Қазақстан экономиканы сауықтыру үшін 1,5 млрд еуро қарыз алады
Қазақстан пандемия кезеңінде экономиканы қалпына келтіру үшін Азия Даму Банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен несие алмақшы.
Бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Азия қаржы институттары арасындағы 1,5 миллиард еуро несие алу туралы келісімді мақұлдады. Аталмыш несие COVID-19 пандемиясының салдарымен күресу және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларға жұмсалады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен 661 миллион 800 мың еуро көлемінде несиелік келісімге қол қойды деп мәлімдеді. Ақшаны 2021 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсау жоспарланған.
Бұл ретте Ерұлан Жамаубаев «Қазақстан мен Азияның инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы несиелік келісімді (COVID-19-пен күресудің белсенді шаралары және шығындарды қолдау бағдарламасы) ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылуда. Несиелік қорлар Қазақстан Республикасы Үкіметінің COVID пандемиясының салдарымен күресу және экономиканы қалпына келтіру шараларын қолдайды », — деді.
Айта кету керек, бұл несие бізге үш жылдық жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 10 жылға дейінгі мерзіммен беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі — EURIBOR + 0,50%. (EURIBOR — еуромен берілген банкаралық заемдар бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы)
Бұдан бөлек Қазақстан Азия даму банкімен 908 миллион 596 мың еуро көлемінде несие беру туралы келісімге қол қойды. Бұл ақша 2021 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға да жұмсалады. Несие үкіметтің COVID-19 пандемиясының салдарымен күресу және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға көмектеседі.
Өтеу мерзімі бойынша несие екі бөлікке бөлінді:
454 миллион 298 мың еуро мөлшеріндегі несиенің бір бөлігі үш жылдық жеңілдікті кезеңді қосқанда 10 жыл мерзімге беріледі;
454 миллион 298 мың еуро көлеміндегі несиенің қалған бөлігі үш жылдық жеңілдікті кезеңді қосқанда бес жылға беріледі.
Сыйақы мөлшерлемесі — Euribor + 0,50%.
Қаржы министрлігінің айтуынша, несиелік қаражат бюджет тапшылығы жағдайында маңызды.
Қысылғанда несие алу экономикаға оңай болмайды
Жалпы, осы мәселеге қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, қиындықта несие алу да экономикаға оңай болмайды. Маманның айтуынша, біздің атқарушы органдарға болашақта халықты тарықтырмайтын қажетті шешімдер қабылдауы керек болады. Ол үшін мынадай ұсыныстарға назар аударылғаны жөн:
А) Инфляция жеп қойған халықтың ақшасы қайтуы үшін орташа жалақы көлемін өсіру керек. Бұл әсіресе мемлекеттік қызметте жүрген әлеуметтік қызметкерлерге қатысты айтылып отырған ұсыныс.
Ә) Үкімет монополистерге шектеу қоя білуі керек. Тариф бағасын қолдан көтеруге, газ, жанар-жағармай бағасын орынсыз қымбаттатуға жол берілмеуі қажет.
Б) Отандық өнім өндіретін кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктерден бөлек тарифтік жеңілдіктер қарастырлса жөн болар еді. Себебі жылу-жарық, жол тасымалы қымбаттаған сайын олар да өнім бағасын өсіре қояды. Осы мәселенің алдын алу үшін отандық өнім өндірушілерге жеңілдікпен қолдау білдірген абзал.
В) Халық ең көп тұтынатын өнімдер арзан болуы үшін мемлекетік арзан дүкендер желісі ашылса жөн болады. Ол дүкендерге өнімдер зауыттан шыққан өз бағасымен жеткізіліп отырса анағұрлым арзан болады.
Аталмыш ұсыныстарды алға тартқан экономист-сарапшы «бірінші кезекте осы аталған ұсыныстар жүзеге асса халықтың мойнындағы ауыртпашылық сәл-сәл жеңілдер еді» дейді сарапшы маман.