Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:31, 24 Наурыз 2023

Қазақстанда ең ірі темір жол жобасы салына бастады

None
None

Қарағанды ​​облысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды.

Ұзындығы – 836 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісінің іске қосылуы отандық өнімді үзіліссіз экспортқа шығарып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Құрылыс барысында 419 жасанды құрылысты (5 үлкен көпір, 87 шағын және орта көпір, 288 су өткізгіш құбырлар, 14 жол өткелдері), сондай-ақ энергетика және коммуникация нысандарын салу жоспарлануда. Құрылыс, жоспар бойынша, 2025 жылдың 4 тоқсанында аяқталуы тиіс.

Іске қосу рәсіміне былтыр жыл соңында телекөпір арқылы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысқан болатын.

Ол өз сөзінде стратегиялық маңызды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын және оның республиканың транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Мәселен, оның айтуынша, соңғы бес жылда елімізде транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 4,4 есеге артқан, өткен жылда экспорттық бағыттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-километрден астам мөлшерге жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.

Осыған байланысты теміржол саласында қуаттылықты айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған: оның ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал желілері, Алматыны айналып өтетін айналма жол, т.б.

«Біз ең ірі теміржол жобасын іске қосып отырмыз. Ол учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге – 12-ден 60 жұп пойызға дейін ұлғайтады, сондай-ақ қазақстандық экспорттаушыларды осы бағытта тасымалдау мәселелерін толығымен алып тастайды», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті қамту үлесі 80 пайыздан асатынын баса айтты. Атап айтқанда, шпалдар, рельстер, трансформаторлар шығару, инертті материалдар, құм, қиыршық тастарды жеткізу жұмыстарын жергілікті компаниялар атқаратын болады. Сондай-ақ құрылысқа 3700-ге жуық адам тартылса, теміржол желісін пайдалану кезінде 500 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

«Оны жүзеге асырудың жиынтық әсері 20 жыл ішінде бюджет кірісін одан әрі 4,1 триллион теңгеге арттыруға мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.

Тегтер: