Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:18, 11 Мамыр 2021

Қазаққа «саяси жаңғыру» бағдарламасы қажет

None
None

     «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Бұл қазірге дейін жүйелі түрде талқыланып келе жатқан мемлекет және жергілікті атқарушы билік жүзеге асырып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәтінінен қысқаша үзінді.

       Жалпы, біз, әсіресе қазақтілді БАҚ, ұлттық идеология және ұлттық идея туралы жиі айтамыз. Бұл заңды да. Өйткені қазақ – елдегі мемлекетқұрушы байырғы ұлт. Ұлттық идеология, идея жоқ жерде ұтыла береміз. Бұл бұлтартпас ақиқат. Ал Қазақстанда ұлтты ұйыстыратын ұлттық идеология бар ма? Көптеген мемлекеттік сарапшылар ұлттық идея ретінде осыдан төрт жыл бұрын қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тілге тиек етеді. Рас, біз бағдарламаның ұлттық мұраларымызды сақтап, ғалымдарымыздың оны іздеп, жандандырудағы және халыққа жария етудегі еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің ұлттық сананың кемелденуін білдіре алды ма? Ұлттық санамыз биліктен талап етіп, оны орындату және жүзеге асыруға мүмкіндік бере алатын күрескерлік дәрежесіне жетті ме? Меніңше, жоқ. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тарихты түгендеу, жәдігерлерді сақтау, ұлт қайраткерлерін ардақтау тұрғысында жүзеге асырып келеміз.

       Бірақ Алаш қайраткерлерін ұлықтауға келгенде, әлі де кежегеміз кейін тарта береді. Өйткені кешегі жүйеден қалған, өзін ғана зор тұтатын биліктің қожайындары әлі де болса өзінен басқа «ұлы қайраткер» шыққанын қаламайды. Негізі, ұлттық идея Алаш қайраткерлерінің арман, мақсатында жатыр. Бұл туралы әңгіме бөлек. Қазақтың саяси мүддесі мен арман, мақсаты бүгінгі билік жүйесі өзінің әмірін жүргізіп тұрғанда жедел орындала қояды деп айту қиын. Көптеген сарапшылар «Кітапхана» мен Ақорданың айналасындағылар және биліктің сойылын соғатын атқамінерлер біздің басты идеологиямыз «Рухани жаңғыру» мен осыдан бес-алты жыл бұрын қабылданған «Мәңгілік ел» идеясы дегенді жиі айтады. Бірақ «Рухани  жаңғыруға» қарағанда, «Мәңгілік ел» идеясының мұраттары толыққанды орындала қойған жоқ. Біздің билік көнбіс халықты осындай бағдарламалармен алдап келеді және және бұл әрекет алдағы уақытта да жалғаса береді.

        Аталған бағдарламаны біз жоққа шығара алмаймыз. Бірақ халықтың саяси талабы әлі орындала қойған жоқ. Ол не? Соттардың тәуелсіз болуы, жемқорлықтың жойылуы, мемлекеттік тілдің мәртебе алуы, халықтық биліктің орнауы тәрізді тағы басқа мәселелер. Ол үшін бізге «Мәңгілік ел» мен «Рухани жаңғырудан» басқа тағы бір бағдарлама қабылдануы қажет. Ол –  «саяси жаңғыру» бағдарламасы. Бірақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі айтылған пікірлермен жұртшылықты алдап, халықтың назарын басқа жаққа аударып келе жатқан билік мұндай бағдарламаны бірден қабылдауға мүдделі ме? Қорқады. Халықтың санасы тым саясиланып кетеді деп үрейленеді. Сондықтан 2021 жылы ауыл әкімдерін сайлау, 2024 жылға дейін аудан әкімдерін сайлау сияқты күрделі бетбұрыстарға бастамайтын жеңіл саяси процесті жүзеге асыра беруге ниетті. Мұны ел білмей отырған жоқ, біледі. Талап етіп жатыр. Бірақ өздерінің болашағы үшін жоғары билік халық  санасының саясилануын қаламайды. Ақиқаты, әлі сана толық тәуелсіздікке ие болған жоқ. Оған кешегі 9 мамыр күні жер-жердегі болып өткен жеңіс салтанатының көріністері куә.

