Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 17 Ақпан 2022

«Қазақстан халқына» қорынан қайыр бар ма?

None
None

Өткен айда ғана құрылған «Қазақстан халқына» қорында 24 адам жұмыс істейтіні және олардың орта есеппен – 587 000 мың теңге айлық алатыны туралы ақпарат көпшілікті таңғалдырды.

Өйткені, ай сайын ондағы қызметкерлерге тек жалақы төлеу үшін 14 миллионнан артық ақша жұмсалатын болып тұр. Жиналған қаражаттың қайда кеткені жөнінде есеп алып отыратын қордың қамқоршылық кеңесі тегін жұмыс істеп жатқанымен, оның атқару кеңесінің мүшелеріне жарты миллионнан астам жалақы төленеді екен. Жалпы, қор құрылғаннан бастап, оның төңірегінде айтылып жатқан сауалдар толастаған емес. О баста, 14 адамнан тұратын қамқоршылық кеңес құрамына кірген азаматтарға да сенімсіздік білдіріп, күмәнмен қарағандар болды.

Бай-бағландардың ақша аударуы үшін құрылған қорға қазір 118 миллиард теңгеге жуық сомма жиналған. Оны арнайы сайтынан бақылап отыруға болады. Оған – Тимур Құлыбаевтардың отбасы «Halyk Bank» және «Халық» қайырымдылық қоры арқылы барлығы – 15 млрд теңге, ірі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов 1 млрд теңге, «Каспий банк» пен оның негізін қалаушылар Михаил Ломтадзе мен Вячеслав Ким 10 млрд, бизнесмен Болат Өтемұратов  10 млрд теңге және тағы басқа да олигархтар ақша аударды. Бұған қатысты дінтанушы Қайрат Жолдыбай: «30 жыл елді тонаған кейбір олигархтардың «Қазақстан халқына» қорына аударған қаржылары мардымсыз. Әйтпесе, 1 миллиард теңге олардың 2-3 күндік табысы ғой» деп қынжылған болатын.

Алайда, 10 млрд аударды деген «Каспий банктың» ақшасы қордың сайтында неліктен 7 000 000 000 деп көрсетіліп тұрғаны түсініксіз. Осыдан кейін халық арасында сауалдар туындайды. Енді оның үстіне қор қызметкерлерінің орташа жалақысы да көпті ойландырып қойды.

«Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев, Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында: – «Демеушілердің жалақымен қамтамасыз етуіне қарсымыз. Себебі жалақы тәуелсіз болуы керек. Оны қор өзі төлеуге тиіс. Мұндағы қызметкерлердің орташа айлығы 587 мың теңге болғанымен, қолына алатын нақты сома бұдан біршама аз. Өйткені, аталған жалақы мөлшерінен міндетті алымдар мен салық шегеріледі. Жалақы төленетін қаражат банк депозиттерінің сыйақылары есебінен қарастырылып жатыр. Біреу үшін жарты миллион теңге жалақы жоғары болып көрінуі мүмкін. Жалақы мөлшері орталық атқарушы органдардағы әкімшілік және мемлекеттік қызметкерлер қанша алатынына қарай белгіленді. Біз барлық министрліктерге қарсы көшеде отырамыз. Егер жалақы мөлшері тіпті мемлекеттік органдардағы әкімшілік және мемлекеттік қызметкерлердің жалақысына сәйкес келмесе, онда жұмысқа адам жинау қиын болады. Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметкерлеріне сыйақы төлейді, ал біздің бюджетте сыйақы қарастырылмаған. Ал біз тәжірибелі мамандарды алғымыз келеді» – депті.

Бұл тұрғыда, белгілі экономист Мақсат Халық жұртшылықтың «Қазақстан халқына» қорына түскен қаражаттың адал жұмсалатынына күмәндануына толық негіз бар екенін айтады.

