Қазаққа жақсылығын төгіп жүретін асыл ағадан айрылып қалдық

Мен ең алдымен Дәулет Хамитұлының өмірден өткеніне жаным ауырып, туған-туыстарына, жора-жолдастарына, барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтамын.
Жаны жәннатта болсын.
Ол кісі қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға еді. Біз осы өмір жолымызда талай білімді тұлғалармен, зиялы қауым өкілдерімен араласып жүрміз ғой. Дәукең өте биік, жаны жайсаң, рухани терең, бекзада адам болды.
Ол — Қазақстан Президентінің алғашқы экономикалық бағдарламасының қос авторларының бірі. Қазақстандағы ұлттық валютаны енгізуге ат салысқан. Саналы ғұмырын отандық қаржы саласын дамытуға арнаған Дәулет Хамитұлы Қазақстанның зейнетақы жүйесін реформалауға, ұлттық валютамыз – теңгенің енгізілуіне елеулі үлес қосқан қайраткер.
Дәулет Сембаев Ұлттық банкті басқарған тұста өте сапалы қазақтың теңгесін, еліміздің ұлттық валютасын қолданысқа енгізді. Ол көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарып қана қойған жоқ, артынан өз ізбасарларын да ерте білді. Қазіргі банк саласында, экономика саласында жүрген қаржыгерлердің біразы ол кісіні үлгі тұтады, ұстаз ретінде қадірлеп ақыл-кеңестерін жүзеге асырып отырды.
Дәукең текті жерден шыққан, әке-шешесі де рухани бай, зиялы адамдар еді. Ол кісінің ішкі мәдениеті өте жоғары болды. Өзім куә болған жайттардың бірін айтсам, кезінде мен Ұлттық кітапхананы басқарған тұста Дәулет Хамитұлы қазақ мәдениетіне қатысты үлкен сауапты іс істеген еді. Сол тұстары Ұлттық кітапханадағы көнеден келе жатқан кітап байлығы тоза бастаған болатын. Осыдан хабардар болған Дәукең ұлттық кітапханаға әлгі кітаптарды сканерлеп сақтап отыру үшін үлкен сканер сыйға тартты. Шетелден арнайы сапалысын алдырды. Біз сол кезде қажетті құнды дүниелерді сканерлеп олар күні бүгінге дейін кітапхана мұрағатында сақталып тұр. Міне, қазақ мәдениетіне, ғылымына жанашырлығының бір парасын осы істерінен-ақ аңғаруға болады.
Бұдан соң Дәукеңнің менің өмірімдегі тағы бір істеген игі ісі — ұлым Мағжан үйленген кезде ол кісі бас құда болып барды. Сол кезде өмірбойы қалалы жерде тұрған Дәукеңнің қазақтың әрбір жөн-жоралғысын жетік білетініне таң қалғанмын. Әр жоралғыны бізге түсіндіріп ақыл-кеңесін айтып, келінімізді абыроймен алып келіп, Мағжаныма батасын берген болатын. Ол кісі айналасына үнемі қайтарымсыз жақсылық жасап жүретін, жақсылық жасауға жаралған жан еді.
Жалпы, Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атап, шарқ ұрып толық адам ілімін іздейді ғой. Абайша айтқанда Дәукең — толық адам. Рухани жетілген, кемеліне келген адам. Біз күлімсіреп жүріп барлығымызды шуағына бөлеп, қазаққа жақсылығын төгіп жүретін асыл ағадан айрылып қалдық. Қабырғамыз қайысып топырағы торқа болсын дейміз...
Мұрат Әуезов
мәдениеттанушы-ғалым,
мемлекет және қоғам қайраткері