Қазақстан ба, «Қымбатстан» ба?!

Бір күннің ішінде доллар бағамының шарықтап шыға келуі елдің көңілін алаңдатып тастады.
Халықтың көкейінде сұрақ та көп, үрей де аз емес. Доллармен бірге барлық заттар бағасының екі есе өсуі жұртшылықтың ертеңіне деген қорқынышын да үдете түсті. Дәл осы кез бағаға жауапты мамандардың, министрліктердің халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, экономикалық блокқа жауаптылардың қоғаммен байланысты күшейтетін кезі. Алайда құзырлы орындар жұмған аузын ашар емес.
Тіпті қаңтардағы қырғынның да негізгі себебі қымбатшылық болғанын ұмыта бастағандаймыз. Баға бұрынғыдан да қатты шарықтап кетті. Бірақ соғыс жағдайында Зеленскийдің өзі сағат сайын ақпарат беріп жатқанда, айдың күннің аманында еліміздегі қаптаған құзырлы орындар үнсіз. Алайда үнсіздіктің халық арасында үрейді күшейтетінін ұмытпауымыз керек.
Әлеуметтік желіде бір-ақ күннің ішінде шарықтаған бағаны айтып, түңілгендер көбеюде. «Жексенбі күні тоңазытқыш бағасы 299 мың теңге болып тұрған, сейсенбі күні дәл сол тауар 499 мыңға дейін көтеріліпті. Бұл бағаға жауапты адам бар ма өзі», «Доллар өсті деп барлығы қымбаттап кетіпті. Аяқ киім жинайтын шкаф өткен аптада 47 мың теңге еді, бұл аптада 85 мыңға бірақ барыпты», деген фотоайғақпен жарияланған жазбалар халықтың бағаға деген наразылығы сәт сайын ұлғайып бара жатқанын аңғартады. Базардағы азық-түлік бағасы да жалынан ұстатпай тұр. Бара-бара айлығымыз шайлығымызға да жетпейтін түрі бар. Бірақ Үкімет үнсіз.
Осы орайда атап өтер жайт, рубльдің құны өзбек пен қырғыз ағайындарға әсер еткен жоқ. Тәлтіректеп тұрған теңге ғана. Алайда Үкімет тағы үнсіз. Бұл үнсіздік үрейді ұшырып тұр.