Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:25, 22 Сәуір 2022

Қазақстандағы демографиялық ахуал

None
None

Елдің экономикалық жағдайы артуы жолында ең бірінші демографиялық саясат басты орында тұр.

Осы орайда, арнайы шаралар қабылданып, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасы қабылданды.

Осыған орай еліміздің барлық өңірінде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өткізіліп, отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына қатысты бірқатар мәселелерді көтеріп жүр. Оның ішінде, әсіресе халықтың санын арттыруға қатысты көші-қон тұжырымдамасы қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ әйелдерді қолдау мақсатында –  кәсіпкер әйелдерді қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралар жүргізіліп, жағдайы төмен, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша ведомствоаралық  өзара іс-қимыл мен отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың жағдайы жөнінде өзекті мәселелер, полиция жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жағдайлары туралы мәселелер талқыланып келеді. Ал еліміздегі демографиялық жағдайға қатысты тағы қандай мәселелер бар десек, бұл жөнінде демограф Шынар Пазылбекқызы этнос өкілдеріне қатысты мәселе бар екенін айтады. Оның айтуынша, «Елімізде соңғы онжылдықта халық саны 16 440 470 адамнан 19 125 620 адамға өскен. Қазір елдегі туу деңгейі өлім-жітім мен көші-қонның салдарынан болатын адам санының кемуін толтыра алатын жағдайда, яғни халық саны туудың арқасында ғана өсіп жатыр деп айтуға болады.

Бұл жерде демографиялық мәселе деп өңірлік айырмашылықтарды көрсетуге болады. Қазақстанның солтүстік, орталық, шығыс өңірлері этникалық құрамы жөнінен еуропалық этнос өкілдері басым мекендеген аймақтар екені белгілі. Соңғы жылдары бұл аймақтардан өзге этнос өкілдері өз тарихи отандарына қоныс аударып жатыр. Бұл жағдай, мәселен, Солтүстік Қазақстан (45 686 адамға), Қостанай (17 106 адамға) облыстарындағы халық санының қысқаруына әкеліп отыр. Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында –  мемлекет «Еңбек», «Серпін» бағдарламаларын жүзеге асырды. Бірақ бұл бағдарламалар әлі де жемісті нәтижесін бере қойған жоқ.

Жалпы, қазіргі кездегі еліміздегі өзекті демографиялық, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық мәселелерге COVID-19 пандемиясынан кейін өлім-жітім деңгейінің өсуі, сыртқы көші-қон, қоныс аударушылардың сапалық құрамының сәйкессіздігі, өңіраралық көші-қондағы теңсіздік, яғни қоныс аударушылардың мегаполистерге ағылуының, бұл қалаларда әлеуметтік мәселелерді туғызуы, туу деңгейі жоғары еліміздің оңтүстік өңірлерінде жұмыссыздық деңгейінің жоғары болуы сияқты мәселелерді айтуға болады» – дейді Шынар Пазылбекқызы.

Қысқаша айтқанда, елдегі демографиялық саясатты көтерудің бірден-бір жолы балаларға төленетін жәрдемақылардың мөлшерін көбейту басты орынды алады. Осы орайда, мемлекетімізде көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларға кезексіз баспана беру мәселесі бойынша жұмыстар жасалынып келеді.

Тегтер: