Қазақстан жемқорларға рақмет айтсын!
Коррупция Қазақ мемлекеттігінің 30 жылдағы жасырын тірегі болып, елді дамытты
Қазақстанның билік жүйесіндегі ең басты проблема – мемлекеттік органдарды атқарған жұмысы үшін есеп бергізетін ешқандай нақты тетік жоқ.
Қағазда ғана болмаса.
Сосын 30 жылдық тарихымызда өтірік-шыны аралас беріліп жататын есептердің шынайылығын тексеретін де ешқандай тетік болған емес. Содан келіп мемлекеттік органдардың түрлі жобалар мен бағдарламалар қабылдап алып, оған бюджеттен қомақты қаражаттар бөлінеді. Ақыр аяғы әлгі ақша да жоқ, ауыз толтырып айтатындай ешбір нәтиже де жоқ болады, ақшаны нақты қайда жұмсадыңдар, нақты не тындырдыңдар деп қадалып сұрап жатқан да ешкім жоқ.
– Қазақстанның бюджеті әлгі бағдарлама һәм жобалардың авторлары мен орындаушыларына таратылып келеді, былайша айтқанда. Сол себепті Қазақстанда не көп – күн сайын қабылдана беретін қаптаған сан түрлі бағдарлама мен жоба көп. Ертең сұрауы болмайтын көл-көсір тегін ақша солай талан-таражға түседі, – деп күйінеді сарапшы Қазбек Бейсебаев.
Оның пайымдауынша, бюджет қаражатының қайда жұмсалып жатқанын мәжіліс пен мәслихаттар түріндегі өкілетті билік органдары сұрай алады, бірақ ондай жерлерде әдетте биліктің өзі іріктеп, таңдап алатын сыбайлас депутаттары ғана отырады. Өйткені мәжіліс пен мәслихаттарға шын адал, елге титтей де болса жаны ашитын, белсенді қоғамдық көзқарасы бар азаматтарды ешқашан жолатпайтынын өмірдің өзі көрсетті.
– Осыдан-ақ біздің биліктің көбінесе алыстағы межені көздеп, алдағы 30-40 жылға арналған тым ұзақ мерзімді бағдарламалар қабылдауға неге құмар екені білінеді. Өйткені 30-40 жылдан кейін кім бар, кім жоқ, әлгі бағдарламалардың нәтижелерін сұрайтын ешкім болмайды. «Қазақстан-2050» деген бағдарлама да содан шыққан, анау әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру деген мақсат сондай созылмалы, орындалып болғанша ұмытылып кететін болымсыз әңгіме.
Бірақ бюджетті талан-таражға салғыштардың Қазақстанға тән осы бір ақша ұрлау жүйесі қанша дегенмен Қазақстанның ақырындап болса да дамуына көмектесуде. Откат бар жерде өтірік болса да, бағдарламалар пайда болады, жаман болса да, әйтеуір, жол салынады, бірдеңенің құрылысы қолға алынады. Жымқыру схемалары мен откаттар болмаса, бұл Қазақстанда ешқандай бағдарлама да, салынып, жөнделіп жатқан жолдар да болмас еді. Кейде БАҚ-та пәлен жерде, пәлен салада бюджет қаражаты игерілмей қалды деген жаңалықты құлағымыз шалады. Бұл дегеніңіз – жаңағы ақша игерушілердің откат сомасы бойынша өзара келісе алмағанын ғана білдіреді, – дейді ол.
Сарапшының ойынша, осылайша біз қаласақ та, қаламасақ та, коррупция біздің мемлекеттілігіміздің аса маңызды тірегіне айналды. Онсыз еліміз алға еш қадам баспайтындай болды. Қазақстандық жемқорлықтың бар тарихына үңілсек, осы тезис шынымен де расталып отыр. Қазақ жерінің өткен-кеткен тарихында болған жемқор атаулының бәрі бюджет қаражатын қашанда өз мүддесін ескерумен ғана игерген.
Кейде ара-тұра жемқорлық қылмыстарына қатысты ірі резонанстар туындағанда кейбір жемқорлардың сотталып қалатыны да кездеседі. Мәселен, 2015 жылы премьер-министр Серік Ахметов сотталды, 2009-да көлік және коммуникация министрі Серік Бүркітбаев сотталды. Қазақстан тарихында сотталғандар ірі шенеуніктер қатарында қоршаған ортаны қорау министрі Нұрлан Ысқақов, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, экономика және сауда министрі Жақсыбек Күлекеев, туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов, статистика агенттігінің төрайымы Анар Мешімбаева, атышулы Ислам Әбішев, кешегі Берік Шәріп бүгін тергеуде жатқан Елжан Біртанов бар.
– Қарап отырсақ, Қазақстан тарихында сотталып кеткен, сотталып жатқан жемқорлар да тегінде аз болмады. Сонда да бұл айналайын жемқорлықтың түк те тиылатын түрі жоқ. Қазақстанды жемқорлық қана алға жетелейді деген осы. Былайша айтқанда, біздің ел ұрлықпен ғана көгереді. Ұсталып, сотталып жатқан жемқорлар – тек құқық қорғау органдарының көзіне түсіп қалғандар мен жемқорлықта сәл жолы болмағандар ғана. Қазақстанда әлі ұсталмай қанша жемқордың жүргенін сіз сұрамаңыз, біз айтпайық. Ал ұсталғаннан кейін ұрлағанының біразын бере салып, «ұсталмай» кеткен ұрылар қанша екенін бір Құдай біледі. Рас, Қазақстан жемқорлық пен жемқорлардың гүлдей жайнаған, бірлігі мен тірлігі жарасқан озық мемлекеті болды. Бұған дау жоқ. Жемқорлар рухын асқақтатқан әлемдегі аз елдердің біріміз! Отыз жылдағы жетістіктеріміздің бірі осы енді, – дейді сарапшы.