‒ Неліктен? Себебі бұған дейін қандай болмасын қор құрылса, оның ақшасы қалай ұшты-күйлі жоқ болып кеткенін адамдар білмей қалып жатады. Соның ішінде екі жарым жыл бұрын ғана орын алған Арыс оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін құрылған «Арыс» қорын мысалға алайықшы, сонда да қаражат талан-таражға түсті ғой. Біреулер соған қол салды. Бізде қандай да бір жағдай орын ала қалса, мемлекет қор немесе агенттік құрамыз деп шығады. Бір мәселені шешу үшін үнемі бірдеңе құру керек боп жатады. Осы кезекте екінші мәселе туындайды. Егер де үкіметтің өз мүмкіндігі жетіп жатса, неге қаншама агенттіктер мен қорлар құра береді? Ол жерлерге сосын жаңа жұмысшылар алу керек, еңбекақыларын төлеу керек болады ғой. Ал агенттіктің пайдасы болмаса, штаттағы адамдардың санын көбейте бергеннен не пайда деген сұрақ туындайды. Демек, үкіметтің өзі маңызды дүниені жасауға соншалықты дәрменсіз болып отыр ма деген ой келеді. Міне, осындай мәселелер халықтың сенімсіздігін туғызып жатыр. Яғни, өте көп агенттіктер мен қаншама комитеттер, құрылып жатқан неше түрлі қорлардың бәрі бұған дейін өзінің тиімді нәтижесін бермегендіктен, халықта оларға деген сенімнен гөрі күмән басым. Ал өзімнің жеке көзқарасыма келетін болсам, президентте басқа таңдау болған жоқ. Олигархтардың жинаған ақшасын күшпен тартып алу таңдауы болған шығар, бірақ мұндай тәсіл халықаралық құқықта жекеменшікке қол салу, заңды бұзу боп саналады. Сондықтан бай азаматтардың ақшасын заңды түрде жинап алу үшін және оған олардың өз еріктерімен келуі үшін президент қазіргідей шешім қабылдады деп ойлаймын. Сонымен қоса, мемлекеттік бюджеттің мүмкіншіліктері шектеулі, өйткені бюджетте тапшылық бар. Онсызда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын жыл сайын 20-25 пайыздан өсіріп жатыр. Өйткені, сондай мақсат қойылған. Ал бюджет соны көтеруі керек. Сол үшін тапшылықтың орнын ұлттық қормен жауып жатыр, шетелдерден қарызға алып жатыр. Өткен жылы «Азия даму банкінен» қарыз алғанбыз, тағы да Халықаралық валюталық қор коронавируспен күрес үшін қосымша СДР (арнайы қарыз алу құқығы) ретінде 1,1 млрд доллар қарыз берді. Былайша айтқанда, бюджетте шығын көп. Енді бір бюджеттің аясында қаңтар оқиғасынан кейін болған бүкіл шығынның бәрін жабу – халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту мүмкін емес болды. Сондықтан президент осындай қор құру арқылы бай азаматтардың ақшасын заңды түрде аударуды көздеп отыр деп ойлаймын. Негізі президентімізді дипломат ретінде көреміз ғой, сондықтан ол кісі дипломаттық қарым-қарым қатынас ретінде осындай қадам жасап отырған сыңайлы. Соған сәйкес, бұл қордың өзіндік пайдасы болады деп есептеймін. Қазір оған миллиардтар аударылып жатыр. Дегенмен, ол қордың жұмысын алдағы уақытта да жіті қадағалау керек. Қазір азаматтардың әлеуметтік желіде барынша талқылап жатқандары да орынды деп білемін. Өйткені, қорға жиналып жатқан қаражат туралы мәлімет барынша ашық болуы тиіс. Қазір сайты құрылды, сол жерде кімнің қанша ақша аударғаны көрсетіліп жатыр. Ертең дәл солай шығындары да көрсетілетін болады, мысалы: қанша ақша көпбалалы аналарға берілді, қаншасы мүгедек азаматтарға, қаншасы қаңтар оқиғасынан зардап шеккен кәсіпкерлерге бөлінгені. Себебі азаматтар мұның бәрін көріп отыруы керек. Ал Қорда жұмыс істейтін 24 адамның орташа айлығы 587 000 мың теңге дегенге келсек, бұл көп па? Менің ойымша, көп. Себебі еліміздегі орташа жалақы қазір 256 мың теңге. Халықтың көп бөлігі төмен жалақы алады. Былай қарасаңыз, 587 000 мың теңге деген орташа жалақының өзі көп. Демек, олардың ішінде миллионнан асырып табыс табатындар болады деген сөз. Соған байланысты бұл жалақы мөлшерін қайта қарастырған дұрыс. Шамамен 300 мың теңгеге азайтуға болады. Енді екінші жағынан алып қарасақ, ол жерде жұмыс істейтін азаматтардың айлығы орташа жалақы мөлшерінен сәл көбірек болғаны да дұрыс. Өйткені, айлықтары аз болса, ақша жымқырудың әртүрлі схемаларын жасауы мүмкін деген ой туындайды, – дейді Мақсат Халық.  

Тегтер: