Қазақстанда жетімнің құқы бұзылмайды
Астанадағы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы заңды бұзып, білгенін істеген екен.
Жетімді жебеудің орнына оны бас салып, баспана кезегінен шығарып тастапты. «Жетім балалар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаждар кезегінде тұрған азаматты бұлар өз бұйрығымен кезектен шығарған. «Басқа облысқа тұрақты тұруға көшіп кетті», – деген негізді пайдаланыпты.
Бірақ заң бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу құқығын іске асырмаған жетім балалар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарылмайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 73-бабының талабы міндетті түрде орындалуы тиіс.
Әділдік іздеген бала әлгі тұрғын үй басқармасының үстінен сотқа арызданды. Тұрғын үй алуға мұқтаждар кезегінен алынғанын заңсыз деп тануды және сол бұйрықтың күшін жоюды сұрапты.
Әділдік орнады. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен бұйрық заңсыз деп танылып, оның күші жойылды. Басқармаға талапкердің кезегін «жетім балалар» санаты бойынша есепке қойылған күннен қалпына келтіру жүктелді. Апелляция бұл шешімді өзгеріссіз қалдырыпты.
Жоғарғы cоттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, балалар үйінде өскен бала Астанада есепке тұрған кезінен бері әлі тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген. Бірақ қалада тұрғылықты тұрып келген. Мұны жұмыс орнынан алған анықтамасы, еңбек шарттары, зейнетақы қорының ақпараты растайды.
«Ол Нұр-Сұлтан қаласынан іс жүзінде кетпеген. Оған тек Ақмола облысында уақытша тіркеуден өтуге тура келген, олай етпеген жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тартылуы мүмкін еді. Уақытша тіркеуден өткен орны бойынша баспана алу үшін кезекке тұрмаған. Кассацияның тұжырымына сәйкес, тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару туралы мәселені шешу үшін Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы талапкердің тіркеуден уақытша немесе тұрақты түрде шығу фактісін анықтамаған. Заң бойынша, басқа өңірге тұрғылықты тұру үшін көшіп кеткен жағдайда ғана кезекте тұрған адам есептен шығарылады», – деп түсіндірді жағдайды Жоғарғы сот.