Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 23 Тамыз 2022

Қазақстан – Қарызстан

None
None

Бүгінде бизнес пен халықтың банк алдындағы қарызы 20,1 трлн теңгеге жетті.

Осылайша, қазақ баласы жыл сайын қарызға белшеден батып барады.

Мәселен, қазірде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 млн адам болса, олардың 5,5 миллионға жуығының мойнында несиесі бар. Бұл дегеніңіз – еңбектеніп табыс тауып жүргенімен, екінің бірі банкке берешек деген сөз. Ал енді халық осылай қарыз қамытына жегіле бере ме?! Елді қарыз құрсауынан құтқару үшін болашақта не істеу керек?!

  Бұған қатысты біздің билік былтырдан бері жеке тұлғаны банкроттау жайлы сөз қозғай бастады.  Қазірде азаматтардың банкроттығы туралы заң мәжілістің қарауында жатыр.  Өткен аптада еліміздің қаржы министрлігі осы заң жобасын түсіндіру жұмысын да бастады.

  Сарапшылардың пайымдауынша, «Жеке тұлғаны банкроттау туралы» Заңды бізге әлдеқашан қолданысқа енгізу керек еді. Себебі еліміздегі бұған дейін қолданыста жүрген «Банктер және банктік қызмет туралы» Заңның томпақ тұстары өте көп. Мысалы, несиеге 24-28 пайыз үстеме қосу, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл тағайындау, қайтыс болған адамның несиесін мұраға қалдыру Қазақстанда ғана бар үрдіс. Біздегі банктер бұған дейін шетелден 2 пайызбен алған қарыздарын халыққа 24-28 пайызбен несиеге берді. Елдің алған берешегін сақтандыру қызметіне заңсыз ақша алды. Алда-жалда әке-шешесі дүниеден өтсе, олардың қарызын балаларына мұра ғып берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы банктер бас пайдасын ғана ойлап, халықты сүлікше сорды. Дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарыздарын қайтара алмай, бірқатар банктер дағдарысқа да кетті. Алайда мұндай кезде биліктің «сүйкімдісіне» айналған өз банктері мемлекеттен қолдау қаржыны да аямай алды. Тіпті, қайсыбір екінші деңгейлі банктерге Ұлттық қордан, Зейнетақы қорынан демеуқаржы беріліп, олар кез келген қиындықтан шыға алды. Бұл арада банктердің қылшығы да қисаймады. Банктер қиындықтан көп жағдайда үкіметтің қолдауының арқасында, сытылып шықты. Тұтылған сол қарапайым халық болды. Халықтың қарызға малтыққаны соншалық, тіпті, бүгінде 18 жасқа жаңа толған жасөспірімдердің өзінде банк алдында берешек көп.

  Өткенде қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев бұған қатысты бір қызық ақпаратты жайып  салды. Вице-министрдің айтуынша, әскерге енді шақырылған 18 жастағы жігіттердің арасында банкке 9 миллион теңге берешегі барларын да кезіктіруге болады. Әскерге шақырылғандықтан, борышын өтей алмаған сарбаздардың арасында өз-өзіне қол салу фактілері де кезіккен. Мысалы, жақында ғана Шымкентте Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт ант қабылдамай жатып, өз-өзіне қол салуға оқталды. Жауынгердің өмірден түңілуіне банк алдындағы 3 миллион теңге берешегі себеп болған көрінеді. Осылайша, вице-министр 2 105 сарбаздың несиесі барын жария етті. Ал олар әскерге кеткенде, банктерге арнайы анықтама апарып өткізсе де банктер берешегін кешірмейді. Уақытша тоқтату, тоқтатпауы да белгісіз. Мұндайда өз құлқынын ойлаған банктер керісінше, өсімпұл қосып жіберуі де әбден мүмкін. Бір бұл емес несиенің жолында талай адам мойнына қыл арқан салып, өмірмен қош айтысқан сәттер көп. Екінің бірі несиені төлеу жолында өлместің күнін кешіп, тапқан таянғанын ас-ауқатына да жеткізе алмайтын күйге жеткен.  Бұл жағынан халықты қаржылай сауатсыз дейін десең – біреуі несие алып жер алады. Енді бірі несиеге баспана алса, бірі көлігін тағы басқа жоқ-жітігін түгендейді.

    Жалпы, қазір елдегі қайтарылмаған несиелер көлемі 3 трлн теңгеге жетіпті. Негізінде, бұл банктер үшін өте қауіпті жайт. Рас, проблемалық несие кез келген елдің банк жүйесінде бар. Бірақ оның пайыздық көрсеткіші белгіленген межеден асып кетпеуі керек. Проблемалық несиенің көрсеткіші 1-2 пайыздан  аспаса, онда қауіп жоқ дер едік. Бізде бұл көрсеткіш 8,5 пайыздан асып тұр. Бұған қарап, халықтан бұрын сол банкте отырған қаржы менеджерлерінің сауатсыздығын аңғарамыз. Егер еліміздің бас банкі — Ұлттық банк халықтың оңды-солды несие алуына дер кезінде тосқауыл қойып, банктердің қызметін сапалы ете алғанда, мұндай мәселе туындамас та еді. Банктер елге тиімді операцияларды жасағанда – халық банкке тоналмас еді. Демек, болашақта үкімет банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты, талапты төтесінен қоюы керек. Олай етпесек, нақ қазіргі банк жүйесі бізді ұшпаққа шығара қоймасы анық.

  Жасыратыны жоқ, біздің биліктің банктерге сөзі осы уақытқа дейін өтпеді. Ақиқатында, біз 30 жылда сауатты банк жүйесін қалыптастыра алмадық. Банк пен өндіріс арасында байланыс болмады. Банктердің дені биліктің ерке баласы секілді дегенін істеп келді. Ал ендігі уақытта билік банктерді емес, олардың уытынан халықты құтқаруға күш салуы керек. Өйткені қазір қарызға малтыққан халық әбден шаршады. Сондықтан алдағы уақытта «Жеке тұлғаны банкроттау туралы» Заңды қолданысқа енгізу — заман талабы.  

 Ойлап қарасақ, қарапайым бұқараның несиесін банкроттағаннан мемлекет кедейленіп қалмайды. Біз бұған дейін бизнес бастаған талай бай-манаптың жалған банкрот жасап, кәсібін жауып тастап, екінші қайтара оны басқа атаумен ашып, бюджеттен қыруар қаражат алғанының куәсі болдық.  Ондайға келгенде, үкімет кеңдік танытады. Енді бір сәт халыққа келгенде де үкімет сауатты шешімдер қабылдап, елді қарыз қамытынан босататын жүйелі істер тындырғаны абзал. Ақиқатын айту керек, халық қазір киетін киімін де,  күнделікті ішетін тамағын да,  несие картасымен алып жүр. Ал бұл кедейліктің шегі емей не?!

«Дамушы елміз» деп кеуде соғамыз. Бірақ қарапайым жұрттың қорында бақыр тиын жоқ. Тіпті, сыртқы қарызымызды есептесек, жаңа туған баламыздың өзі шетелге қарыз болып шыға келеді. Сонда бұл үкімет халықты қарыз қамытынан қашан құтқарады өзі?! Ондай атты күн ел басына туа ма?!

Тегтер: