Қазақстан әскері – «қасапхана»

не «асылып» қалады,
не «атылып» қалады
Әскерге бала беру қазақ үшін қасіретке айналып барады. Бір аптада төрт сарбаздан айырылдық. Бейбіт күнде қара жамылу кімге болса да ауыр!
Әскерге бала беру қауіпті, қорқынышты болды, деп бастадық қой әңгімені. Бұрын да, қазір де солай. Тарихта «Албан көтерілісі» деген атпен қалған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде «Әскерге бала бермейміз. Бала берсек бала өледі. Бала өлгенше шал өлсін», деген Саурық, Ұзақ, Жәменке батырлар патшаға қарсы қарулы көтеріліске шықты. Бұрынғысы түсінікті. Баланы күшпен алды. Жат ел, жат жұрттың қамы үшін соғысқа салды. Ал қазір ше?
Қазір баланы әскерге өз елін, өз жерін қорғасын деп жібереді. Бірақ қазір де қауіпті. Соңғы жағдай осыдан төрт-бес күн бұрын ғана болды. 19 тамызда Таразда әскери міндетін өтеп жүрген Атыраудың Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылының тумасы, 2004 жылы дүниеге келген Бекбол Мираш өз-өзіне қол жұмсады. 18 жасында Отан алдындағы міндетін өтеуге кетіп, табытпен қайтты. Сүйегін апарған әскерилер: «Бекбол қызымен ұрысып қалды, сол үшін асылып өлді», – депті, шімірікпей. Ұқсас сценарий.
Бұған дейін де қаншама ұлымыз бейбіт күнде опат болды. Отанын қорғауға кеткендердің біреуі өзін-өзі «атып» тастады, біреуі қызымен ренжісіп, «асылып» қалды. Бір қызығы, барлық оқиғада ешқандай сот немесе құзырлы органдар мойындамаған бір ұқсас жағдай бар. Баласы әскерге кетіп табытпен қайтқан қаралы шаңырақтардың қайсысымен сөйлессеңіз де, ұлдары үнемі ақша сұрап тұрады, шаршағанын, өлгісі келетінін айтады. Алғашқы уақыттарда достары мен сыныптастарынан, кейін ағасы мен інісінен, ата-анасынан ақша алады. Әлдебір белгісіз нөмірге аудартады. Содан кейін ше? Апта сайын, тіпті, күн сайын біреулерден ақша сұрай беру — азамат басына оңай дейсің бе? Ақыры, «асылып» қалады немесе қалыңдығымен ренжісіп, «атылып» қалады.
Міне, Қазақстан әскері осындай «қасапханаға» айналған. Міндетін өтеуге кеткен баланың бәрі аман-есен оралмайтын болды. Не мүгедек болады, не сүйегі табытпен қайтады. Алайда қорғаныс министрлігі осының біреуін мойындаған жоқ. Әскерде әлімжеттіктің барын, тәртіпсіздік пен жабайы «дедовщинаның» асқынып кеткенін ешқашан мойындарына алған емес. Барлық оқиғада «асылып» қалған азаматтың сүйегін жеткізуге барғандардың арасында бірде-бір лауазымды әскери тұлға болмайды. Жауапкершіліктен қашады немесе жаралы жандардан қаймығады. Ондай өлімнің бірде біреуі қылмыс ретінде қарастырылмайды, өлген сарбаздың өзін айыпты қылып шығарады.
Мысалы, осы аптада Жамбыл облысына көктемде әскерге шақырылып, төрт күннен кейін жұмбақ жағдайда көз жұмған Әлібек Қалбайдың соты басталды. Соттың алғашқы отырысының өзінде-ақ «өзі жоқтың көзі жоқ» деп, айыптың бәрін өлген сарбазға артып жатыр. Ал жәбірленуші тарап баласының өліміне күдікті тұлғалардың қатаң жазалануын талап етуде. «Талап етуде» деп сөз ретінде қарай жазамыз-ау, бірақ Қазақстанда халық талабы қашан орындалып еді?
Қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар әскерге реформа қажет екенін айтады. Реформа жасау әлдеқашан қолға алынатын шаруа еді. Жалпы, Қазақстан жүйесіндегі реформаның өзі қызық. Басшылары мен қосшыларын ауыстырады. Болды. Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды мәнінің өзгермейтінін бұлар қашан түсінер екен?!
Қаңтар қасіретінен кейін Қазақстан президенті Руслан Жақсылықовты қорғаныс министрі етіп тағайындады. Бұл да мәні өзгермейтін математикалық формуланың бірі. Жақсылықов қорғаныстың көсегесін көгертеді, әскерге тәртіп орнатады, парақорлардың көзін құртады, деп сенді жұрт. Сөйтсек, министріміз қазақша қақпайтын біреу болып шықсын. Қазақтың қорғанысын, армиясын қазақша қақпайтын, қазақша ойлай алмайтын, орысқұл адамның басқарғаны көңілге күдік, жүрекке күмән ұялатпай ма? «Ұнамаса, көшіп кет», деген адамнан қазаққа қарайлас қарекет күту де артық шаруа сияқты. Әскери білімді Ресейде алған, тілі орысша шыққан адам қазақтың жанын, жанды жерін түсінбейді. Қазақтың жанды жері – әскері, қорғанысы мен қауіпсіздік саласы. Кезінде шыққан тегін найманға теліген Мәсімов қанша жерден қазақша үйренгісі келсе де, ақыры, Қазақстанға қиянат жасап, атышулы сатқын болып шықты. Министр деген дардай лауазым иесінің «Ұнамаса, көшіп кет», дегенін біз де жуып-шайғымыз келген-ді, бірақ ақтайтын сөз болмай тұр.
Мейлі, қорғаныс болсын, мейлі армия, мейлі қауіпсіздік саласы болсын, бұларға шынайы тәуелсіздік керек! Ал біздің мемлекеттік маңызы бар осы үш саламыздың тәуелсіздігі күмәнді: тілі дүбәра, ділі бостау. Барлық методикасы Ресейдің көшірмесі. Одан қандай құпия, қандай қуат күтеміз? Биыл көктемде ғана астанада әлдебір орыс мектебін қазақ мектебіне ауыстырмақшы болған кезде, бірінші болып, офицерлердің әйелдері қарсы шыққан жоқ па?! Тіпті, «егер мектеп ауысса, Путинге арыз жазамыз», деп қорқытты. Міне, осының өзі біздің қорғаныс министрлігіндегі жоғары лауазым иелерінің кімді арқа тұтатынын, кімге сенетінін көрсетеді.
Әлеуметтік желіде елге белгілі азаматтар мен қоғам белсенділері «Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қызметінен кетсін!» деп талап етіп жатыр. Одан не өзгереді? Ол кетсе, орнына тағы бір дүбәра, Путинге сенетін, Ресейді арқаланатын біреу келеді. Әскери сала басынан бақайшығына дейін қазақшаланбай, Ресеймен уланбаған жастар басқармай, әскери бұйрық қазақша берілмей, әскери құпия қазақша жазылмай, реформа да, мемлекеттік, ұлттық құпия да болмайды.
Реформа дегеннен шығады, қайбір жылы Қордайдағы дүңгендер дүрбелеңінде Масаншы ауылындағы әскер жасындағы жігіттердің ешқайсысы әскерге бармайтыны туралы әңгіме тараған. Отан алдындағы міндетін өтегісі келмегендердің жергілікті әскери бөлімшеге ақша беріп, қалып қоятындары туралы айтылды.
Қазақ қазақты өлтіре бермей, қорғаныс министрлігіне жасалатын реформа осы жағына бұрылуы керек еді! «Қазақ қазақты аямайтын болды», деген сөзді біз емес, әлеуметтанушылар айтады. Кеңес одағы кезінде бір ротада екі қазақ болса, бірін-бірі туған бауырдай көретін. Қазір аңыздай айтылады, бірақ ақиқат. Тәуелсіз Қазақстан армиясы солдаттарды аяуды ұмытты. Соғыс болып жатқан Украина тұтқынға түскен орыс солдаттарын ұрмай-соқпай, жуындырып-киіндіріп елдеріне қайтарып жатыр. Ал біздің әскери жүйе қазақты қазаққа дұшпан қылып, біріне-бірін айдап салып, қойдай қыруда...
«Әскерге бала бермейміз. Бала берсек, бала өледі. Бала өлгенше, шал өлсін», дейтін шалдар жоқ қазір, әттең!