Қазақша сөйлемейтін, газет оқымайтын Қарағанды
Қарағандыда ана тіліміздің еңсесі түсіп тұр. Мемлекеттік мекемелердегі жиындар орысша жүреді.
Қаладағы дүңгіршектерді орыс тілдегі басылымдар жаулап алған. Қазақша сауат ашатын адамдар жылдан-жылға азайып барады. Атауы зор мекемелердегі қабылдау бөлімдерінен бұрынғыдай қазақ тілді басылымдардың тігіндісін таппайсыз. Оның жөнін жүрген жерімізде жиі сұраймыз. Сондағы айтатын сылтаулары: «Мерзімдік басылымға қаражат там- тұмдап бөлінеді» деп, ауызды құр шөппен сүртеді. Тоқетерін айтқанда, қандастарымыз рухани құлдырауға тап болғандай. Ана тілді газеттерді іздеп жүрген жандарды көргенде үміт оты қайта жанғандай әсерге бөленесің. Бірақ...
— Жарты миллион тұрғын қоныстанған облыс орталығынан қалаған қазақ басылымдарын бөлшек саудадан табу қиын. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған дүңгіршектердің көбі жабылып қалған. Әбдіров даңғылы бойындағы және Оңтүстік-шығыс ықшамауданындағы «Турист» дүкені маңындағы дүңгіршекке соқтым. Екеуінен де «Жас Алаш» газетін таппадым. «Қазақ әдебиеті» газеті де көзден бұл-бұл ұшқан. Неге аз десем, «сұраныс жоқ» деген уәж айтады сатушылар. «Сонда газеттің орны әлеуметтік желіге ойысқан ба» деп бізге сұраулы кейіппен тіл қатты Шет ауданынан қонаққа келген Қуан Тілеубайұлы.
Қалалық әкімдіктегі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ағыбайұлы, жер бөлімінен алған дерек бойынша, кеншілер шаhарында 100-ге тарта дүңгіршіктер барын, оның 80 пайызы ресми тіркеуге алынбағанын айтады. Рухани hәм мәдени салаға жетекшілік ететін шенеунік халықтың басым көпшілігі қазір әлеуметтік желіге салынатын сайт көшірмесінен сауат ашуға дағдыланғанын жасырмай отыр.
Жазылушы неге зәре-зап болды?
Төл басылымды үйлеріне жаздырып алатын қасқалдақтың қанындай оқырманға газет-журналды жеткізу былтырға дейін мұң болды. Мәселен, өткен баспасөзге жазылу маусымында «Жас Алаштың» қарағандылық байырғы оқырмандары мен «Қазпошта» АҚ-ның арасында кескілескен майдан болды. Патша көңіл оқырмандарымыз акционерлік қоғамның Астанадағы, Алматыдағы өкілдеріне шығып, жүйкелерін тоздырып, табанынан таусылып жүріп сүйікті басылымдарына зорға жазылды. Кейбіреуі жаға жыртысып, бірнеше айлап кешіктірген үнқағазын кідіріссіз алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Кейін «Қазпошта» ағалар алдында айыбын мойындап, алдағы уақытта ағаттық қайталанбайтынын айтып, ант су ішіп құтылған.
Қазақтың рухы облыстық радио қашан ашылады?
Бүгінде Қарағандыда бақандай жеті радио бар. Бұлардың барлығы коммерциялық бағытта қызмет таратып отыр. Талғампаз тыңдармандардың көңіліне кірбің ұялатарлығы, әуе толқынын әуелетіп отырған әлгі радиоларда рухани құндылығы жоғары бағдарламалар мен облыстың тыныс-тіршілігін баяндайтын сүбелі хабарлар жоқтың қасы. Оған қоса, таралу жиілігінің аясы тар, қала аумағынан әрі аспайды.
«Қазақ радиосының» жиілігі арқылы Арқа төсіндегі тыңдарманға 74 жыл бойы тұшымды хабар таратқан облыстық радионың бүгінде жұрнағы да жоқ. Өктем саясаттың қыспағына іліккен облыстың үнжариясы 2008 жылы 75 жылдық тарихы қарсаңында біржолата жабылып тынды. 1989 жылғы «Шахтерлер ереуілі» туралы тікелей эфирдегі хабарлар, «Зерде», «Қазыналы Қарағанды», «Тіршілік» атты бағдарламалар жан сарайыңды ашып, құлақ құрышын қадырушы еді.
Сөздің қадірін, тілдің дәйегін түсінетін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайынов күні кеше:
– Бұл міндет заманауи формат, жаңа контентті қажет етеді. Бастысы –жол көрсетіп, жөн сілтейтін тәжірибелі мамандар бар. Одан кейін, қаржы тетігін қарастыратын боламыз, – деп көңілге сәуле сеуіп еді. Сөйткен саңлақтың орнына жаңа басшы келді. Енді оны тиянақтау міндеті қазіргі басшы Нұрлан Бикеновке ойысты. Дегенмен сағызша созылған бұл мәселенің төркіні немен тынары беймәлім болып тұр.