Қазақстан түркі елдеріне төтенше жағдайлармен бірге күресуді ұсынды
Түркі елдері табиғи апаттардың алдын алу үшін күш біріктіруі керек. Түркиядағы жер сілкінісі мұндай қауіп-қатерге үнемі дайын болу қажеттігін көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) кезектен тыс саммитінде осы туралы сөз қозғады:
— Сондықтан мен ұйым аясында біздің төтенше жағдайлар органдарының бірлескен күштерін құруды ұсынамын. Бұл құрылымды Алматыдағы Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының базасында құруға болады, — деді ол.
Орталықты 2016 жылы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері құрған болатын. «Біріккен күштерге табиғи апаттардан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмысын үйлестіретін ұйымның Азаматтық қорғау хатшылығы мәртебесін беру орынды деп санаймын. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады», — деді Қазақстан Республикасының Президенті. Қ.К.Тоқаев сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының елдерінде әрекет ететін құтқару қызметтерінің күштері мен техникалық құралдарының ортақ тізімін әзірлеуді ұсынды. Бұл шара қиын жағдайда жедел ден қоюға және табиғи апаттардың салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге мүмкіндік береді.
«Биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтеді. Мен осы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің құтқару қызметтерін осы іс-шараға қатысуға шақырамын және осы саладағы жауапты басшылардың алғашқы кездесуін ұйымдастыруды ұсынамын», — деп ұсыныс тастады Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда Түркі әлемінің ынтымақтастығын нығайту маңызды. Біздің елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеруі керек. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Сонымен қатар, биыл қазан айында қасиетті Түркістанда 10-шы мерейтойлық ТМҰ саммиті болады деп жоспарланып отыр. Бұдаг бөлек, биыл күзде Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етеді.