Қазақстанда таза энергияның бөлінісі артып келеді
Елде жаңартылатын және баламалы энергия көздерін мемлекет тарапынан қолдау артып келеді.
Қазақстан мемлекеті энергетикалық қызметтерге әмбебап қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша көшбасшылардың бірі болғанымен, үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету және таза отын мен технологияларды пайдалану мәселелері әлі де баршылық. Кейбір ауылдық жерлерде электрмен жабдықтау төменгі деңгейде болса,1,5 миллионға жуық адам ластаушы отынды, ал соның ішінде көмірді пайдаланып отыр. Таза отынға жаһандық көшу үшін Қазақстан елдің газ инфрақұрылымын дамытуды қажет етеді.
Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2019 жылғы жағдай бойынша тұрғындарды газбен қамтамасыз ету деңгейі 49,68 пайызға жетті. Өткен жылы газдандыру саласында 66 жаңа жобасы іске асырылды. Газ өндіруді дамыту аясында көмірмен жұмыс істейтін ЖЭЦ-ны ұзақ уақытқа табиғи газға айналдыру жоспарланып отыр. Көмірді газ отынымен ауыстыру қоршаған ортаға әсер ету деңгейін ғана емес, сонымен қатар парниктік газдар қалдықтарын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл мәселе мемлекеттік органдарды ғана емес, жеке секторды, әрі үкіметтік емес ұйымдарды да мазалайды. Өткен айда Қазақстанда 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың 7-мақсатын іске асыруға арналған – баршаға қолжетімді, сенімді, тұрақты және заманауи энергия көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған онлайн-конференция өткен болатын.
«Жасыл экономика және G-Global» коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов: «2016 жылы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы бойынша Қазақстан 143 елдің ішінде 119-шы орынды иеленді. Бұл позиция елдің климаттық ерекшеліктерімен, сондай-ақ соңғы тұтынушыға энергия тасымалдау инфрақұрылымының ұзындығымен байланысты», – дейді.
Көптеген елді мекендер электр қуатын өндіретін қондырғылардан едәуір қашықтықта орналасқан. Сондықтан шалғай елді мекендерде энергиямен жабдықтаудың баламалы жергілікті көздерін дамыту қажет. Таза энергияны өндіру және пайдалану жобасын сәтті жүзеге асырудың мысалы ретінде Ақмола облысының Арнасай ауылын айтуға болады. Шетелдік инвесторлардың көмегімен онда биогаз қондырғысы салынып, ол жергілікті тұрғындардың көңді Есіл өзеніне санкциясыз төгуі мәселесін шешті.
– Біз көңді тұрғындардан жинаймыз, биогаз қондырғысы оны өңдейді. Одан біз абсолютті ақысыз газ аламыз, оны персоналдың қажеттілігі үшін қолданамыз, – деді А.Сүлейменов. – Болашақта біз осы газды жинағымыз келеді. Бірақ қосымша қондырғылар орнату қажет.
Мұндағы ең үлкен плюс – көңді өңдегеннен кейін адамдар вермикомпост түрінде ақысыз тыңайтқыштарды ала алады және оны өз жылыжайларында немесе бақшада қолдана алады. Сонымен қатар Арнасайда күн коллекторлары орнатылған. Олар қияр мен шөп өсіруге арналған жылыжайларды жыл бойына пайдалану үшін экологиялық таза электр қуатын өндіреді. Бұл адамдарға және қоршаған ортаға пайдасы бар жасыл технологияларды сәтті енгізудің мысалы болып табылады. Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері бөлімінің бастығы Балтуған Тажмакина: «2025 жылға қарай энергия нарығының жалпы көлемінде таза энергия үлесі 6 пайызды құрауы керек. Қалай болғанда да, ел бірінші мақсатына жетті – 2020 жылы 3 пайыз үлесті құрады. 2021 жылы баламалы энергия туралы заң әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Осы заң шеңберінде біз маневрлік қуаттылықтарды, қоймаларымен жаңартылатын энергия көздері объектілерін және елдің гидроәлеуетін дамыту мәселелерін қарастырамыз. Өткен жылдың қыркүйегінде біз 2020-2030 жылдарға арналған гидроэнергетика саласын дамыту жоспарына қол қойдық. Оған сәйкес, 2030 жылға қарай таза энергияның үлесі екі есеге артады», – деді.
Соңғы өзекті жаңалықтар сутегі энергиясы бойынша үш кезеңнен тұратын тұжырымдама жасалуда:
- Біріншісі – жаңа технологияларды қолдана отырып сутегі өндірісі;
- Екіншісі – оны тасымалдау және сақтау;
- Үшіншісі – сутегі отынын құру және дамыту
Жұмысты Ядролық физика институты жүргізеді. Энергетика министрлігі өкілінің айтуынша, жаңартылатын энергия саласындағы аукциондық сауда динамикасы өсуде. Бұл салаға 10-нан астам ел инвесторлары кіреді. Бұл ретте мемлекет гидроэнергетиканы дамытуға баса назар аудара отырып, инвесторларды жеңілдіктер түрінде қолдау және нысандардың салыну мерзімін арттыру шараларын қабылдайды.
Баламалы және жаңартылатын энергия дәстүрлі энергия көздерін біртіндеп алмастырып келеді. Қазірдің өзінде табысты стартаптар ішінде жарқын мысалдар бар, олар бұл саланың экологиялық қана емес, экономикалық тиімділігін де көрсете алатынына сенімдіміз.