Қазақстан БАӘ компанияларымен бірге «жасыл» сутегін өндірмек
Жақында Қазақстанның тікелей инвестициялар қоры мен «Масдар» компаниясы өзара келісімге қол қойды, оған сәйкес тараптар жел электр станциясын салу жобасын бірлесіп әзірлейді.
Қазақстандағы «жасыл» сутегін өндірудің келешегін зерделеу үшін республика президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ компанияларына ұсыныс жасаған болатын.
«Жасыл сутекті игерудегі әмірлік компаниялардың әсерлі көрсеткіштерін ескере отырып, мен сіздерді Қазақстандағы осындай мүмкіндіктерді зерттеуге шақырар едім», – деп ұсыныс жасаған болатын Қ. Тоқаев Абу-Дабидегі инвестициялық дөңгелек үстел барысында.
Президенттің айтуынша, Қазақстан 11 гигаватт таза энергияны енгізуді және энергетика саласын толығымен өзгертуді жоспарлап отыр.
«Осыған байланысты біз «Масдардың» Қазақстанда ірі жел электр станциясын салу ниетін құптаймыз. Сақтау қуаты бар жаңартылатын энергия жобалары біздің басымдылығымыз болып табылады. Бұл бастамасы ғана деп үміттенеміз», – деді ол.
Қ.Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында Қазақстанның тікелей инвестиция қоры мен «Масдар» келісімге қол қойды, оған сәйкес тараптар жел электр стансасын салу жобасын бірлесіп әзірлейді. Оның бірінші кезеңі электр қуатын сақтау жүйесін пайдалану мүмкіндігімен 500 МВт қуаттылықты іске асыруға бағытталған. «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің хабарлауынша, жобаны Жамбыл және Түркістан облыстарында жүзеге асыру жоспарлануда. Жоспар бойынша, құрылыс 2025 жылы басталады деп күтіліп отыр.
Еске салайық, бұдан бұрын қуаттылығы 2 ГВт болатын теңіз жел энергетикасы мен сутегі жобаларын бірлесіп дамыту туралы келісім жасалғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ қуаты 1 ГВт күн фотоэлектр энергиясы және 1 ГВт жердегі жел энергиясы жобалары сияқты «Масдар» Абу-Дабиде Әзербайжанның SOCAR компаниясымен келісімшартқа отырды.