Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:17, 06 Тамыз 2021

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ашық хат

None
None

Аса құрметті Президент мырза!

      Экономикасы, адами ресурс дамыған елді танытатын саланың бірі  спорт екені баршаға белгілі.

Тәуелсіз ел атанған кезден бастап біздің еліміздің спортшылары алты жазғы олимпиадаға қатысып, 69 медаль алып, қысқы олимпиада ойындарының жетеуінен 8 медаль әкеліп, елдің мерейін асырып еді. Жерді жайлаған індетке қарамастан, Токио-2020 олимпиадасына аттанған 96 спортшыдан да үміт зор еді. Бірақ ақиқат және шындық, жалпы қорытынды бойынша біздің спортшыларымыз назарымызды төмен түсірді. Украина, Беларусь, Өзбекстан, Грузия сияқты қатарлас елдерден артта қалдық. Баға қандай болмақ?  Баға – ҚАНАҒАТТАНҒЫСЫЗ!

       Бір-ақ мысал келтірейін, Е.Рыбакина керемет ойнап, қола жүлде қолына түсіп тұрғанда, соңғы сетте 4:1 есеппен басымдықпен ұтып тұрып, ұтылып қалуы өте өкінішті. Бұл тек тренерлердің, психологтардың, осы жүйедегі басшылардың тікелей қателігі. Қолда барымызды уысымыздан жіберіп алдық. Мұндай сәт енді болмайды.

       Менің еркін күрестен СССР спорт шебері, Қазақстанның чемпионы әрі ғалым ретінде айтарым: Қазақстан спортының нашар болуының себептері көп, оны мамандар айта жатар. Менің ойымша, негізгі себептері мыналар: бірінші себеп – бұқаралық спорттың (массовый спорт) артта қалуы. Тек олимпиада, әлем чемпионатын ойлап қызмет етеміз, кейде спортшыларды шетелден іздеп, жинап аламыз. Екінші себеп –  стратегиялық қате жіберіліп отыр. Қазақстан спортының стратегиялық, жүйелі идеологиясының, концепциясының болмауы. Ол бұқаралық спортқа, ұлттық патриотизмге негізделуі тиіс.

           Ендеше не істеу керек?

      1. Бір үлкен «СЫПЫРҒЫШ» алып, спорт саласының барлық деңгейіндегі 30 жыл бойы жиналып, қордаланып, дерт сияқты бойға сіңген сыбайлас жемқорлықты, орынтаққа байланған бюрократ кадрларды теріс «сыпырғышпен» сыпырып тазарту керек. Әсіресе адам жанын, арын, моралін, ой-өрісін, психологиясын, рухани құндылықтарын тазартатын бізге үлкен «сыпырғаш» өте қажет.

       2. Спорт саласына жаңа статус беру керек, түбегейлі өзгеріс жасау қажет. Ол үшін жеке спорт министрлігін құру керек немесе білім және спорт министрлігін құру қажет. Себебі бұқаралық спортқа жастар да, ел де, халық та, әсіресе ауыл сусап тұр. Бұрын мықты спортсмендердің тегі ауылдан шығатын. А.Жармұхамедов, Г.Қосанов, Ә.Тұяқов, О.Жарылғапов, Т.Сегізбаев, Ә.Айханов, Ә.Нұрмаханов, Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, С.Қонақбаев сынды атақтылар ел ішінде шыңдалып, ұлттық болмысты, ұлттық рухты қанатына байлап жүріп, ел намысын қорғағандар.  

      Генетикалық тегіміз ауылда. Қазір жастардың басым бөлігі әскерге жарамсыз. Интернет, компьютер дұрыс та шығар, бірақ қазір балабақшадан бастап, мектеп балалары компьютерден, смартфоннан күні-түні көз алмайтын болды. Балалардың денсаулығы күрт төмендеуде.

Қазіргі білім және ғылым министрлігі екі аяғынан ақсап тұр. Екі жеке мекеме – ғылым және жоғары білім министрлігі мен білім және спорт министрлігі құрылуы қажет. Түбегейлі реформалар қажет. Біз дипломы көп, білімсіз елге айналып барамыз. Бұл бөлек әңгіме.

        Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

     Спорт саласына, бұқаралық спортқа осындай түбегейлі реформа жасауға, үлкен қаражат бөлуге жол ашпасаңыз, біз халықтың денсаулығынан айырыламыз. Ал халықтың денсаулығы – біздің соңғы және мәңгілік байлығымыз.

 

Құрметпен

Қазақстан ғалымдар одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик, СССР спорт шебері,

Қазақстан чемпионы Оразалы СӘБДЕН

Тегтер: