Қазақстан қоғамдық даму институтында MediaLab журналистика орталығы ашылды
Ақпан айында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекпен бірге MediaLab журналистика орталығының ашылуына атсалысты.
Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты Қазақстан әлеуметтік даму институтында орналасқан орталықта БАҚ мамандарының біліктілігін арттыруға қажетті жағдай жасалған.
«Естеріңізде болса, Astana Media Week форумында медиа саласын жүйелі түрде зерттейтін, журналистика және коммуникация саласы мамандарының біліктілігін арттыратын орталық ашамыз деп хабарлаған едік. MediaLab орталығы бұқаралық ақпарат құралдарын тұтыну заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан зерделеуге, журналистердің, әсіресе облыс журналистерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, салалық журналистиканы жетілдіруге, баспасөз хатшыларының кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған», — деді Дархан Қыдырәлі.
Орталық журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге де әдістемелік қолдау көрсетеді.
«Ашық силлабус» жобасы аясында біз әлемдік журналистика мектептерінің үздік оқу бағдарламаларын Қазақстанға енгізіп, үздік кітаптар мен оқулықтарды қазақ тіліне аударуды жоспарлап отырмыз», — деді Д.Қыдырәлі.
Егер осыдан бірнеше онжылдық бұрын бізде ақпарат көздері жетіспесе, қазір жағдай керісінше. Біз әр жақтан, әр баннерден, экрандардан, мониторлардан және желіденн келетін ақпарат ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Енді адам үшін оны сүзгіден өткізу өте маңызды. Саясат Нұрбек те осыны тілге тиек етіп, Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл бастаманы бар күшімен қолдайтынын жеткізді.
– Ақпаратты тазарту, фейкпен күресу, халыққа түсінікті, нақты хабарларды жеткізу үшін байыпты зерттеулер мен құралдар қажет екені қазір белгілі болды. Тағы да бұқаралық коммуникация мәселесі алға шығады. Дәстүрлі ғана емес, цифрлық журналистиканың жаңа түрлері бойынша да мамандардың тапшылығы өте жоғары. Ал, Қазақстанда азаматтық журналистика феномені қазірдің өзінде әр адамның өзі медиа саласына ене алуымен белең алып келеді, бірақ сонымен бірге журналистік этика ережелерімен, принциптерімен шектеліп жатқан жоқ. Әрі бұл үрдістер қарқын алуда, – деді Саясат Нұрбек.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 5 мыңға жуық студент білім алатын 24 отандық жоғары оқу орнының базасында БАҚ саласы үшін кадрлар даярлау жүргізілуде. Өткен жылы 700-ден астам студент бітірді. Ал 2012 жылдан бері «Болашақ» бағдарламасы бойынша 213 маман дайындалған. Жаңадан ашылған MediaLab орталығы журналистика саласында оқитын студенттерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.
– Біздің міндетіміз – медиа саласына арналған бағдарламалардың мазмұны саланың сұранысымен тікелей байланысты болуын қамтамасыз ету. Біз үшін арна жетекшілері, министрлік және БАҚ өкілдері кадр дайындайтын сол 24 жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының мазмұнын нақтырақ қалыптастыра алғаны маңызды», – деді Саясат Нұрбек.
Қорытындылай келе, министрлер білім және ғылым саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді.