Қазақстан судан таршылық көре ме?!
Қазақстанда жылдан жылға су ресурстарының көлемі азайып келеді. Республиканы тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін не істеу керек?
Қазір көпшілікті толғандыратын сауалдардың бірі осы. Сала мамандары «жерінің асты-үсті байлыққа толы Қазақстан судан таршылық көрмеуі керек» деседі. Алайда, ғаламдық зерттеулер алдағы бес жылда әлемдік тұрғыда су тапшылығы туындай бастайтынын көрсетіп отыр.
Қай аймақтар судан тарығуы мүмкін?!
Сонымен біздің елде судан тапшылық көретін қай аймақтар? Мамандардың пайымдауынша,трансшекаралық аймаққа жататындықтан Арал-Сырдария (89%), Жайық-Каспий (79%), Шу-Талас (76%) өңірлері су тапшылығына бейім.Халықаралық ұйымдардың мәліметіне сүйенсек те Қазақстан су тапшылығы жоғары «қызыл аймақта» тұр. Өйткені республика трансшекаралық бассейндердің төменгі ағысында орналасқан. Сондықтан климаттың өзгеруімен қатар біздің экономикамыздың тұрақты дамуы да көршілеріміздің су шаруашылығы саясатына байланысты болып отыр. гидрогеолог Ғазиза Түсіпованың айтуынша, үкімет болашақта су ресурстарын ұқсатуға қатысты өзекті шешімдер қабылдауы тиіс. Бұл ретте жер асты суларын ұқсату, елдегі шөлейттену үрдісінің алдын алу маңызды. Ол үшін болашақта жер асты каналдарын қазу да маңызды болмақ.
гидрогеолог Ғазиза Түсіпова былай дейді:
«Осы уақытқа дейін Қазақстан ауыз су мәселесін шешу үшін бірқатар бағдарламаларды қолға алды. «Таза су», «Ақбұлақ», «Ауыз су» бағдарламалары да өз межелеріне жетті. Бірақ енді Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Зайсан, Тарбағатай өңірлерінде жер асты суларын ұқсату маңызды. Маңғыстау өңірінде жер асты каналдарын қазу арқылы су ресурстарын пайдаланып, сортаңданған, резервацияға ұшыраған су көзін пайдалануға мүмкіндік бар. Сондықтан үкімет осы істерге ыждаһатпен кіріскені абзал».
Судан иод пен руда алуды меңгеру қажет…
Сала мамандарының пайымдауынша, біздегі су ресурстарының өзі байлыққа толы. Мысалы, Аралдың суын өңдеу арқылы таза иод алуға болады. Бұдан бөлек, Қазақстандағы жер асты суларында сирек кездесетін металл су рудасының көзі мол. Мамандар қазір көрші Қытай елі су рудасын сату арқылы әлемдік нарықта беделді екенін алға тартады. Осыған байланысты сарапшылар қазақстандық ғалымдарға үкімет тарапынан қолдау керектігін мысал етті.
«Су ресурстарын зерттеп жүрген ғалымдарға қолдау керек. Біздегі Қызылорда, Зайсан, Балқаш өңірінде суда кездесетін сирек металл су рудасының қоры бар. Судан алынатын бағалы заттардың алтын мен мұнайдан кем түспейтінін ескерсек, үкімет болашақта осы жағына назар аударуы керек» дейді Ғазиза Түсіпова.
«Мұнайды ұмытып, су туралы ойланыңыз...»
Сондай-ақ мамандар бүгінде кезінде АҚШ президенті болған Джон Кеннедидің «Мұнайды ұмытыңыз, су туралы ойланыңыз» деген сөзі қазір өзекті бола түскенін алға тартады. Әсіресе су ресурстары жайында сөз еткенде Қазақстанның өзге елдермен шекаралық байланысын ұмытпағанымыз жөн. Айталық, еліміздің Орал өңіріне су Ресейден келсе, Қызылордаға Сырдариядан келеді. Бұл арада біз өзбектердің қас-қабағын бағуға мәжбүрміз. Жамбыл облысында Талас өзеніне байланысты қырғыздардың, Ертіс пен Іле өзенінің суын сөз еткенде Қытайдың аңысын аңду керек болады. Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзендер тізіміне Ертіс өзені алқабынан алты өзен, Іле өзені алқабынан үш өзен, таулы алқаптағы өзендерден сегіз өзен кіреді. Міне, болашақта бізге осы трансшекаралық өзендер мәселесінде де «жеті ойлап, бір рет кесетін» шешімдер қабылдауға тура келеді.
Сарапшы Марал Төртенованың айтуынша, Қазақстан 2001 жылдан бері «Трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану» туралы Қытаймен ынтымақтастық келісіміне қол қойған. Содан бері осы келісім бойынша жұмыс жасап келеді. Елдегі ауыз су мәселелері де, су ресурстарын пайдалану да әзірге орнымен шешіліп жатыр. Болашақта да мұндай келісімдер аясында Қазақстанның мүддесі қорғалып, елдің ахуалы ескерілуі тиіс. «Жерінің асты-үсті байлыққа толы Қазақстан судан тарықпауы қажет» дейді маман.
«Ақбұлақ» пен «Ауыз су» бағдарламасы жалғасын таба ма?!
Жалпы, жоғарыда мысал еткеніміздей, біздің елде су тапшылығын шешуге қатысты «Ақбұлақ», «Ауыз су», «Таза су» бағдарламалары жүзеге асты. Атқарушы биліктің жоспарынша бұл бағдарламалар болашақта жалғасын табады. Қазірде гидрогеологиялық зерттеулерді дамыту мақсатында үкіметте арнайы бағдарлама әзірленді. Жуырда ғана Қазақстанның су кеңесінің арнайы кезекті отырысы өтіп, онда су ресурстарын пайдалану қорғау мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов экология министрлігіне су саласын бақылауға қатысты цифрлық технологияға жүгініп, автоматтандырылған жүйеге көшуді тапсырды. Қазақстанда болашақта су консорциумы құрылуы да мүмкін.
Қалай десек те бүгінде су ресурстарын ұтымды пайдалану өзекті. Елді судан тарықтырмау, ауыз су тапшылығын шешу, таза сумен елді қамсыздандыру үкіметтің әу баста ұстанған мақсаты болған. Енді сол мақсатқа жету ләзім...