Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
01:58, 19 Қазан 2018

Қазақстанда әр 82 секундта бір сәби туады

ҚР Ұлттық экономика министрлігі, Статистика комитетінің мәліметі бойынша Қазақстанның бүгінгі (18 қазан 2018 жыл) халық саны – 18 346 973 адамға жетті.
Қазақстанның халық саны қыркүйек айының басындағы көрсеткіш бойынша 18 321 606 адамды құрады. Былтыр жазда 18 миллионыншы қазақ дүниеге келді деп сүйінші сұрағанымыз есте. 18 миллионыншы қазақ Алматы облысында дүниеге келіп, көптің тілеуі мен қолдауына ие болған жас отбасы көп ұхамай пәтерлі де болған. Бұл тек тиісті органдардың ғана емес, жалпы жұрттың халық санына немқұрайды қарамайтынын көрсетеді. Одан бері де бір жылдан аса уақыт өтіпті. Бір жыл ішінде қазаққа 237,6 мың адамға артқан. (18 миллионға былтыр шілде айының басында жеткенбіз) адам қосылыпты. Бұл аз ба, көп пе?Жоғарыдағы көрсеткіш 11 қыркүйек күні таңғы сағат 06:35-те тіркелсе, 25 қыркүйек күнгі (сағат17:40) халық санының көрсеткіші – 18 332 071. Қараңыз, 14 күн ішінде – 10465 адамға көбейіппіз. Бүгінгі (18 қазан, сағат 15:15)  көрсеткіш – 18 346 973 адам. 23 күн ішінде 14 902 адам қосылған.Енді демографияға әсер ететін негізгі факторларға жеке-жеке үңілсек. Жалпы, қазіргі жағдайда статистика бойынша әр 82 секундта бір бала дүниеге келсе, әр 239 секундта бір адам қайтыс болады. Жыл басынан бері бүгінге дейін 312 708 сәби дүниеге келген. Сәйкесінше, 105 701 адам дүние салған. Енді мына бір қызық дерекке үңіле кеткен артық болмайтын сияқты: 25 қыркүйектегі статистика бойынша әр 76 секундта бір бала өмірге келсе, әр 245 секундта бір адам қайтыс болатын. Ал, 23 күннен кейінгі көрсеткіш мынау – өлімнің уақыты қысқарған, туудың уақыты ұзарған. Демек, осы бір айға жетер-жетпес уақыт аралығындағы көрсеткіш арқылы-ақ дәл қазір демографиялық ахуалдың төмендеп бара жатқанын аңғаруға болады. 28 856 адам шет елге, 11 334 адам біздің елге қоныс аударған. Расы сол, бұл жағынан да ұтылып отырмыз. Дегенмен, осыдан біраз уақыт бұрын статистика агенттігі шет елге қоныс аударып жатқандардың басым көпшілігі – өз тарихи отандарына кетіп жатқан өзге ұлт өкілдері екенін ескерткен. Мұны бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады: «Жылдың бірінші жартыжылдығының деректеріне сәйкес, біздің қалалардың ішінде Қызылордадан (25 адам) ең аз адам қоныс аударған. Бұған таңқалуға да болмайды, өйткені қала тұрғындарының 100% -ға жуығы – қазақтар», дейді демограф Мақсат Имандосов.Енді, осыған дейінгі демографиялық жағдайға байланысты шығарылған болжамға назар аударсақ: жыл соңына дейін 388 933 сәби дүниеге келеді. Эмигранттар – 36 мыңға жуық, иммигранттар – 14 543 адамға жетеді. Осы және өзге жағдайларды есептей келгенде, халықтың табиғи өсімі – 235 256-ны құрайды.Тағы сұрақ туады, бұл аз ба, көп пе?Былтыр тура осы күні 312 599 сәби туған, яғни, биылғыдан аз. Демек, биылғы туу көрсеткіші 119-ға артып, сәл де болса артқан. Бірақ, биылғы кісі өлімі былтырғыдан әлдеқайда көп. Келушілер мен кетушілер де биылғыдан көп болғанына қарамастан, биылғы халық санының өсімі 2017 жылғы қазанның 18-імен салыстырғанда 1301 адамға аз.Мәліметтерге сүйенсек, туу көрсеткіші бойынша 1987 жылы ең жоғары деңгейге жеткен. 417 мың бала өмірге келіпті. Бұл көрсеткіш содан бері жаңарған жоқ. Тек, 2016 жылы 400 мың сәби туғанын айтпасақ (Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы деңгей), маңайладық деп айтудың өзі қиындау.Қазақтың қазіргі жағдайында қалаға көшу, яғни, урбанизация жыл сайын көтеріліп келе жатқанын айту керек. Статистика агенттігінің 2018 жылы 1 тамызда таратқан мәліметі бойынша жыл басынан бері қала халқы 120 771 адамға көбейіп, 10 544 340 адамға жеткен. Оның 34 521 – көшіп келгендер. Ауылда тұратындар саны қала көшу үдерісіне қарамай өсімін сақтап қалыпты: жарты жылдықтың есебі бойынша 14 596 мыңға өскен.Имандосовтың айтуынша қала халқының өсу көрсеткіші ойдағыдай.– Жалпы алғанда, қалалардың демографиялық ахуалы жаман емес. Тек екі қалада ғана кему байқалады. Мұның себебін Қарағанды және Көкшетаудың Астанаға жақын орналасуымен түсіндіруге болады, дейді ол.Дәл осы мегаполисттерге жақын орналасу көрсеткіші бойынша Тараз қаласы мен Жамбыл облысы, Алматы облысының тұрғындары да Алматыға көптеп қоныс аударады. Сол себепті де, кейбір қалалардағы халық саны көңіл көншітерлік деңгейде емес. Дегенмен, мамандар бұл көшіп-қону ішкі көші-қонға жататындықтан жалпы Қазақстанның демографиялық ахуалына ықпал етпейді. Қай қалаға қоныс аударса да, әйтеуір Қазақстанның саны көбейіп жатыр ғой. Демографияға әсер ететін сыртқа көшіп кету көрсеткіші. Бұл жағынан, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, қарағанды, Ақмола облыстары көш бастап тұр. Мұның себебі, аталған облыстарды орыс тілді өзге ұлт өкілдерінің көбірек тұратынында. Өз отандарына қоныс аударып жатқан өзге ұлттар есебінен халықтың өсімі сәл де болса баяулап отыр. Бұдан бөлек, шетелге барып оқуын аяқтаған соң, сол жақта қалып, тіпті, әке-шешесін көшіріп әкетушілер де демографияға әсер етпей тұрмайды. Бұл демограф Александр Алексеенконың пікірі. Оның айтуынша, бұл мәселені шешудің жолы – шет елге кетуге құмар жастардың елімізде оқуына жағдай жасау. «5 әлеуметтік бастама» бойынша техникалық мамандықтарға қосымша 20 мың гранттың бөлінуі осы қадамның алғы шарты деп есептейді ол.Дегенмен, халықтың демографиялық жағдайына негізгі әсер етуші фактор туу көрсеткіші болып қала береді. Мақсат Имандосов туу көрсеткіші бойынша Алматы, Астана сияқты үлкен қалалардың көрсеткіштері жақсы екенін айтады.– Алматы халқының саны 1 833 990 адамға жетіп республика халқының 10% үлесін алғаш рет иеленді. 2018 жылғы алғашқы жарты жылда 31 997 адамға көбейіпті. Мен қалаларымыздағы 2018 жылдың бірінші жартысында туғандардың саны туралы статистикамен таныстым және оларды өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырдым. Алматы және Астана қалаларында туғандар санының өсуі сәйкесінше (+4,4) және (+4) пайыз болды. Ақтөбе қаласында (+5.3), Атырау (+6.8) және Орал (+7.5). Қазақстанның батысындағы үш қала да – туудың өсуі бойынша көшбасшы, – дейді Мақсат Имандосов.Ал, Қазақстанда әр бесінші бала туатын Шымкент қаласы мен Түркістан облысы өсім көрсеткіші бойынша Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі орында тұр. Ал, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Атырау, Ақмола, Ақтөбе облыстарын қосып есептегендегі туу көрсеткіші мен Түркістан облысы мен Шымкент қаласының туу көрсеткіші бірдей екен. Жалпы, туу көрсеткіші бойынша оңтүстік өңірлер – Алматы облысы, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Қызылорда облыстарын Алматы, Шымкент қалаларымен қоса есептегендегі көрсеткіші республика көрсеткішінің жартысын құрайды. Қазақстан халқының 55 пайызы да осы өңірлерде тұрады. Осы жағдайды ескере келіп, орталық астананың солтүстік өңірге қарай ауысқаны өте дұрыс шешім болған деп есептейді демографтар.Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарындағы халық санының азаюын тоқтату үшін соңғы жылдары қолға алынған солтүстік өңірлерді қазақыландыру бағдарламалары, көшіп барған отбасыларға әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрмыстық жағдайлар жасау туралы бастамалар дұрыс жолға қойылса, бұл өңірлерде де алдағы жылдарда жағдай тұрақталады деп болжайды мамандар.Бүгінгі өсу көрсеткіші негізінде 2035 жылы Қазақстанда тұрғын саны миллионнан асатын 5 қала болады. Қазіргі 3 қаладан бөлек, әзірге 501 мың тұрғыны бар Қарағанды мен 470 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе қалалары біртіндеп миллионер қалалар құрамына кіреді. Ал, 2035 жылы Алматы халқының саны 3 миллионнан асады деген болжамдар бар.Бір қызықты салыстыру айта кетсек, Ресейдің халық саны туу көрсеткіші бойынша емес, көшіп келушілер есебінен өсіп отыр. Қарттары көп ел ретінде алғы шепте тұрған елдің туу көрсеткішінен өлу көрсеткіші жоғары болып шықты. 2018 жылғы халық саны 60 045 адамға көбейіп, 146 510 064 адамға жетіпті. Бір жылда 1 861 380 бала туса, 2 029 797 адам өлген. Сәйкесінше, 228 462 адам Ресейге қоныс аударған. Ресей осыдан екі жыл бұрын басталған халық санының кемуін тоқтату үшін бірнеше әлеуметтік бағдарламаларды іске қосып жатыр. Егер, халықтың саны тез арада артуын ойласақ, бізге де Ресейден үлгі алу керек деп есептейді зерттеушілер.Ресейде 1000 адамға жылына 0,2 адам қосылады, қазір өсім бойынша жалпы тізімде 169 орында тұр. Көршілерімізге көз салсақ, Өзбекстан 99, Қырғызстан 67, Түркіменстан 91, Қытай 142 орында тұр. Ал, Қазақстан 104 орында.Бұл аз ба, көп пе деген сұрақтың жауабын әркім өзі шығарып алар деп ойлаймыз…Фото: juldyz.kz
Тегтер: