Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:52, 27 Қазан 2022

Қазақстанда еңбек заңнамасы қалай сақталуда?

None
None

Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігіне және еңбек шарттарына сәйкес келетін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу.

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың сөзінше, жалақы бойынша берешек мәселелері ерекше алаңдаушылық туғызады. Мәселен, 14 қазандағы жағдай бойынша, республиканың 60 кәсіпорны 1 821 қызметкерге 1,24 миллиард теңге сомасына жалақы бойынша қарыз. Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешек Абай облысында – 218,7 миллион теңге, Жетісу облысында – 22,9 миллион теңге және Астана қаласында – 19,3 миллион теңге.

«Жыл басынан бері жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен жалақы бойынша 4,1 миллиард теңгеге жуық берешек төленді, сол арқылы 16,4 мың қызметкердің құқықтары қорғалды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Елімізде Еңбек министрлігінің бастамасымен жалақы бойынша берешекті өтеуді арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын, соның нәтижесінде жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама атқарушылық құжаттың міндетті күшін алды. Қазір нұсқаманың орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін ол жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындау үшін беріледі. Биыл әзірге 47 материал берілді.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілермен жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша жұмыс жүргізуде. Биылғы жылдың басынан бастап 1,9 мың жұмыс беруші 1,2 миллионнан астам жұмыскердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейін көтерді. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерлерге еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз, өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, биыл облыстардағы прокурорлар мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп 30 адамнан асатын шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1150 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде: 179-ы еңбекақы төлеудегі теңсіздік; 399-ы шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындауы; 210-ы талаптарды сақтамау жағдайлары; 205-і шетелдіктердің білімінің олар атқарған лауазымдарға сәйкес келмеуі; 157-cі шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсатынсыз шетелдіктердің еңбек қызметін жүзеге асыруды жағдайы.

«Нәтижесінде, аталған заң бұзушылықтарды жою үшін 66 ұсыныс енгізілді, 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жалпы сомасы 64,3 миллион теңгеге айыппұл салынды, әкімдіктер 390 рұқсатты қайтарып алды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Еңбек заңнамасын сақтау мәселелері Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің ерекше бақылауында. Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 023 тексеру жүргізді, оның барысында 6 825 заң бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 4 573; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 103; халықты жұмыспен қамту бойынша – 149.

Жұмыс берушілерге 2 мыңнан астам ұйғарым берілді және 318 млн теңге сомасына 1 400-ден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Азаматтардың 22 547 өтініші қаралды, өндірістегі жазатайым оқиғаларға 866 арнайы тергеу жүргізілді.

Сонымен бірге hr.enbek.kz еңбек ресурстарының жаңа порталын іске қосу шеңберінде 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы іске қосылды. Сонымен, жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын және интерактивті режимде жоспарланған немесе орындалған рәсімдердің дұрыстығын тексеретін қызметке жүгіне алады. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда 13 459 адам өзін-өзі тексерді.

Республиканың кәсіпорындарында ішкі бақылауды 21 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жүзеге асырады, 16 мыңнан астам өндірістік кеңестер жұмыс істеп тұр.

«Қазақстан кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды «Халық бақылаушылары» ретінде жұмысқа тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде. Бүгінгі таңда жобаны іске асыруға республиканың 212 кәсіпорны қосылды, онда 500-ден астам қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асырады», – деп толықтырды Оспанқұлов.

Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және өндірістік жарақаттарды азайту – ел үкіметі мен Еңбек министрлігінің негізгі міндеті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 12,5%-ға (1678-ден 1467 адамға дейін), қаза тапқандар саны 16,2%-ға (244-тен 200 адамға дейін) азайыпты.

Статистикаға сәйкес, өткен жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 миллион қызметкерінің 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары деңгейі келесі өңірлерде байқалады: Қарағанды облысында – 74 976 адам, Павлодар облысында – 46 361 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 37 383 адам.

Зиянды және қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді. Оның ішіне жұмыс уақытын қысқарту, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақыны ұлғайту, сүт, емдік және профилактикалық тамақ беру. Мәселен, 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық.

Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, еңбек заңнамасындағы талаптарды заң бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 2 800 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 2019 жылдан бастап Қазақстанда «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазірге дейін оған 332 кәсіпорын қосылды.

«Министрлік алдына зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын айтарлықтай қысқарту және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету міндетін қойып отыр. Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, онда: өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру; өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру; зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделеді. Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалар жиілігінің коэффициентін 1000 жұмысшыға шаққанда 0,20-ға дейін төмендету күтіледі», – дейді мемлекеттік бас еңбек инспекторы.

Қазақстан еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы профилактиканың ұлттық мәдениетін қалыптастырып, нығайтуды көздейді. Еңбекті қорғау саласындағы ғылыми инфрақұрылымды дамытады. Қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіре береді.

Тегтер: