Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:51, 15 Шілде 2022

Қазақстан экономикасына әділетті бәсеке керек еді...

None
None

«90-шы жылдары Қазақстанның әлемдегі бәсекеге ең қабілетті 50 елдің қатарына кіреміз деген мақсаты болды.

Содан көп ұзамай, бұл мақсатқа жетіп алыппыз десіп, бассалып «Қазақстан2050» деген жаңа стратегия қабылдадық. Ондағы мақсат – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу еді. Бірақ бұл бір жаңашылығы жоқ, бұлыңғыр мақсат боп шықты. Экономикамыз ешбір бәсекесіз дамусыз, тың идеялар мен жаңа әдістерсіз бұрынғы сүрлеуімен жүре берді. Осы және өзге де факторлардың кесірінен Қазақстан тартымдылығы мен бәсекеге деген қабілетінен айырыла бастады», дейді қазақстандық экономист және сарапшы Мағбат Спанов qmonitor.kz басылымына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, Қазақстанның басты қателігі – біз елге өте керек саяси өзгерістерден бас тартып, оның орнына түбі шикілеу экономикалық реформалармен айналысып кеттік. Бірімен-бірі үйлеспейтін реформалардың пайдасынан бұрын зияны тиіп, мемлекет бір орында тұралап қалды. Қазір де тура сол қателікті қайталап отырмыз, бұл жолы экономиканы ығыстырып тастап, саясатқа кірісіп жатырмыз. Бұл екі сала арбаның екі дөңгелегіндей қатар жүруі керек, бір дөңгелегі бұзылып қалса, бүкіл арба жүрмей қалады.

– Нарықтық экономика деген ең алдымен бәсекелестік. Бірақ қазіргі заманда экономиканың мұндай классикалық үлгісін кездестіру қиын. Әлемдік экономикалардың бәрі белгілі бір өзгерістерге ұшырап, ақыры мемлекеттің белсенді реттеушілік рөліне негізделетін Кейнс экономикасына қайта оралуда. Қазақстандағы классикалық нарықтық экономика 1990 жылдың соңына дейін құрылып болды. Республиканың бұрынғы басшылығы әу баста Польшаның, Оңтүстік Корея мен Қытайдың, Шығыс Еуропаның экономикалық моделін көшіруге тырысса да, нәтижесінде Қазақстанның өзіндік қателігі де, кей тұста жетістігі де табылатын эксклюзивті өз экономикасы пайда болды. Осы моделіміздің арқасында 1999 жылы жалпы ішкі өнімнің 85 пайызын жекеменшік, тек 15 пайызын ғана мемлекет беретін болды. Бұл жағдай біздің 2000-шы жылдардың басында жасаған мықты макроэкономикалық секірісімізге себеп болды. 2004-2005 жылдары Қазақстан экономикасы төрт есеге дерлік өсті. Мемлекет халықты әлеуметтік қолдау жүйесінен жекелеген топтарға тура бағытталған атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне көшті. Бұл біздің моделіміздің басты элементі болды. Соның нәтижесінде ел азаматтарының санасында өзгеріс жасалды. «Тұрмыстық жағдайыңды түзегің келсе, мемлекетке қол жаймай, тек өзіңе сеніп, өзің еңбектенуің керек» дегенді халық шындап түсінді.

Сосын жаһандық экономикалық дағдарыс басталып кетті. Ол уақытқа дейін мемлекет қомақты қаржылық қор жинақтап алған еді. Ұлттық қор іске қосылған. Қазір «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» сияқты холдингтерге қарайтын даму институттары сол кездері құрылды. Сонымен нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеу біртіндеп күшейе бастады. «Сендер саясатпен айналысудан бас тартыңдар, біз материалдық игіліктердің бір бөлігін халыққа берейік» деген билік қоғаммен астыртын келісім орнатты деген сол кездері кей сарапшылар. Кейінірек, осы қағида экономиканы басқарудың орталықтандырылуына әкелген басты себептердің бірі болды.

