Қазақстан шахтасында зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Бүгін, 21 тамызда Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен жиын қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталған.
«Өкінішке қрай, бес кенші қаза тапты. Компания зардап шеккендердің отбасыларына міндеттеме алды. Балаларға төлемдер төленеді, отбасыларға жыл сайынғы 10 жылдық жалақы төленеді, жерлеуге және еске алуға байланысты барлық шығындар өтеледі, отбасының бұрыннан бар несиелері өтеледі, тұрғын үй сатып алуға көмек көрсетіледі. Құрамына жауапты мемлекеттік органдар кіретін комиссия құрылды. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алуларыңызды сұраймын», — деді Ермағанбет Бөлекпаев жиынға қатысушыларға.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының тау-кен сегменті атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай бүгін кеніштегі жағдай туралы айтты:
«Шахтадағы жағдай қалыпты. Бүгінгі таңда «Қазақстан» кенішінің 672 қызметкері көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды.», — деді Сергей Огай.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова ауруханада емделіп жатқан кеншілердің жағдайына тоқталды.
«13 кенші емделіп жатыр, оның сегізінің жағдайы орташа ауыр. Бес кеншінің жағдайы қанағаттанарлық, олар барлық қажетті ем-дом алады», — деді Бибігүл Төлегенова.
Айта кетейік, Қарағандының «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасында өрт шығып, бес адам қаза тапты.
Бұрын хабарланғандай, апат кезінде "Қазақстан" кенішінде 227 қызметкер болған. 222 адам жер бетіне шығарылды.