Қазақстан Шенгеннен шет қала ма?
Дамыған елдер біздің демократиямызға сенбей отыр. Ал ендеше, жетпегені осы еді. Қазақстанды Шенген аймағының қара тізіміне қосып қойыпты.
Ratel.kz басылымының хабарлауынша, жаңа ережелер 1 наурыздан бастап күшіне енеді екен.
Иә, осыдан 37 жыл бұрын, 1985 жылдың маусымында еуропалық бірнеше мемлекеттің басшылары Ұлы Люксембург Герцогтігіндегі Шенген деревнясындағы айлақтан шығып, Мозель өзенімен жүзуге аттанған «MS Princesse Marie-Astrid» деген шағын серуен кемесінде кездесті. Олардың жайлы серуені «Ортақ шекарадағы тексерулерді біртіндеп жою» туралы келісімге қол қоюмен аяқталды. Шенген деген жердің таңдалуы тегін емес: бұл деревня Люксембург, Германия және Францияның мемлекеттік шекаралары түйісетін нүктеден алыс емес жерде орналасқан.
Тағы 10 жылдан кейін, 1995 жылдың наурызында Бельгия, Франция, Германия, Люксембург, Нидерланды, Португалия мен Испания ішкі шекараларындағы шекаралық бақылауды алып тастап, іс жүзінде біртұтас еуропалық кеңістікке айналды.
Қазір Шенген келісіміне 27 мемлекет қатысады. Олардың бәрінде Шенген аймағына кіретін кез келген мемлекеттің консулдық мекемесінде берілген виза мойындалады. Ол виза тіпті үшінші елдің азаматына берілсе де.
Біреу білер, біреу білмес, бірақ Шенген визасын беру тәртібін реттейтін негізгі құжаттардың бірі бар, міндетті кеңесуді талап ететін тізім деген. Былайша айтқанда, бұл «Шенгеннің қара тізімі». Ол тізімге Ауғанстан, Эфиопия, Иран, Ирак, Сирия, Сомали, Тәжікстан сияқты ұзын-ырғасы қырық мемлекет енгізілген.
Ол қара тізімге қай мемлекеттің нақты қандай критерий бойынша енгізілгені ешқашан ресми түрде түсіндірілген емес. Тек еуропалық шенеуніктер мемлекеттегі террористік қауіп деңгейін, елдегі қоғамдық-саяси жағдай мен заңсыз мигранттарына қатысты жағдайды қаперге алады-ау деп топшылауға болады.
Бұл тетік қалай жұмыс істейді? Қара тізімдегі мемлекеттің азаматы визаға қажетті құжаттардың бәрін ұсынса да, консул оған өз бетінше виза бере алмайды. Ондай құқығы жоқ оның, әлгі ел азаматының құжаттары түгел дұп-дұрыс боп тұрса да. Консул виза сұраған әлгі азаматтың деректерін Шенгеннің компьютерлік дерекқорына, былайша айтқанда, «ақылдасуға» жөнелтеді. Ол жерде әлгі азаматты полицияның базалары, қауіпсіздік қызметтері, көші-қон қызметтері мен басқа да қызметтердің деректері, еуропалық әуежайлар мен вокзалдардың базалары арқылы егжей-тегжей тексереді. Одан басқа да қандай тексерулерге салатынын бір құдай біледі.
Сол тексерулер толық аяқталғаннан кейін ғана консул не визаға рұқсат беру, не рұқсат бермеу құқығын алады. Бұл процедура әдетте екі аптаға дейінгі уақытқа созылады, ендеше, виза сұраған адам екі апта күтуге мәжбүр болады.
Ал енді 1 наурыздан бастап Шенген аймағының кез келген елінің Астана мен Алматыдағы консулдықтарынан виза сұрататын Қазақстан азаматтарының бәрі осындай ауыр да ұзақ процедурадан өтетін болады. Қара тізімнің аты – қара тізім. Қазақстандағы ешкімге ережеден тыс жеңілдік жасалмайды. Жай адам болсаң да, саясаткер мен шенеунік болсаң да бәрібір.
Әнеки, Қазақстанда демократиялық үрдістер дамып, Қазақстан қоғамы түзеліп келе жатыр деген есеп беріп жатқанымызда – Еуропа Қазақстан азаматтарының өз жеріне кіруін, керісінше, шектеп жатыр.
Енді Қазақстанның сыртқы істер министрлігі халыққа түсініктеме беруі керек. Еуропалық шенеуніктердің не себепті Қазақстанды – Сирия, Сомали мен Оңтүстік Судан сияқты елдермен бір қатарға қойып қойғанын түсіндірсін. Айтпақшы, бұл тізімде мысалы, Беларусь мемлекеті де бар екенін сыбырлап айтып қояйық.