Қазақстанда әскери қызметшілердің зейнет жасы ұлғаяды
Қазақстанда әскери қызметшілердің зейнет жасы ұлғаяды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Зейнетақы орталығының басшысы Қайыржан Бимолдин мәлімдеді.
"Үкімет бекіткен ең басты норма — барлық әскери қызметшілер мемлекеттік бюджет арқылы зейнетақы тағайындау жүйесіне көшті. Бұрын 2016 жылға дейін жинақтау жүйесінде болғанбыз. Бұл — өте жақсы жетістік деп ойлаймын. Зейнет жасы бойынша ұзарту «Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда қарастырылған. Биыл ол заңға өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, әскери қызметшінің жасын 5 жылға дейін созуға болады", — деді Қайыржан Бимолдин.
Сондай-ақ, ол әскери қызметшілердің зейнетақысы қалай есептелетінін түсіндіріп өтті.«Зейнетақы мөлшері әскери қызметшінің еңбек өтіліне тікелей байланысты. Нақты айтсақ, егер 25 жыл еңбек өтілі болса, әскери қызметшіге 50 пайыз зейнетақы тағайындалады. Ал 25-тен астам әр жылға 2 пайыздан қосылып отырады. Мысалы, 30 жыл еңбек өтілі бар әскери қызметшіге өзінің алып отырған жалақысының 60 пайыз зейнетақы тағайындалады», — деді ол.
Бимолдин зейнетақыны көтеру «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 4-бабының 4-тармағында да қарастырылғанын, өсудің нормаларын немесе пайызын қаржы жылына арналған республикалық бюджет бекітетінін айтты.