        «Нұр Отанның» депутаты болған кезде «23 ақпан – Кеңес Одағы армиясының күнімен баршаңызды құттықтаймын» деп, егемен елде отырып Айды аспанға шығарған Тәңірберген Бердіоңғаров кеше советтік идеологиядан әлі де санасы арыла қоймағанын тағы дәлелдеді. «Бауырлас» деген қозғалыс елордада соғыс ардагерлеріне қатысты шара ұйымдастырды. Бәрі кеңестік сарбаз бен офицерлердің киімін киіп алған. Арасында пилоткамен жүрген балалар да бар. Өздерінің офицерлік киімін киіп, казактар да маңғазданып тұр. Шарада соғыс ардагерлеріне көмек көрсетілді. «Ұлттық идеологияның болмауына байланысты соғыс ұмытылып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты жойып алмау мақсатында» осындай шара өткізіп жатқанын масаттана айтқан экс-депутаттың бұл әрекетін әкімдік қолдаған болар. Алайда тәуелсіз Қазақ елінде өзге елдің әскери формасымен жүруге болмайтыны туралы талап тағы аяқсыз қалды.

       «Астана әкімдігі ұйымдастырған «Жеңіс жолымен» атты көшпелі концерттің 6,5 сағаттық тікелей көрсетілімін ерінбей қарап шықтым. Алты ән ҚАЗАҚША, 60 ән ОРЫСША айтылды. Тәуелсіз Қазақ елінің астанасы емес, Ресейдің бір губерниясында өтіп жатқан концерт секілді. Ал алты ән шын мәнінде екі-үш рет орындалған екі ән ғана. Бірі – Ескендір атамыздың «Атамекені», екіншісі – Сейдолла Бәйтерековтің «Әлиясы». Бұл не масқара?! Елорда әкімі Алтай Көлгінов, мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов, намыс қайда?!  Бұл қазақ халқына, қазақ тіліне жасалған нағыз дискриминация!» – деп жазды журналист Азамат Тасқараұлы.

      Шындығында, қазақта патриоттық, соғыс туралы ән құрып қалып па? Жоқ емес, бар. Біздің билікте отырған намыссыздардың әрекеті бұл. Өткенде  өзбектер «Жеңіс жолымен» атты концерт ұйымдастырды. Сонда жиындағы біреу Кеңес Одағының туын көтеріп еді, өзбектер намыстан өліп кете жаздады. Ал біздің елде кеше еліміздің бірқатар қалаларында «На Берлин!» деген жазуы бар автошерулер өтті. Мұның өзі этикалық тұрғыдан дұрыс емес. Бүгінгі немістің де намысына тие беруге болмайды. Бүгінгі неміс қоғамы мүлде басқа, санасы оянған озық елдердің бірі. Автошерудің басында Жуков отыр. Ал немістерді жеңуге біз әлі «Берлинге бара жатырмыз». Бұл көрініс қазақтың намысына тиді. «Бұл – идеологиялық әлсіздіктің көрінісі. Егер дәл осылай өзіміздің ағайындар шықса, полицейлер жүгіріп шығар еді. Ал бұлардың артында көрші елдің басшылары тұр, оларға бата алмайды», –  деп жазды Мұрат Әбенов.

      Мәселенің түп-төркіні және астары да осында жатыр. 9 мамыр жақындағанда  біздің салтанатты жағдайда өтетін шаралардың сценарийі Мәскеуге қарап құрылады. Ендеше айтып отырғанымыз да бекер емес. Халықтың санасын тәуелсіз ету  үшін таптаурын болған «алдымен – экономика...» емес, енді бізге «саяси жаңғыру» бағдарламасы қажет. Онсыз болмайды!

Тегтер: