Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің орталығы болуға дайын

Бүгінгі таңда Қазақстанда «жасыл» энергияның жалпы генерациядағы үлесі шамамен 3% құрайды.
Бұл ретте 2030 жылға қарай оның өндірісін 15%-ға – қосымша 7 ГВт-қа арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ биылғы жылға дейін көміртегі шығарындыларын кемінде 15 пайызға азайту жоспарлануда.
Қазақстанның «жасыл» энергетиканың жаһандық орталықтарының біріне айналу мүмкіндігі бар. Сондықтан жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығы ретінде әрекет етуге және тұтастай алғанда Орталық Азияның «жасыл» технологияларға көшуін ынталандыруға дайын деп айтуға болады. Осыған байланысты біздің еліміз «жасыл» сутегінің өндірісі мен экспортын арттыруға ерекше көңіл бөлмекші.
Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов Египетте өткен климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияның (COP27) әлемдік көшбасшыларының саммитінде сөз сөйледі.
Климат жөніндегі саммит жұмысына 120-дан астам елдің өкілдері қатысқан болатын. Мемлекеттер мен үкімет басшылары климаттың өзгеруінің ең өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің көзқарасын ұсынатын «ұлттық жолдаулар» жасайды.
Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның Париж климаттық келісімінің мақсаттары мен міндеттеріне берік және мызғымас адалдығын атап өтті:
«Біздің ел 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Осының аясында біз жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұл тарихи сәт болмақ: Орталық Азиядағы бір мемлекет мұндай ауқымды құжатты алғаш рет қабылдап отыр. Технологиялық жаңғыртудың маңыздылығын, атап айтқанда, білім алмасу мен «таза» технологиялар трансфертін, оның ішінде Париж келісімі аясында енгізу қажеттілігін атап өткім келеді», – деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының үкіметі «жасыл» инвестицияларды ынталандыру бойынша шаралар қабылдауда және Астана халықаралық қаржы орталығын «жасыл» қаржыландырудың бірегей өңірлік инвестициялық орталығы ретінде ұсынуға дайын.
Сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекс бойынша айтарлықтай күш-жігер жұмсап, 2025 жылға қарай 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі игі мақсатты қолға алып отырғанымыз да бар.
Мемлекет басшысы осы мәселе жөнінде: «Жел мен күннің көптігі, сондай-ақ еліміздің кең-байтақ аумағы Қазақстанды осы сектордағы көшбасшыға айналдыра алады, жаһандық климатты қорғау жөніндегі күш-жігерге өз үлесін қоса алады. Осыған байланысты біз нормативтік-құқықтық базаны жетілдіреміз, инвесторлар үшін тартымды жағдайлар, ең көп мүмкіндіктер жасаймыз. Жалпы, біздің жоспарымыз бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурстары енгізілетін болады. Тағы бір перспективалы бағыт – жасыл сутегі. Халықаралық сарапшылар біздің еліміз сутегін экспорттаушы ірі он елдің қатарына кіре алады деп есептейді» деген болатын.
Ә.Смайылов бүгінде әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған сын-қатерлердің бұрын-соңды болмаған ауқымдылығын атап өтті. Осыған байланысты бізге батыл шешімдер мен тұрақты және әділ даму үлгілері қажет. Қазақстан климаттық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша барлық халықаралық серіктестермен ынтымақтасуға дайын.