Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:37, 07 Сәуір 2022

Қазақстанда жер көп, мал бағатын жайылым жоқ. Неге?

None
None

Өткен аптада үкімет басшысы Әлихан Смайылов пайдаланылмай, бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін жұмыс жасайтын шаруаларға беру туралы мәселе көтерді.

Министрдің айтуынша, 2019-2021 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, пайдаланылмай жатқан 8,1 млн гектар ауыл шаруашылығы жері анықталған. Тиісті шаралардан кейін 3,4 млн гектар жер телімін бұрынғы меншік иелері игере бастапты. Ал 2,1 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде 2,6 млн гектар жер жергілікті атқарушы органдардың қарауына өткен көрінеді. Бір қарағанда, қалың цифр болғанымен, бұл ауылда мал ұстаған ағайын үшін өте қажетті шаруалардың бірі.

Ауыл шаруашылық жерлерін пайдалану — тәуелсіздіктен бері шешімін таппай келе жатқан күрделі тақырыптың бірі. Жер туралы әңгіме болғанда, Бөде қаған туралы аңыз еріксіз еске түсетіні бар. Аңызда шүршіттерге жүйрік атын, сұлу әйелін сыйға тартқан қаған, жерге келгенде, қаһарына мініп, қалың шүршіттің тоз-тозын шығарады. Ертекке сенетін ешкім жоқ қазір. Бірақ мұны неге айтып отырғанымызды түсінбесеңіздер де, тұспалдаған боларсыздар.

Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған немесе бау-бақша егуге қолайлы, көрікті, көркем жердің көбі бай-бағлан мен әкімқараның, ірі-ұсақ шенеуніктердің қолында. Астықтың отаны орталық пен теріскейдегі шұрайлы даланың көбі латифундистердің меншігінде. Оны айтсаң, ішің ашиды. Жер иемденген латифундистердің кімдер екені көпке мәлім. Олар қарапайым қазақтар емес. Осы жерді қорғаған, ата-бабасының қанымен, жанымен келген ұлы даланың қызығын қайдағы бір келімсектер көріп отырғанын қалай түсінесіз? Түсіндіруге келмейтін түйткіл. Бұл бір.

Ал екіншісі, Назарбаевтар мен олардың жақындары иемденген ауыл шаруашылық жерлері. Бұл да аз емес. Мәселен, Дариға Назарбаева Қазақстандағы ең қымбат, ең құнды жерлердің қожайыны. Алматының айналасындағы алма бақтардың дені Нұрсұлтанның қызының меншігінде. Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандарындағы алма бақтардың көбін Дариға алып қойған. Одан жылына қанша тонна апорт үзіп жатыр, оның пайдасын қарапайым қазақ көріп отыр ма? Ол туралы нақты дерек жоқ.

Күйеу бала Құлыбаевтың да құрығы ұзын. Алматы, Шымкент, Астана, Көкшетау сияқты көркем жерлердің көбі, Тимурға тәуелді. Басқа бизнестерін айтпағанда, Тимурдың ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі бір облыстың аумағынан көп болмаса аз емес. Бірақ олар сол жерде маңдайы терлеп, алақаны ойылып еңбек ете ме? Жоқ. Әртүрлі жолдармен меншігіне алып алған, қоршап тастаған, қурай басып бос жатыр. Осындай жерлер Қазақстанның Тұңғыш президентінің қыздары мен күйеу балаларына ғана емес, басқа да құда-жегжаттарына, ағайын-туғанына да тән.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қыздары мен күйеу балаларының миллиондаған гектар жер иемденуі – заңдылық сияқты қалыптасқан бізде. Бірақ сол жерге осы елдің егесі кез келген қазақтың қожа болуға құқығы бар емес пе?! Неге Назарбаевтар ғана қызығын көруі керек?! Әлихан Смайыловтың жерді пайдаланатындарға беру керек деген сөзі, алдымен, Дариға мен Тимур сияқты миллиондаған гектар жер басып алған жуандарға қаратылса керек-ті.

Жасыратыны жоқ, Қазақстанда жер көп, бірақ мал жаятын жайылым жоқ. Оны айтып жүргелі қашан? Жер көлемі бойынша біздің ел әлемде  9-орында. Жайылым жердің көлемі бойынша 5-орында екенбіз. Солай бола тұра, ауылдағы ағайын мал жаятын жайылымнан, шөп шабатын шабындықтан таршылық көреді. Мал жаятын өрістің жыл сайын азайып, көбі жекенің қолына өтіп кеткенін былтырғы жолдауында президент те көтерген болатын-ды. Қ.Тоқаев: «Жайылымдар, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылым бос жатыр. Үкіметке бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», деген болатын. Сол жолғы жолдауында мемлекет басшысы «мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдардың иеленіп алғанын», жайылымдық жерді «адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағанын» да ашық айтқан-ды.

Президенттің емеурінмен жеткізген жолдаудағы осы сөзінің өзінен Қазақстандағы ауыл шаруашылық жерлердің шынайы қожайыны кімдер екенін түсіну қиын емес. Соның салдарынан, жерге шынайы мұқтаж азаматтар не жайылымға, не шабындыққа жарымай, байлардан әртүрлі жолдармен алған жерін жалдап, шөбін сатып алып, мал өсіруге мәжбүр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметіне сенсек, еліміздегі жайылымдық жердің көлемі 180 миллион гектардан асады екен. Оның ішінде 21 млн гектары елді мекендегі жайылым болса, 76 млн гектары жайылымдық айналымдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын өнеркәсіп нысандарына берілген. Қазіргі уақытта еліміздегі жайылымдық жердің 80 миллион гектары нақты пайдаланылса, 30 млн-ны деградацияға ұшыраған. Бұл да жер жеткізе алмай жүрген ағайын үшін бітеу жара болып отырғаны анық.

Қазақстанда жердің көп екені рас, бірақ аймақтар бойынша айырмашылықтар жер түйткілін тереңдетіп отыр. Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов: «Жайылымдық жер жоқ деген сөз – жай сөз. Елімізде жайылымдықтан көп жер жоқ. 187 миллион гектар жер бар. Әр мал басына 20 гектардан келеді. Ал іс жүзінде мал басына 2-3 гектардан аспайды. Негізі, норма бойынша мал басына 5 гектардан кем болмауы керек. Жер бар, бірақ жайылымдықтың көбі белгілі бір топтардың жеке мүддесіне қарай бөлінген. Қазір осындай жердің деніне сол жеке азаматтар иелік етуде. Ал 5-6 бас шолағына жайылым таппай жүргендер ауылдың қарапайым тұрғындары, қосалқы шаруамен айналысатын шаруалар. Екінші бір мәселе, мысалы, жүз-мың гектарлап жайылымдық жерді жекешелендіріп алған сол қожайындардың көбі, жерді басқа мақсатта пайдалануда. Немесе жер мүлде бос жатыр», – деп түсіндірді.

Экономистің бізге берген дерегінше, пайдалануға жарамды 80 миллион гектар жайылымдық жердің ең құнарлы 30,5 миллион гектары еліміздің үш облысына ғана тиесілі көрінеді. Мысалы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола өңірі. Осы үш аймақта адам басына 12-14 гектар жерден тура келеді екен. Ал қазақтар көп шоғырланған Алматы, Түркістан, Жамбыл облысы мен батыс аймақтарда 1 гектардан аспайды. Сондықтан ең алдымен, ішкі көші-қон мәселесін шешіп алу – уақыт күттірмейтін шаруа болып тұр. Т.Есіркепов: «Жайылымдарды миллион гектарлап, жекеге өткізіп алғандардың кім екенін ешкім білмейді. Бізде бәрі жасырын, құпия. Ал егер осы мәліметтердің бәрі анықталса, талай заңсыздықтың беті ашылар еді. Қарапайым шаруалардың құқын қорғайтын заңның болмауы – әділетсіздік! Бұл – қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік әділетсіздік. Қазақстанда 70 пайызға дейін өнім шығаратын қосалқы шаруалардың еңбегі әлі күнге дейін лайықты бағаланбай келеді. Себебі заң жоқ», – деген экономист мәселені көлденеңінен қойды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі көрсеткен деректерге сенсек, қазір жайылымдық жердің 38 пайызы ғана игеріліп отырған көрінеді. Нақтырақ айтқанда, 29 млн гектар жер ғана заңда көрсетілген мақсатта кәдеге жараған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер айналымының көлемі 75,6 млн гектарға тең болса, оның 71,9 млн гектары мемлекеттің жер қорына тиесілі және 20,8 млн гектары – ауыл маңындағы алқаптар. Өкінішке қарай, осы жайылымдық жердің өзі іске аспай жатқаны көңілге томпақ түсіп отыр. Өйткені жайылымды жалға алған көптеген шаруа қожалығы оны игеруге құлықсыз немесе мүмкіндігі жоқ. Ал жер пайдалануды реттейтін заң бар. Заң талабы бойынша қазір мұндай бос жатқан аумақтардың иелері жерді екі жыл бойы пайдаланбаса, сотқа тартылып, олардың иелігіндегі жерді мемлекет меншігіне қайтарып алу шарасы жасалады.

Әңгіменің басында келтіргеніміздей, үкіметбасы айтқан тиімді пайдаланылмай, бос жатқан жерді қайтарып алу немесе жерді шынайы мұқтаж азаматтарға беру мәселесі ақырындап жүзеге асуда. Жаңа Қазақстан үкіметі ауылда тұрып, мал баға алмай отырған ауыл жұртының отыз жылдан бергі үмітіне сәуле сепсе, қазақ жерін келімсектер мен жердің қадірін білмейтін қайдағы біреулер қараусыз қалдырып, тоздырмас еді.

Тегтер: