Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:44, 16 Ақпан 2023

Қазақстан ЕҚДБ-мен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті – Премьер-Министр

None
None

Үкімет «жасыл» экономика салаларындағы жобаларды жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін мәлімдеп отыр.

Қазақстандағы 2023 жылға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарларын Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жужанна Харгитай талқылады.

Тараптар жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу бөлігінде банк секторын, энергетика саласын дамыту, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды, оның ішінде кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Әлихан Смайылов Қазақстан ЕҚДБ-мен ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын және банктің құрылымдық реформаларға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті:

— Үкімет жасыл экономика, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және жеке бизнес салаларындағы жобаларды жүзеге асыру бойынша белсенді бірлескен жұмысқа дайын. Біз ынтымақтастығымызды ел деңгейінде де, өңірлік деңгейде де кеңейтуге ниеттіміз, — деді ол.

Премьер-Министр экономиканы дамыту аясында республикада көміртексіздендіруге ерекше көңіл бөлініп жатқанын, осыған байланысты ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілгенін қосты.

Өз кезегінде Жусанна Харгитай ЕҚДБ барлық қолданыстағы және жоспарланған жобаларда нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталғанын растады. Сонымен бірге ол банктің экономиканың басым секторларында жаңа «жасыл» бастамаларды дамытуды белсендіруге дайын екенін атап өтті.  

Жасыл экономика – бұл өндірісте және тұтынуда энергия мен суды пайдалануды барынша азайтатын, сол арқылы қоршаған ортаға және климатқа теріс әсерді айтарлықтай төмендететін экономика.

ЕҚДБ бағдарламасы жасыл технологияларға инвестицияны қаржыландыруды қамтамасыз ету арқылы осы көшуді қолдайды, яғни:

• Энергияны барынша азайтатын технологиялар

• Жаңартылатын көздерден энергия өндіретін технологиялар

• Су ресурстарын қорғау технологиялары

GEFF келісімі бойынша ЕҚДБ жергілікті қатысушы қаржы институттарына жеке қарыз алушыларды қаржыландыру үшін несие береді. Қаражат ЕҚДБ-ның «Жасыл экономикаға» көшу бағдарламасына, парниктік газдар шығарындыларын азайту және энергия тиімділігін арттыру бойынша кешенді стратегияға сәйкес климатқа теріс әсерді барынша азайтатын жобаларды инвестициялауға жұмсалады.

Қазақстанда GEFF-ке инженерлерді, қоршаған ортаны қорғау, қаржылық және маркетингтік сарапшыларды қамтитын арнайы кеңесшілер тобы қолдау көрсетеді, олар серіктес банктерге және олардың клиенттеріне «жасыл» жобаның өмірлік циклі бойына үздік технологияларды пайдалана отырып, тікелей қолдау мен кеңестер ұсынады. Серіктес банктер мен олардың клиенттеріне техникалық қолдау көрсету тегін.             

Тегтер: