Қазақша сөйлеуден бас тартқан Динара Егеубаева мәжілістің көсегесін көгерте ме? (видео)
Бүгін Алматы қаласында баспасөз жиынын өткізген бір топ белсенді алдағы мәжіліс сайлауына өз-өзін ұсынатын адамдардың «Алтыншы қаңтар» тәуелсіз блогын құратынын мәлімдеді.
Атап айтар болсақ тәуелсіз бақылаушы Арайлым Назар, тәуелсіз заңгер Әлнұр Ильяшев, журналистер Динара Егеубаева мен Думан Мұхаммедкәрім партия құрмай ақ, 2023 жылы өтетін мәжіліс сайлауына тәуелсіз блог арқылы қатысатынын мәлімдеді.
Өз әрекеттерін түсіндіре келе Думан Мұхаммедкәрім
— Мұны сайлауға қатысуға ерте дайындық деуге болмайды. Біз керісінше 30 жылға кешіктік. Сайлау алдағы жылдың алғашқы жартысында өтетіні анық, сондықтан қазірден бастап дайындалуды жөн көрдік,- дейді.
Осы орайда атап өтер жайт, әлеуметтік желіде белсенді Динара Егеубаеваға көкейіміздегі сұрағымызды қойғанда, қазақша жауап беруден бас тартты. Тіпті қойған сұрағымызды түсінбей аудару үшін әріптестеріне жүгінді. Оған төмендегі видео дәлел.
Шыны керек, қазір қазақ қоғамында қазақ тілді аудиторияның белсенділігі байқалады. Қазақша білмейтіндердің мәжіліске барып алып қазақ тілділердің мәселесін көтеретініне де сену қиын. Олай болса Динара Егеубаеваны қазақ қоғамы қолдай қояр ма екен?!
Көрші елдер депутаттарынан ана тілін талап етіп жатқанда, бізде билікке орыс тілділердің ұмтыла беретіні көңілге кірбің ұялатады. Жалпы Қазақстан билігі парламент мәжілісі мен мәслихатттар сайлауы 2023 жылдың алғашқы жартысында өтетінін хабарлаған болатын. Жаңа заң бойынша, келесі мәжіліс депутаттары партиялық тізім бойынша да, бір мандатты округ бойынша да сайланады. Қазіргі мәжіліс тек қана партиялық тізім бойынша сайланған.