Мысалы, халықты баспанамен қамту сияқты игі мақсаттың берекесін әбден қашырып, елдегі ипотекалық несиелеуді тамырымен құртып тындық. Мемлекет өзінің ресурстарымен бұл салаға да араласып, ішіне кіріп кетті. Сонысымен әділетсіз бәсекелестікке жол берді. Қазір ипотекаға алынатын баспананың 100 пайызы дерлік «Отбасы банк» арқылы берілуде. Басқа банктерге табыс табатын түк қалдырмады. Содан келіп олардың кредиттерінің проценттері тым жоғары, олар да экономикалық даму, инфляция мен табыстылықты ескереді. Мемлекет баспананы тек шын мұқтаждарға берудің орнына бәріне бірдей беріп жатыр. Экономикалық тұрғыдан бұл деградация мен бәсекеге қабілетсіздікке әкеледі. Барлық салада солай. Мәселен, өткенде бір депутаттар еңбек демалысына ақшасыз кеткен мұғалімдерге 30 миллиард теңге бөліп беруді талап етті. Бұл бір жағынан жөн идея болғанымен, екінші жағынан оны жүзеге асыру үшін тағы да Ұлттық қорға қол салуға тура келеді. Популистік әдіспен күрделі проблеманы оңай жолмен шеше бергеннен экономика еш өспейді, керісінше, оның дамуы тежеледі. Қазақстандағыдай олигархиялық-монополистік формадағы капитализмді мемлекет тым икемсіз басқарады. Ірі бизнес аса зәру болып отырған тұрақтылықты бүгін тек мемлекет қана қамтамасыз етіп бере алады. Тұрақтылық мемлекетке де керек, бірақ оған өзіне бағынатындармен ғана жұмыс істеген ыңғайлы. Мысалы, жаңа идеялары бар жаңа компания пайда болса, мемлекет оның тыныш жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Сосын ол компания амалсыз өзіне лобби іздеп, мемлекетпен ауыз жаласуға мәжбүр болады. Әдемі теория болғанымен, бәсекелестік тұрғысынан мұндай тірлік шын нарықтық экономикаға пайдасын тигізбейді.

Қазақстанда билік пен меншік бір-бірінен бөлінуі керек. Шешім қабылдайтын адамдар мемлекет есебінен өз құрылымдарын құрып алатын олигархиялық экономика өздерінен басқаларға жол бермей, бәсекелестік деген нәрсені мүлдем жоқ қылды. Содан қазір ішкі жалпы өнімнің 60 пайыздан астамы квазимемлекеттік сектордан келеді, бұл енді тым артық. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингтері өздерінің жеке заңдары мен бюджеті бар мемлекет ішіндегі мемлекетке айналды. Елде іс жүзінде бір-біріне қарайламайтын үш бюджет істеп тұр: мемлекеттік бюджет, Ұлттық қордың бюджеті және «Самұрық-Қазынаның» бюджеті. Бұл дұрыс емес. Алып территориясы мен табиғи ресурстарының үлкен қоры бар Қазақстанға өз байлығын үнеммен, жөнімен пайдаланып, ол ретімен үлестірілетін модельді табу керек. Жалпы Қазақстанның экономикалық моделі төрт нәрсеге сүйенуі тиіс: біріншіден, әділетті заңдар. Екіншіден, жұмыс орындарын құру мен әсіресе қазақстандық шикізатты өндіру мен өңдеуге байланысты салаларда жұмыс орындарын көбейту қажет. Үшіншіден, халықты үй салуы үшін жер учаскелерімен қамтамасыз етіп, әркім баспана мәселесін өзі шешетін конституциялық құқығын беру керек. Төртіншіден, медицина саласын қаржыландыруды жұмыс берушілер мен халықтың өз мойнына артуға болмайды, бұл саланы толығымен мемлекет қаржыландырсын. Сосын әрине, осының бәрін ертең қорғап қала алуымыз үшін әскери саланы қатар дамытуды естен еш шығармау керек, – дейді ол.

Тегтер: