Қазақстан мен Иран тоғыз келісімге қол қойды, бұдан экономикаға пайда бар ма?
Қазақстан мен Иран президенттері кеңейтілген құрамда кездесті. Келіссөздердің нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды «Жас Алаш» президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде біраз шаруа жасалды.
«Екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасты. 60-тан астам келісім жасалды. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Біз енді Бірлескен сауда палатасын құруды жоспарлап отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл бірінші тоқсанда екіжақты тауар айналымы қарқынды дами түскенін ерекше атап өтті. Осы көрсеткішті арттыра түсу маңызды. Тоқаев "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолының үлкен әлеуеті бар екенін жеткізді. Сондай-ақ президент Каспийдегі теңіз айлақтарының транзиттік-экспорттық мүмкіндігін толық пайдалану керектігін атап өтті. Олар – Ақтау, Құрық, Амирабад пен Анзали айлақтары.
Бүгінде Иранның бірқатар компаниясы ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, сүт өнімдерін шығару және күріш өсіру бағыты бойынша Қазақстанда табысты жұмыс істеп келеді. Ал Қазақстан Иранға тасымалданатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің номенклатурасын кеңейтуге дайын.
Иран басшысы Ибрахим Раиси осы сапардан кейін екіжақты ынтымақтастықта жаңа бетбұрыс болатынына сенімді.
«Сіздің сапарыңыз сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-транзит, знергетика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Раиси.
Кездесу соңында Тоқаев Иран басшысын Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Осыдан кейін екі президенті бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал ресми делегациялардың мүшелері бірқатар құжатты рәсімдеді. Олар:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Саяси және халықаралық зерттеулер институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2022-2025 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасы;
3. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрлігі арасындағы талдамалық зерттеулер және тәжірибе алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы екіжақты сауданы арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен транзитіндегі Қазақстан-Иран ынтымақтастығы туралы меморандум;
7. «Хабар» агенттігі" акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Телерадио хабарларын тарату компаниясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
8. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасы Ұлттық мұнай компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы мен Иран Ислам Республикасының Темір жолдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.