Қазақстанда төрт жел электр станциясы салынады
Астана қаласында дәстүрлі Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Бірнеше елден келген делегаттар – шетелдік үкімет мүшелері, халықаралық ұйым өкілдері және бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды тұлғалары қатысып жатқан, екі күндік форумның негізгі қаузайтын тақырыбы – әлемдік климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы мен энергетикалық қауіпсіздік.

Форумда кешелі бері негізінен осы аталған үш бағыт бойынша порблемаларды шешу жолдары талқыланып жатыр.Әлем елдерінен келген делегаттардың диалог алаңына айналған жиын 40-тан астам панельдік сессия негізінде бейресми пікірталастар мен талқылаулар ұйымдастырылады. Соның бірі әлемдік климаттың өзгеруі, яғни, ғаламдық жылыну процесіне қарсы тұру мәселесі.
Бұл жердегі негізгі мәселе – энергетика көздеріне келіп тіреледі. Дәстүрлі энергия тұтыну табиғатқа зиянды қалдықтарды көп шығарады. Ендігі адамзат тұтынатын энергетика көздері ең алдымен осы мәселені шешуге тиіс.

Форумда естіген бір жаңалық – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры Қазақстанның оңтүстігінде төрт жел электр станцияларын салмақ. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты.
Жақыповтың айтуынша, әр жел электр станциясының қуатын 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланып жатыр.«Masdar компаниясымен Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт ЖЭС салу туралы келісімге келдік. Дәл осындай жобалар Жамбыл облысындағы 1 ГВт жел электр станцияларының құрылысы бойынша China Power International Holding компанияларымен бірлесіп қабылданды. Сонымен қатар, біз Power China басшылығымен Алматы облысында ЖЭС ауқымын кеңейтетін болып келістік», — деді қор басшысы.

Жалпы, қазір Қазақстанда жаңартылатын энергетиканың, яғни, күн, жел, су арқылы алынатын энергетиканың жалпы қуаты – 2,4 ГВт. Егер алдағы уақытта салынбақ төрт ЖЭС-тің әр қайсысы 1 ГВт қуат өндірсе және ол экология үшін қауіпсіз болса, онда, бұл бағыттағы біраз мәселе шешілетіні анық.
Қор басшысы өзге спикерлерге қарата «біз бұл бағытта әлемдік бәсекелестікке дайынбыз» дегенді де айтып қалды.
Шетелдік делегаттар жаңартылатын, атмосфераға зиянды қалдықтарды аз бөлетін энергетика өндіру үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік бар екеніне ерекше тоқталды. Ең бастысы, соны орнымен пайдалана білу. Олар жаңартылатын, қауіпсіз қуат көздерін пайдалану үшін салынатын энергия станцияларын салуға тек жекелеген елдердің үкіметтері ғана емес, әлемдегі алпауыт компаниялар да қызығушылық танытатынын айтады. Бұл тарапқа инвестор тарту да бір ғана елге емес, бүкіл әлемге ортақ қызығушылық. Өйткені, әлемнің кез келген түкпірінен бөлінетін зиянды газдар жер шарының тынысын тарылтады.
Бұл тақырыпқа қатысты «Самұрық қазына» басшысы өзі басқарып отырған компаниялар тобы алдағы он жылда парниктік қалдықтарды 10 пайызға қысқартуды жоспарлап отырғанын айтты. Ол:«Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізбекші. Елдегі көмірқышқыл газы миссиясының шамамен 15 пайызы біздің компаниялар тобына келеді. Біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. 2032 жылға қарай парниктік шығарындыларды 10 пайызға азайтуды көздеп отырмыз», — дейді Нұрлан Жақыпов.
Дәстүрлі Астана халықаралық форумы кеше басталған. Форумның биылғы басты тақырыбы «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» деп аталады.
Форумға Катар мемлекетінің әмірі Шейх Тамим бин Хамад Аль Тани, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала, БҰҰ білім, ғылым және мәдениет жөніндегі бас директоры (ЮНЕСКО) Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева бастаған құрметті қонақтар қатысып жатыр. Форумды кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан.