Қазақстан қарулы күштерінің әлеуеті қандай?
Іргесі бекем орданың шаңырағы щайқалмайды. Кез келген мемлекет үшін ел шетін берік ұстайтын қарулы күштердің маңызы орасан.
Демек қаруды өзгенің иелігіне басып кіріп, лаң салу үшін ғана емес, ел ішіндегі бейбіт өмірдің, шекара шебіндегі қауіпсіздіктің сақталуы үшін де қолға алуға болады. Көпвекторлы саясат ұстанушы мемлекет ретінде Қазақстан қарулы күштерінің позициясы да осыған саяды. Дегенмен алыстан ауық-ауық соғыс дүмпуі естіліп, халықаралық аренадағы жағдай шиеленісіп тұрған қазіргі кезде ішкі даудан, сыртқы жаудан қорғануға баса назар аудару керек. Осы тұста елдің қарулы күшінің әлеуеті қандай? Ел тағдырына қатер төнген жағдайда тойтарыс беруге әскери күшіміз қаншалықты қабілетті? Бұл өз кезегінде заңды сұрақ.
Қарулы күштер тарихы
1991 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы» жарлықта Қазақ елі өз қауіпсіздігіне өзі жауапты болып, ел аумағындағы қарулы күштерді өз бақылауына алу шешімі ұйғарылды. Алайда бұл кезде Кеңес өкіметі ыдырай бастаған еді. Сөйтіп, бұл іс оңбай күйреген алып державадан бөлініп шыққан тәуелсіз Қазақстанның еншісіне қалды. 1992 жылы 7 мамыр күні «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» жарлыққа қол қойылып, сол кезден бастап қарулы күштер шебін құру, ұлттық армияны жасақтау, нормативтік-құқықтық негізін әзірлеу, әскери доктрина қабылдау сияқты маңызды мәселелер біртіндеп атқарыла бастаған. 30-ақ жылдық тарихы бар Қазақстан ҚК 1998 жылдың 1 маусымында Әуе қорғаныс күштерін, 2009 жылдың 20 сәуірінде құрлық әскерлерін, ал 2003 жылдың 7 мамырында негізінен Каспи теңізінің шекара аймақтарында орналасқан әскери-теңіз күштерін құрды.
Қазақ қарулы күштерінің әлеуеті қандай?
Global power index жыл сайын әлем елдерінің pwrindx, яғни әскери күші мен қаржылық көрсеткіштері, материалдық-техникалық мүмкіндіктері мен географияға дейінгі түрлі санаттар бойынша қарулы күш әлеуетін 60 түрлі факторға сүйене отырып анықтайды. GFP рейтингі елдердің құрлықта, теңізде және ауада соғысу мүмкіндіктерін көрсетеді. 2023 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстан бұл тізімде 63-орнында тұрақтаған. Бұл Орталық Азия елдері бойынша бір бас бұрын тұрған Өзбекстаннан (әлемдің рейтингте 62 орын) кейінгі 2-орындағы көрсеткіш.
Өткен 2022 жылы шетелдік сайттар Украинадағы соғысқа байланысты Қазақстан қорғаныс шебін нығайтуға көбірек назар аударып отырғанын жазған еді. Сол жылы қорғаныс саласына бөлінген бюджет 2,2 миллиард долларды құраған болса, биылғы жылы 2,6 миллиардқа дейін өскен. Сарапшылар бұл қаржы әскери резервті ұлғайту мен техникаларды жаңарту үшін керек деп түсіндірді. Бұған әлем елдеріндегі тұрақсыз жағдай мен «Қаңтар оқиғасы» сияқты ішкі дүрбелеңдер әсер еткен көрінеді. Расында көршің қырғиқабақ танытса, қолдағы қуатты қару мен жауынгерлердің айбынының өзі елдің қауіпсіздігіне кепіл болмай ма? Ендеше, қазақ армиясы қаншалықты жасақталған? Global fire power-дің мәліметі бойынша биыл еліміз қосымша 5 жауынгер ұшақ, 4 оқу ұшағы, 4 тікұшақ, 5 шабуылшы тікұшақ, 415 бронды машина, 70 PC30 зымыран жүйесі, 150 зеңбірек артиллериясы, 1 патрульдік катермен жабдықталған.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов бұл туралы президенттің қатысуымен өткен бүкіл армия кеңесінде:
«Біздің армияда әртүрлі елдерден қару-жарақ бар. Ресейден ғана емес, Түркиядан, АҚШ-тан, Қытайдан және басқа мемлекеттерден де сатып аламыз. Кадрларды даярлау Қарулы Күштерде, әскерлер мен әскери құрылымдарда жүзеге асырылады; біздің кадрларды даярлауға шарттар, келісімшарттар мен меморандумдар жасалды. Ол Ресейде, Беларусьяда, Түркияда, Үндістанда, АҚШ-та, Қытайда, Пәкістанда және басқа елдерде өтеді. Осы жоғары оқу орындарында тікелей оқудан басқа, курстық дайындық және бөлімшелерді бірлесіп даярлау жүзеге асырылуда» – деді.
Қазақстанда өндірілетін әскери техникалар да жоқ емес. Мәселен, құрлық әскері күшінің бронды көліктері «Алан», «Арлан», «Номад», «Барыс» деген атаулармен «Казахстан Парамаунт инжиниринг» зауытында құрастырылады. Болатпен қапталған, ыстық пен суыққа, түрлі шабуылдарға төзімді бұл көлік құрлықтағы шекараларды барлау, арнайы тапсырмаларды орындау, қарулы қақтығыстарды жою сияқты түрлі әскери міндеттерді атқарады. Алайды бұл тұста құрлық әскерінің кейбір осал тұстарын да байқауға болады. Жоғарыда аталған болат көліктер құрлықтағы күштің 78.6% құрайтын болса, мұнымен бірге басқа техникалардың да тым жеткіліксіз екені аңдалады. Мәселен, 300-і ғана танк, 246-ы өздігінен жүретін артиллерия 2,7 млн шаршы шақырымды алып жатқан ұлан-ғайыр даланы қорғауға аздық ететін сияқты. Салыстырмалы тұрғыда, көрші ел Ресейдегі танк саны бізден 41 есе, ал өздігінен жүретін артиллерия 26 есеге көп. Ал егер мұны орынсыз салыстыру десеңіз, Орталық Азия елдерінен Түркіменстан 680, Моңғолия 470 танкқа ие. Айналып келгенде, техниканы жаңартуға бөлінген қыруар ақша қайда кетті, неге жұмсалды деген сұраққа келгенде нақты мәліметтер «әскери құпия» деген желеумен бұлыңғыр тартып қала береді.
Жаһандық геосаяси дағдарысқа байланысты өткен жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери доктринаға бірқатар өзгерістер енгізілген еді. Мұнда заманауи әскери қақтығыстарының сипаты айқындалып, әскери қақтығыс басталғанға дейін немесе қарулы күрес барысында мемлекеттік және әскери басқарудың ақпараттық жүйелеріне бағдарламалық-техникалық шабуыл (кибершабуыл) жасалуы мүмкін екендігі айтылған. Қазіргі жағдайда бұған біз де біршама куәміз. Еліміздің әскери ЖОО-да бірнеше жылдан бері «киберқауіпсіздік» мамандығы оқытылады. Елдегі бейбіт өмір үшін бұған да баса назар аударған жөн. Себебі ақпараттық-технологиялық қауіпсіздік бүгінгі күні ел қорғанысының бір парасы болып отыр.