18:06, 03 Қыркүйек 2023
«Қазақстан» шахтасындағы апат: кен өндіру жұмыстары уақытша тоқтатылды
17 тамызда орын алған апатқа байланысты "Қазақстан" шахтасында көмір өндіру және тау-кен қазбаларын үңгілеу жұмыстары белгісіз мерзімге тоқтатылды.
Бұл туралы көмір өндірушілердің "Қорғау" кәсіподағы хабарлады.
"Қазіргі уақытта шахтада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі жұмыстарды тоқтата тұруға байланысты босап қалған 600-ге жуық жұмысшы көмір департаментінің басқа шахталарына жұмысқа орналастырылды. "Қорғау" көмір өндірушілер кәсіподағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының басшылығымен жұмысын ауыстырған қызметкерлерге ақы орындаған жұмыс көлеміне қарай төлеуге, онда да орташа жалақыдан төмен болмауға уағдаласты", делінген кәсіподақ хабарламасында.Айта кетейік, Қарағандының «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасында өрт шығып, бес адам қаза тапты.
Бұрын хабарланғандай, апат кезінде "Қазақстан" кенішінде 227 қызметкер болған. 222 адам жер бетіне шығарылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім еткендей, «Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.