Қазақстан кіріп-шығып жүре беретін қора ма?
Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдай шын мәнінде қазір алаңдаушылығын тудырып отырғаны жасырын емес.
Ең алдымен мұның зардабын белгілі бір деңгейде Қазақстан тартып отыр десек, артық айтқандық емес. Өйткені Ресейдегі мобилизациядан қашып, елімізге келгендердің легі қазір де толас таппай отыр. Күн сайын шекарада ұсталып жатқан біреу...
Бір ғана мысал, осыдан бір апта бұрын қос азаматтық алған 138 адам Қазақстаннан шығарылды.
–Жыл сайын 20 мыңға жуық адам ел азаматтығын алуға жүгінеді. Ал өткен жылы – 22 мың адам, оның ішінде Президент Жарлығымен – 1375, жеңілдетілген тәртіппен 20 мыңнан астам адам азаматтыққа қол жеткізді. Оның 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша – 1287, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы конвенция бойынша 1777 адам бар, – деді Ішкі істер министрінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Әрине, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды, сондықтан бұл мәселе құзырлы орындардың ерекше бақылауында тұр. Ал елімізде заңсыз жүргендерге қандай шара қолданылады?
–Заңнамада еліміздің азаматтығынан айырылған адам Қазақстан азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қос азаматтығы бар деректі жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе Қазақстан шекарасынан шығару көзделген. Мәселен, өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соттың шешімімен 138 адам елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды, — деді ол.
Ресми өкіл Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, соңғы бес жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жауапқа тартылды, оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығының қазақстандық азаматтығы жойылған. Сонда қос азаматтықты өтініш жасаған кез келген адамға бере беретін болған ба? Мұны жасырын ұйымдастырып, заңсыз ақша тауып отырғандар кімдер? Ең алдымен осыларды ұстау керек қой.
Рас, осы уақытқа дейін кім көрінген біздің ел аумағына келіп, кетіп жүрді. Әрине, белгіленген уақытпен заңды жүрсе, дұрыс қой. Көбісі заңнаманы бұзады. Ең алаңдатарлығы, қазір келімсектердің тасқыны толас таппай отыр. Осыған байланысты биыл қос азаматтық фактілерінің алдын алу үшін екінші азаматтығын жасырғандарға жауапкершілік қатаңдатылады. Тиісті ережеге түзетулер енгізілейін деп жатыр.
Тағы бір мысал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, өткен аптада шекарада қос азаматтығы бар 54 адам Қазақстан аумағына кірмек болған. Олар негізінен Ресей, Түркия және Қытай елдерінің азаматтары болып шыққан.
Рас бұрынғы заңнама бойынша шетелдіктер Қазақстанға келіп, 90 күн тұрақтап, келесі бір елге өтіп, бірнеше күннен соң қайтадан біздің елімізде белгілі бір уақытқа дейін келе беретін. Биылғы қаңтар айынан бастап,
ІІМ-нің бұйрығымен тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді шетелдіктер жарамдылық мерзімі кемінде 180 күнтізбелік күнді құрайтын өзінің шетелдік паспортын ұсынуы қажет. Демек, уақытша тұруға рұқсат алу үшін тұрғын үй иесінің, оның атынан сенімхат бойынша әрекет ететін адамның баруы, не болмаса меншік иесінің нотариалды расталған келісімі қажет. Өзгерістерге сәйкес рұқсатты рәсімдеген кезде көрсетілетін мекенжайда оның тіркеу коды болуы тиіс. Бірақ мұны ресейлік қатаң сақтап отыр ма? Бәрі қашып, Қазақстанға келеді.
Рас, кеше Ресей президенті халқына жолдау ретінде сөйлеген сөзінде «мобилизациядан қашқандар – екінші сортты адамдар» деп мәлімдеді. Демек алдағы уақытта оларға еш аяушылық болмайды. Ұсталған жағдайда соғысқа жіберіледі.
Қазір ресейлік келімсектер шекаралас болған соң, қашып Қазақстанға ағылып келіп жатыр. Тағы бір дерек, қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысына 740 шетелдік келіп, тіркеуден өткен. Олардың – 612-сі Ресей азаматы болып шыққан. Ал бұлар неғып жүр? Олар «облысқа келуінің негізгі мақсатын жұмысқа орналасу» деп көрсеткен. Ал мұндай келімсектердің шоғыры елімізде өте көп қой. Осыған байланысты 20-28 ақпан аралығында республика аумағында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Кеше Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері «Мигрант» операциясының бірінші күні облыста заңсыз жүрген 42 азаматты ұстады. Олардың ішінде ережелерді бұзғаны үшін ТМД-ның 26 шетелдік азаматы елден шығарылды.
Алматыда да басталған «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 224 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 16 шетелдік Қазақстаннан шығарылды.
Деректер өте көп. Заңды әрі көші-қон ережелерін бұзатын негізінен келімсектер. Заңсыз келгендер. Қазақстанда тұрақтап, орналасу мерзімі біткеннен кейін ереже бойынша олар елден кетуі керек. Бірақ олар бұл талапқа мойынсынғысы келмейді. Заңды бұзады. Ал елге келу ережесін бұзғандарға аяушылық болмауы тиіс.
Ал шетелден Қазақстанға заңды түрде жұмыс істеуге келгендерге арналған үкіметтің рұқсат еткен арнайы квотасы бар. Нақты айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тарту үшін арнайы квота бөледі. Биылғы жылдың қаңтар айында министрлік бұрын жоспарлаған 28 352 адамды азайтып, 21 097 шетелдік маманға ғана елде жұмыс істеуге рұқсат берді. Дұрыс, мұның бәрі отандық ішкі нарықты қорғау үшін жасалынып отыр. Мұны құптаймыз. Ал заңсыз және басқа мақсатпен жүргендер болса, шекарадан аластатылып, елден мәжбүрлі түрде шығарылуы тиіс. Өйткені Қазақстан кім көрінген кіріп-шығып жүре беретін қора емес қой.