Қазақстанда Көрісу күні тойланып жатыр
14 наурызда Қазақстанда Көрісу күні немесе Амал мерекесі тойланады. Бұл күні тұрғындар бір-бірін көктемнің сәтті келуімен құттықтап, ізгі тілектерін айтып, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетеді.
Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов алғаш рет мерекеге 2019 жылы ресми мәртебе беруді ұсынды. Ол бұған дейін бұл күн еліміздің барлық өңірінде тойланса деген ниет білдірген болатын. Түрлі себептермен өткен ғасырдың 1930 жылдарынан бастап кей жерлерде бұл дәстүр ұмытыла бастағанын баса айтқан еді:
— Көрісу күні – бір аймақтың немесе тек қазақ халқының ғана мерекесі емес. Оның шекарасы кеңейіп, қоғамдық өмірдегі рөлі артып келеді. Қазір шетелдегі азаматтарымыз да осы мерекені тойлайын болған, — дейді.
Жыл сайын дәстүр бойынша еліміздің батыс өңірлерінің тұрғындары ұлттық киімдерін киіп, таң ата бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін білдіреді.
Күн мен түннің теңелетін күні 22 наурызға келеді. Алайда Қазақстанның батыс өңірі жыл басын 22-де емес, 14 наурызда тойлайды.
Бүгінгі таңда Көрісу күні Қазақстанның барлық аймақтарында танымал болып келеді. Сонымен қатар, дәстүрлі Амал мейрамын Сырдария, Қостанай облыстары мен Торғай, сондай-ақ Ресейдің Астрахань, Саратов, Самара, Орынбор облыстарының қазақтары да кеңінен тойлайды.
Бұл күні тұрғындар таңертең ерте тұрып, үлкендерге сәлем беріп, бір-біріне: «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деген жылы лебіздерін білдірді.
Амалдың басты талабы – үлкенге ізет, кішіге қамқорлық, әлсізге қолдау көрсету, кедейге көмек көрсету. Бұл күні кішілер үлкендермен амандасып, қол алысып, құшақтасады. Ақсақалдар жастарға бата береді. Бұл күні ескі реніштер кешіріліп, араздық ұмытылады. Бұл құттықтау күні – бауырмалдықтың, қарапайымдылықтың, қайырымдылықтың мерекесі.