Қазақстан Жазушылар одағының кезекті ХVI құрылтайы өтіп жатыр

Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XVI құрылтайы өтіп жатыр.
Құрылтайға Қазақстанның әр аймағынан жиналған одақ мүшелері қатысып жатыр.
Қаламгерлер бүгінгі жиында одақтың жаңа төрағасын сайлайды. Одақ төрағалығына кімдер ұсынылатыны, кімнің қанша дауыс жинап, төраға болары әзірге белгісіз.
— Құрылтайдың жақсы бір қасиеті – көп жыл бойы көрмеген ескі қаламдас достарымызды көріп отырмыз. Сондықтан әзірше құрылтайдың атмосферасы көңілді деп айтуға болады. Әрине, жазушылардың құрылтайы ешқашан үнсіз өткен емес, жазушылардың үні әрдайым естіліп отырады. Өйткені жазушылық дегеннің өзі еркіндік. Сондай-ақ мойындайтын нәрсе – әр жазушы өзінше лидер. Сондықтан қай лидерді сайлайтынымыз белгісіз болып тұр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай.
Құрылтай кезінде Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сайлауға түсуден бас тартып, басқа кандидаттарға сәттілік тіледі.
Құрылтайда сөз алған жазушы Дулат Исабеков жазушылар одағының шет тілге аударған қазақ қаламгерлерінің шығармаларына көңілі толмайтынын айтты. «Ондай авторлардың шығармаларын шет тілге аудару кімге керек? Ондай есеп үшін жұмыс жасауға болмайды» деп атап өтті жазушы.
Әлемдік әдебиетке қазақ әдебиеті қалай кіру керек деген сұраққа Дулат Исабеков өз ойын осылай білдірді.