропалық, америкалық инвестициялар мен технологиялар есебінен жасалып келгені қалай, – деген сауал тастаған екен Эльнура Абақан есімді журналист қарындасымыз.

Тегтер: