Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:43, 10 Қараша 2022

Қазақстан азаматтығы: Қазақ тіліне байланып тұр

None
None

Ресейде жүргізілген мобилизациядан кейін біздің елде де күдікті әңгімелер көбейген болатын.

Әсіресе, елінен қашып келген орыстарға қатысты алып-қашпа сөзге тоқтау болмай тұрған-ды. Біреулер келгендерінің бәріне ЖСН беріп, іле-шала жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын таратады екен деген де қаңқу таратқан еді. Сол әңгімелерге нүкте қойғысы келген болу керек, осы аптада үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығын бермеу туралы бастама көтерді.

Әлеуметтік желідегі жұрт сүйінші сұрап жатыр. Бір қарағанда, жағымды жаңалық. Жағымды болатын себебі, Қазақстан азаматтығы тәуелсіздік алған отыз жылдан бері көк қағазға сатылып келген-ді. «Қаңғып келген шүрегейдің» бәріне шүлен таратқандай, тараттық. Бұл енді өтірік әңгіме емес. Қазақстан азаматтығын қазақ тілін қақпайтын, қазақтың қызын алған шетелдіктің бәрі алды. Қытайы да, орысы мен кәрісі де, түрігі мен немісі де алды. Әлихан бауырымыздың сөзіне сенсек, бұдан былай сол күшік күйеулер мен келімсек келіндердің ешқайсысына Қазақстан азаматтығы берілмейді.  

Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде үкімет басшысы: «Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді», – деді.

Әлихан Смайыловтың сөзін тәпсірлеп көрсек, бұдан былай Қазақстан азаматтығын берудің өзіндік тәртібі болатын көрінеді. Қазақстан азаматтығын алғысы келген шетелдікке қазақ тілін білу де аздық ететін сияқты. Қазақстан тарихынан да хабары болу керек дегенді меңзепті премьер-министр. Қос азаматтығы бар қос мекенділердің де тағдыры таразыға тартылатын сияқты. Қос азаматтық туралы заң Қазақстан үшін ауадай қажет. Өйткені Қазақстаннан нан тауып, шетелде тұратын қос мекенді шенеуніктердің саны көп қазір. Бұл заң соларға бүйідей тисе, Қазақстанды «проходной двор» қылғандар есін жинар еді... 

Смайыловтың сөзіндегідей болса, заңда мін жоқ. Бірақ «Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген қағидаға сүйенсек, Қазақстан азаматтығын алатын пысықтарға тіл тәртібі бүгін-ертең жүре қоймайды-ау?!  

Неге бұлай күдік келтірдік? Егер Әлихан үкіметі қазақша сайрап тұрса, министрлердің бәрі қазақ тілінен сүрінбейтін саңлақ болса, заңның орындалуына шүбә болмас еді. Алайда, Гүлжан Қарақұсова айтпақшы, үкімет мүшелері «өкінішке орай» болып тұр. Екінші мәселе, азаматтық беретін мемлекеттік мекемелердің бәрі орыс тілінде қызмет көрсетеді. Көші-қон полициясының күзетшісінен басшысына дейін орысша шүлдірлеп отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығының, яғни ЦОН қызметінің ана тілі – орыс тілі. Шетелден келген адам алдымен, осы мекемелерге соғады. Ол жердегі шынайы көріністі өз көзімен көрген соң, Қазақстанның мемлекеттік тілі орыс тілі деп түсінбесіне кім кепіл? Біз, алдымен, өзімізді сыйлата білмесек, өзге елдің азаматы сенің тіліңе түкірмей ме?

Әлихан үкіметі қызыл сөзден қуырдақ қуырғанша, қазақ тілінде қызмет көрсетуді өздерінен бастап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерсе, қазақ тіліне деген сұраныс та, талап та өздігінен қалыптасар еді. Смайылов заңының тағы бір кемшін тұсы бар. Яғни шетелден оралған қазақтарға бұл заң талабы қойылмайды деген қосымша бап болуы керек. Неге? Себебі Еуропа, Түркия қазақтары мен Қытайдағы 2000 жылдардан кейін туған қазақ жастары ана тіліне шорқақ. Олар, тіпті кириллицаны танымайды.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса біздің күдігіміздің үстінен түсіпті. Ол: «Қазақстан азаматтығын аларда Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру шет елдегі қандастарымызға, яғни этникалық қазақтарға жүрмейді», – депті.

Сонымен бірге Қ.Иса: «Қазір геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиістігін заңмен бекітуіміз керек. Ресейде азаматтық алу үшін ғана емес, жәй жұмысқа тұру үшін, алдымен, мемлекеттік тілді білуің керек! Мысалы, Ресейдің мемлекеттік тілін білуі тиіс аула сыпырушысының азаматтық құқы мен құны біздің мемлекеттік тілді білуі тиіс емес, бірақ білмейтін министрлерден, әкімдерден, депутаттардан жоғары тұр», – деп ашынады.

Тегтер: