Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:21, 18 Қазан 2022

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К.Тоқаев мырзаға!

None
None

Алматы облысы Талғар ауданы

Тұздыбастау ауылы,

Қарасай батыр, 22А

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің «Жаңа Қазақстан» орнату жөніндегі Үндеуіңіз, мемлекетімізде әділ қоғам құру туралы бастамаларыңыз, ел бірлігін мызғымас құндылық ретінде әр бағдарламаңызда қадап айтып жүргеніңіз, халықтың көңілінен шығып, үлкен серпіліс тудырғаны сөзсіз.

Алдымыздағы Президент сайлауына бүкіл халықпен бірге қатысып, өзіңіздей белгілі қайраткерге дауыс беріп, сенім білдіретінімізді де жеткізгіміз келеді.

Бір датымызды айтуға рұқсат етіңіз! Арыстанбек Мұхамедиұлы өңірімізге сыйлы, еңбекқорлығымен ата-дәстүрлерін сақтап, ізгілікті насихаттап жүрген отбасында дүниеге келген. Қарапайымдылық, адами құндылықтарды сақтау, қоғам мүддесін қасиеттеу – бұл әулеттің мызғымас қағидасы. Арыстанбек жастайынан алғыр, білімге құштар! Үлкендерге үнемі ізеттілік танытып, көз алдымызда өсіп еді. Еңбек жолы ағайынға, көптеген жастарға үлгі болды.   

Міне, 5 ай болды, Арыстанбекке тағылған айыптардың негізсіз, жалған екендігіне, тергеу нәтижелері бұрмаланып жүргеніне көзіміз жетіп келеді. Мұны бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желелерде жарық көріп жүрген жарияланымдардан айқын аңғарып отырмыз.

Әсіресе тағылған айыптарға байланысты жазықсыз азаматтарға, көпбалалы аналарға өктемдік көрсетіліп, жалған жала жабуға жасалған тергеу әрекеттері бәріміздің ашу-ызамызды тудыруда. Күйе жағып, отбасына қысым жасау, ердің еңбегін қаралау жолдарын қазақ халқы өткен ғасырлардың 20-37 жылдары, қайғылы 1986 жылдың желтоқсанында басынан өткерген.

Тарихтың қара кезеңдерінің қайталануына сіз жол бермейді деп сенеміз. Өзіңіздің  «ӘКЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС – СЛОВО ОБ ОТЦЕ»  кітабыңыз арқылы Тоқаев әулеті қаншама тағдыр тауқыметін көргенін, әділетсіздіктің ащы дәмін татқанын жақсы білеміз.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Талғар ауданының Құрметті азаматы. Еліміз өркендеуіне, қазақ халқының құндылықтарын насихаттап, көптеген игі шаралардың, елдің рухын жандандырған тұжырымдамалардың авторы! Халық білуі тиіс! А.Мұхамедиұлына тағылған айыптарды ашық түрде жария етуін талап етеміз. Түптің түбінде әділ шешім салтанат құрады. Заңсыз тергеуді тоқтату керек.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз сізге сенеміз!

Еліміздің  алқалы жиынында сіздің «Біздің азаматтарымыз «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» деген сұрақты өте жиі қояды. Меніңше, бұл сауалға қысқа, әрі толыққанды жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан – бұл шындығында Әділетті Қазақстан. Келісетін шығасыздар, азаматтарымызға әлеуметтік әділеттілік жетісе бермейді» деген сөзіңіз есімізге оралып отыр.

Рас, әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Өзіңіз айтқандай, алдағы жолдың қиындығы да көп. Ешқашан өзгермейтін бұл бағдардан біз де айнымаймыз!

  Біз сізге барынша қолдау көрсетуге әзірміз!

Құрметпен, Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары атынан қол қойғандар:

  1. Талғар қаласы – 43 адам;
  2. Тұздыбастау ауылы – 373;
  3. Бесағаш ауылы – 125;
  4. Еңбекші ауылы – 271;
  5. Панфилов ауылы – 33 адам;
  6. Тау-Турген ауылы – 54;
  7. Бесқайнар ауылы – 14;
  8. Талды-Бұлақ – 19 адам;
  9. Түрген ауылы – 65 адам;
  10. Есік қаласы – 9 адам

Барлығы 1006 адам

Қосымша 47 бет

Тегтер: