Қазақстанда «кадр жоқ» дейді
Бәрі адамға келіп тірелетін сияқты. Әр пендеде жақсы қасиеті де, жамандығы да болады.
«Тұңғыш президенттің тарихи еңбегіне лайықты бағасын берейік», деп тек орыс тілінде сұхбат берген президент Тоқаев та адамның жақсы істері де, қателіктері болады дегенді меңзеді.
Иә, Назарбаев кезінде Қытай мен Ресей сияқты империялармен арадағы шекарамызды шегендеді. Елде бейбітшілік болды. Бірақ қаралы қаңтардан кейін «Қазақстан мемлекет ретінде қалыптасты» деген тезис күмән туғызды.
Жалпы, кей сарапшылар Назарбаев елеп-ескеруге лайық жақсылықтарын 2005 жылға дейін жасады дейді. Шамамен, сол кезеңнен кейін күрт өзгеріс болды. Бүкіл билікті бір өзінің қолына шоғырландырып, жеке басы мен өз маңайындағыларды шектен тыс байыта бастады. Соңғы 17 жылдан бері — оппозиция атаулының көзін құртты, жаппай жағымпаздық, өтірік, жеке басқа табынушылық күшейді. Конституция әбден шимайланды, Қазақстанға пайдасынан зияны көп ЕАЭО құрылды. Халық жаппай жемқорлық пен ырду-дырдудың жетегінде кетті. Ақылды жастар мен қолынан іс келетін мамандар шетелге қашты. Айта берсек, көп. Шекараны шегендегені үшін осының бәрін кешіруіміз керек пе?
Білетін шығарсыз, Қазақстанда тек жағымпазданғаны үшін ғана депутат болғандар жүр. Тым лайық емес талай адам жауапты қызметке тағайындалды. Оларды енді не істейміз? Президент бас салып бәрін қуып жіберуге қарсымын деді. Бірақ Қазақстанда «кадр жоқ» дегенге сенуге бола ма? Әлде, 19 миллион халықтың ішінде адал азаматтар шынымен жоқ па? Қазақстанда, бәлкім, соңғы 30 жылда адал, әділ, мәдениеті жоғары, иманы мен адамдық қасиеті бар адамдар қатты азайып кетті ме екен? Жаппай жемқорлық идеологиясы, қолдан жасалған кедейшілік, тойымсыздар, жағымпаздар мен арсыздардың асығын әдейі алшысынан түсіртіп, қазақтың санасын әдейі бұзу саясаты жүргізіліп, сол саясат жемісін берді ме? Солай болса, ол да ресми түрде мойындалуы керек-ау.
Бүтін ұлттың, бір халықтың, қазақ мемлекетінің тағдырын, болашағын кімдердің қолына ұстататынымыз ең маңызды мәселе! Бірақ Тоқаев көшеден кім көрінгенді кіргізбеу керек, дегенді де айтып үлгерді. Ал әлеуметтік желілерде Мұхтар Әблязов, Нұржан Әлтаев, Санжар Боқаев, Серікжан Біләш, Азаматхан Әміртай сынды оппозициялық тұлғаларды билікке тарту қажет деген ұсыныстар айтыла бастады. Көрейік енді.