Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:56, 04 Мамыр 2021

Қазақстан – ұлттар лабораториясы емес

None
None

Босағамыз берік, бірлігіміз бекем бе? Әлсіз ұйымның әлеуеті қашан артады? Жалпы, бұл ұйым бізге керек пе?

Бұл – жыл сайын 1 Мамыр –  Қазақстан халқының бірлігі күні елде жүрген көкірек көзі ашық, әлеуметтік желіде отырған азаматтардың тұрақты қоятын сұрағы. Сан түрлі сауал қойылғанымен, бәрі де жауапсыз қалады. Өйткені біздің билік жауап бермеуге үйренген. «Еститін» үкімет естімейді.

       Рас, бұл жыл сайын қайталанып соғып отыратын, баршаны толғандырған және алаңдататын сауал. Нені айтып отырғанымыз түсінікті болар. Әңгіме қабырғасы 1995 жылы қаланған Қазақстан халқы ассамблеясы жайлы. Кеше, 1 мамыр күні айдарымыздан жел есті: мемлекеттік телеарналар мен БАҚ-тан елдегі бірліктің айқын үлгісін көрдік. Дұрыс, татулық пен ынтымақтастық керек-ақ. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ 1 мамыр күні  қазақ баласы мен біздің елде тұратын этнос өкілдерінің санасынан өшпей қалған бір сөз бар. Тіпті қолданыстан мүлдем шығаратын, бірақ билік жақсы көретін сөзді  бірліктің символы етіп, біраз қазақ баласы да айтып жіберді. Жоғары және атқарушы билік тіпті қазақша сөйлей алатын басқа этнос өкілдерінің аузына да осы сөзді салды. Сөйлегендердің барлығы да  «130 ұлт тұратын Қазақстанда» деп бастап, ел тарихында ассамблеяның айтулы жетістігін сөз етті.

        Бірақ біз бір нәрсені ұғынуға тиіспіз: Кеңес Одағынан қалған «Қазақстан  – ұлттар лабораториясы» деген сөзді қолданыстан шығаратын уақыт жетті. Әлеуметтік желіде айтылған түйінді пікірлерді билік ескеруі, сезінуі тиіс және қорытынды шығаруы қажет. Бұл сөзді қолданғанда да абай болуымыз керек. Тіпті осы мереке күніне орай, мектеп оқушылары бір-бірімен бәсеке, жарысқа түскендей тоқтаусыз осы сөзді қайталап жатты. Керегі бар ма? Біз, аға буын өкілдері, жас ұрпақтың санасын осылай улаймыз. Жас ұрпақ мемлекетқұрушы мәртебесі жоғары қазақ ұлты мен диаспораның және  этностың не екенін ажырыта алмай жатқанда, оларға татулық пен бірлік туралы жаттанды сөздерді жаттатып айтқызамыз. Біз осы әрекетіміз арқылы шын мәнінде жас буынның санасына «Қазақстан – ұлттар лабораториясы» екенін мәжбүрлеп таңып, жасанды саясат жүргізіп жатқан жоқпыз ба? Бұл қате. Анығында, Қазақстанда бір-ақ ұлт тұрады, ол – қазақ. Ал қалғаны этнос өкілдері. Біз шындықтың  аражігін ажыратып, мәселені осылай түсіндіруіміз қажет.

       Ал енді мәселенің ақиқатына келейік. Шын мәнінде Қазақстанда қанша этнос өкілдері бар? Кейбіреулер жиі айтатындай, елімізде 130 ұлт тұра ма? Мүмкін, 70, әлде 90 этнос өкілдері бар болар. Түсініксізі, «130 ұлт өкілдері» деген сөз қайдан шықты? Бұған ешкім нақты жауап бере алмайды. Тіпті айрықша статусы бар ассамблеяның сайтын шарлап, бұл «қанатты сөз терминінің» қайдан шыққанын да таба алмадық. Мұны 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері мен 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелері бар үлкен ассамблеяның мамандары түсіндіріп бермесе, біз біле алмай отырмыз.

       Ақиқатында, шынайы дерек қана қоғамды иландыра алады. 2009 жылғы санаққа назар аударар болсақ, Қазақстанда 129 этнос өкілдері тұратыны атап көрсетілген. Кейбір деректерге қарағанда, әлемде халық, тайпа ретінде өмір сүріп жатқан 3-4 мың этнос өкілдері бар екен. Олардың ішінде кейбіреулері ұлтқа айналып, дербес мемлекет ретінде тәуелсіздік алған. Біздің тұжырым, «төрткіл әлемдегі  сол 3-4 мың этностың 130 -дан астамы Қазақстанда өмір сүріп жатыр» дегенге сенім бар ма? Күмәнді. Неге? Тағы да сол 2009 жылғы халық санағына назар аударалық. Сол кездегі осыдан 11 жыл бұрынғы  санаққа сәйкес, еліміздегі юкагилер саны  – 8, орогтар – 8, даттықтар – 7, селъкуптар – 4, уличтер – 4, нагидалықтар – 4, саамдар – 3, ульттар – 2, наганасандар – 2, ал эскимостардың саны бар болғаны екеу ғана болған.

       Тағы да дерекке жүгінейік, өз тілін білмейтін, Отаны жоқ он шақты нивхилер, ителмендер және саны бар-жоғы 9 ғана болатын энецтер мен  кеттерді де этнос өкілдеріне жатқызғанымыз қаншалықты қисынға келеді? Отаны Қазақстан болғанымен, өз тілінде сөйлей алмаса да, оларды этнос деп атай береміз бе? Теориялық жағынан бұл дұрыс шығар, бірақ шынайы тұрғыдан алып қарағанда біздің билік этностың санын көбейткеннен не ұтады? Ресми Ташкент «еліндегі 7 мың тәжікті өзбек етіп жазып жіберген» деген дерек бар. Болатын ел саясатын осылай астарлы жасайды. Ал біздің билік бір-екі өкілі бар адамдарды этнос деп ресми түрде тіркеп, ассамблея мінберіне шығара бергеннен не ұтады? 2009 жылғы халық санағынан кейін олардың кейбіреуі елден көшіп те кеткен шығар.  Өсіп-өнбеген, өмірден өтіп кеткен де болар. Бәрі де ықтимал, мүмкін болжам. Сондықтан 1 мамыр күні кейбіреулерге «Қазақстандағы 130 ұлт» деген қажетсіз болып қалған, таптаурын болған тіркесті айтқыза беруді тоқтату керек. Бұл ойланатын мәселе. Әйтпесе, жыл сайын бірнеше рет жиылып алып, биыл ғана орнын екінші президентке босатып берген тұңғыш президентке мадақ айтудан өзге түк бітірмейтін Ассамблея өзі біліп бірдеңе тындырады деу қиын...

Тақырыпқа тұздық

                          «Жазыңдар, барлық жерге 130 ұлт деп...»

      Қазақстандағы ұлттардың санын шамамен аукциондағыдай анықтай салған-ау. Былай болған сияқты:

— Тәәәк, қанша ұлт, этнос бар деп жазамыз?

— 120 ұлт бар деп жазайық.

— 120 ұлт. Жақсы, 120 ұлт бір, 120 ұлт екі...

     Сол сәтте біреу қолын көтеріп, «130 ұлт» деп айқайлап қалды.

-  О-о, мына белгісіз демограф 130 ұлт дейді. 130 ұлт бір, 130 ұлт екі, 130 ұлт үш... Бекітілді әкең... Жазыңдар,барлық жерге 130 ұлт деп...

          Асхат Қасенғалидың фейсбук парақшасынан  

Тегтер: