Қазақстан қайырымдылық рейтингінде 14 сатыға көтерілді
Қайырымдылық – қоғамның кемелденуінің маңызды факторы. Әлеуметтік көмек пен халықтың әлсіз топтарына қайырымдылық көмек көрсету кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның даму деңгейі туралы көп нәрсе айтады.
Еске сала кетейік, тек ресми деректер бойынша Қазақстан Республикасындағы кедейшілік деңгейі 5,3% деңгейінде бағаланады – бұл табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі. Шындығында, жағдай бұдан да нашар болуы мүмкін. Бұл адамдардың барлығы, сондай-ақ көп балалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар отбасылар және басқалар мемлекет тарапынан да, әлеуметтік жауапты азаматтар мен кәсіпорындар тарапынан да арнайы қолдау шараларын қажет етеді.
Қазақстан Республикасында қайырымдылық саласында оң өзгерістер бар. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадировтың айтуынша, соңғы екі жылда қайырымдылық ұйымдарының саны 20 пайызға өсіп, 1 мыңнан асты. Ірі қайырымдылық қорларының қоғамдық жұмыстарының ауқымы өте үлкен. Соңғы жылдары қайырымдылықтың басым бағыттары жетім балаларға (54,31%) және ауыр дертке шалдыққан балаларға (48,8%) көмек көрсету болып табылады.
Қазақстанның халықаралық рейтингі де жақсарды. Атап айтқанда, 2022 жылға арналған The World Giving Index деректері бойынша Қазақстан қайырымдылық рейтингінде 14 сатыға көтерілді – 119 елдің арасында 54-орыннан 40-орынға. Көрсеткіш зерттелетін елдердегі қала тұрғындарына жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері бойынша есептеледі және адамдардың ақшалай қайырымдылықтарын, сондай-ақ қайырымдылық көмек көрсетуге тартылған халықтың үлесін ескереді.
Қайырымдылыққа ел тұрғындары да, ірі компаниялар да, соның ішінде квазимемлекеттік сектор да қатысады. Мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры 2021 жылдың соңында қайырымдылық көмек аясында 500 мыңнан астам бенефициарды қамтыған жалпы сомасы 7,1 млрд теңгеге 32 жоба жүзеге асырылды. Қайырымдылық көмек құрылымындағы негізгі үлесті әлеуметтік және медициналық секторда іске асырылған қайырымдылық жобалары құрады: жалпы көлемнің 39%.
Өткен жылдың 15 желтоқсанындағы жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қайырымдылық бағдарламасының 2022 жылға арналған бюджетінен жалпы сомасы 9,9 млрд теңгені құрайтын 42 жоба мақұлданды, оның ішінде:
• «Денсаулық» саласы бойынша – жалпы сомасы 3,9 млрд.теңгеге 9 жоба;
• «Халықтың осал топтарын қолдау» бағыты бойынша – жалпы сомасы 1,7 млрд.теңгеге 13 жоба;
• «Білім» саласы бойынша – жалпы сомасы 1,1 млрд.теңгеге 8 жоба;
• «Бұқаралық спортты дамыту» бағыты бойынша – жалпы сомасы 0,4 млрд.теңгеге 5 жоба;
• «Өңірлерді кешенді дамыту» бағыты бойынша – жалпы сомасы 2,8 млрд.теңгеге 6 жоба;
• «Мәдени-экологиялық және имидждік жобалар» саласы бойынша – 0,004 млрд.теңге сомасына 1 жоба.
Ал, еліміздің тағы бір ірі холдингі «Бәйтерек» ҰБХ 2021 жылы 120 миллион теңгенің 2 демеушілік жобасын жүзеге асырфп, келесі қайырымдылық бастамаларды жүзеге асырылды:
• Жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысу. Холдинг қызметкерлері әлеуметтік осал отбасы балаларына оқу құралдары салынған рюкзактарды жинады.
• Донор күні, оның барысында холдинг пен еншілес ұйымдардың 77 қызметкері қан тапсырды (толық емес жұмыс уақытында 30 литрден астам қан тапсырылды).
• «Baiterek — Open Hearts» қайырымдылық жәрмеңкесі, одан түскен қаражат Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында ұзақ уақыт емделіп жатқан балаларға арналған жаңа жылдық шыршаны ұйымдастыруға жұмсалады. Нәтижесінде сатудан 1,3 миллион теңгеден астам кіріс түсті.
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпова былай дейді: «Қайырымдылық қызметін дамытудың түп-төркіні ынтымақ пен әділеттілікті дамыту сияқты, шын мәнінде, негізгі әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған. Қайырымдылық кең таралған елдерде ол халықтың маңызды мәселелеріне назар аударып, шешу жолдарын ұсынатындықтан, ол тек әлеуметтік жоспарда ғана емес, сонымен қатар экономикалық және саяси салаларда да қоғамдық дамудың қозғаушы күштерінің бірі ретінде әрекет етеді. Өте маңызды нәрсе, қайырымдылық қызмет тек оны алушыларға ғана емес, оны қамтамасыз ететіндерге де қажет, өйткені ол қайырымды жандарға жергілікті, ұлттық және жаһандық деңгейде қоғамға қатыстылық сезімін береді. Қайырымдылықпен айналысатындар бергеннен де көп алатынын атап өтеді. Олар үшін мұндай жобаларға қатысу – қуаныш, рухани азық».