Қазақша сөйлеңіз, Байханов мырза!

Павлодар облысында әлі күнге дейін орыс тілінің үстемдік құрып, мемлекеттік тілдің «есіктен сығалап» тұрғаны ащы да болса шындық.
Осыдан 30 жыл бұрын егемен ел атансақ та, қазақ тілінің көсегесі бір көгермей-ақ қойды. Оны басқа емес, Павлодар қаласының әкімі Асайын Байхановтың өзі көрсетіп отыр.
Бұрын-соңды мемлекеттік қызмет саласында тәжірибесі болмаған Асайын Байханов өткен жылдың наурыз айында Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған тұста көпшілік «әкімдікте бір жыл да істемеген адам мемлекеттік саясатты қалай жүргізер екен» деп күмәнданып қалғаны рас. Мұндай күмән негізсіз емес. Ол еңбек жолын банк саласында бастап, Еуропа қайта құру және даму банкі, ProCredit Holding AG неміс халықаралық банк холдингі, «ПроКредит Украина» компаниясы, «Нұрбанк» АҚ-ында түрлі қызметті атқарды. Қысқасы, банк саласының айналасында жүрді. Қайбір жылдары кәсіпкерлікке ауысып, логистика, жүк тасымалы бизнесімен айналысты. Ал жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін «ҚазАгроӨнім» квазимемлекеттік компаниясы басқарма басшысының орынбасары болды.
Өңірге жетекшілік ететін Әбілқайыр Сқақовтың орынбасары ретінде ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, су ресурстары мен азық-түлік бағасына жауапты болды. Бұл салаларға айтарлықтай өзгерістер әкеле қойған жоқ. Ал биыл масамен күрес ісі де Байхановқа жүктелген тұста оның белсенділігі бірден байқалды. Әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан күн сайын тікелей эфирге шығып, дезинфекциялық шаралардың басы-қасында жүргенін көрсетті. Тіпті тұрғындарды әңгімеге тартып, олардың бағасын білмек болды. Сөйтті де, желі қолданушылары тарапынан танымалдылыққа ие болды. Баз біреулер «шенеунік деген осындай болу керек, атқарылған жұмыс туралы осылай есеп беріп, халыққа жақын болу керек» десті.
Облыс басшылығы орынбасардың жұрт алдындағы сүйкімділігін байқады ма, әлде іскерлік қабілеті мен әлеуеті жоғары деп шешті ме, әйтеуір, осы жылдың шілде айында Павлодар қаласының әкімі қызметіне лайық деп таныды. Шаһардың тізгінін ұстаған соң, желідегі белсенділігі одан әрі артты. Шағымдарды инстаграм арқылы қабылдап, инстаграм арқылы қол астындағыларға тапсырма беруге көшті. Өзінің айтуынша, әкім болып тағайындалғалы әлеуметтік желі арқылы 10 мыңнан астам өтінішті қабылдады. Оның 8579-ына жауап беріп, 1010-ын жұмысқа алыпты. Әкімнің мұндай әрекетін жұрт биліктің бұқараға жақындығы деп қабылдады. Бәлкім, солай да шығар. Алайда...
Асайын Байхановтың жұрттың бәріне бірдей жақын еместігі есептік кездесу кезінде анық байқалды. Әкім болып тағайындалғанына 100 күн толуына байланысты сол баяғы инстаграмдағы жеке парақшасында тікелей эфирге шығып, қала тұрғындары алдында атқарылған және атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Қоғамды толғандыратын жылу беру маусымы, инженерлік желілердің ескіруі, қоғамдық көліктерде дифференциалды тарифті енгізу сияқты мәселелерді кеңінен қозғады. Проблеманың барын бүкпесіз айтты. Бірақ ресми тілде сөйледі. Баяндамасының 95 пайызы орысша. Тым құрығанда баяндамасына қосымша ретінде жасалған ақпараттық инфобейнелер мемлекеттік тілде болсайшы. Ол да жоқ.
«Қайырлы күн, құрметті павлодарлықтар! Менің Павлодар қаласының әкімі лауазымына тағайындалғаныма 100 күннен сәл астам уақыт өтті. Осы кезеңде істелген жұмыстар, атқарылған қызмет және қаланың инфрақұрылымдық жағдайы, болашағы, соның бәрін қоса, алдарыңызда есептеме берейін дегем...
Құрметті тұрғындар, бұл сіздерге бүгін бергім келген қысқаша есептеме. Алда әлі атқаратын жұмыс жеткілікті. Келесі жылдың жоспарларымен 2022 жылға арналған қала бюджеті бекітілгеннен кейін тағы да кездесеміз. Қазір нақты айтайын дегенім, біз бірінші кезекте көпшіліктің мәселелерін шешуге тырысамыз. Бір-екі адамның сұрағы екінші кезекте тұруы мүмкін».
Қырық минутқа жалғасқан баяндамадан мемлекеттік тілде айтылған осы екі ауыз сөзді әрең таптық. Қалғанының барлығы ресми тілде. Сонда қала әкімі шаһардың бүгінгі өзекті мәселелерін шешу, алдағы уақытқа белгіленген жоба-жоспар тек орыстілді тұрғындарға керек деп есептей ме екен? Әлде Павлодар қаласында тек өзге ұлт өкілдері тұрады деп ойлай ма? Облыс орталығындағы 350 мың тұрғынның жартысынан астамы қазақ екені есінен шығып кетті ме екен?!
Шынтуайтына келгенде, Асайын Байханов талай ғалымдар, жазушылар, режиссерлер дүниеге келген Баянауылдың тумасы. Қазақ тілін тәуір біледі. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, ойын анық жеткізеді. Сөйте тұра, жұрт алдындағы есебін түгелдей дерлік орыс тілінде жасауы түсініксіз жайт.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қазақстанда орыстілділерге ксенофобиялық көзқарас бары туралы айтқан сөзі естеріңізде болар. Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған Қазақ еліндегі білдей бір облыс орталығының басшысы баяндамасының барлығын дерлік ресми тілде оқыған кезде қайдағы ксенофобия? Керісінше, өз елінде, өз жерінде жүрген қазақтар «екінші сұрыпты» адамдар болып қалған сыңайлы әсер қалдырады екен...