Қазақстандағы көтерілістер

Совет өкіметі америкалық үндістерге жасалған қиянатты қайталады
1930 жылдың ақпаны. Созақ
«Бұл күнде көрінбейтін егістерден,
Бұл бейбіт – біздің бейіт тегістелген.
Ер Сұлтанбек, Ақ Ишан, Ауған тәуіп,
Шағынардай шыға сап тегіс көрден».
Қасымхан БЕГМАНОВ
Созақ елі туралы аз-кем мәлімет. Созақ ауданында 1930 жылдың ақпанында болып өткен көтеріліс қарсаңында 12 мың шаңырақ тұрған болса, 1935 жылдың 1 қаңтарында олардан 2915 шаңырақ қалды. 1928 жылғы аудандағы 1 миллион бас қойдан 1934 жылдың қаңтарында 7772 бас қой-ешкі қалған. Осы елдің тумасы, жазушы Ө.Қырғызбаев Созақ көтерілісіне арналған еңбегінде осындай мәліметтер береді. (Қырғызбаев Ө. Шығармалар жинағы. 2-т. Алматы, 2013, 249-б.) Бүгінде Созақ көтерілісіне қатысты тарихи ақиқатқа көз жеткізуге мүмкіндік бұрынғыдан, әрине, кең. Санадағы идеологиялық шырмаулардан арыла бастадық. Бұған қосымша, болған процестерді жаңа көзқарас тұрғысынан түсінуге мүмкіндік беретін деректік құжаттар базасы тың фактілік материалдармен толықты. Бұл ретте, әсіресе, жабық қорлардағы құжаттардың айналымға тартылуын және көтеріліске қатысты ел ішіндегі куәлік материалдардың қолжетімді болуын айтқан жөн. Ресми мәліметтерден. Қазақ әскери комиссариатының қызметкері Идельсон партия басшысы Голощекинге, Қазақ үкіметінің төрағасы Исаевқа және Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Гуринге жолдаған аса құпия есебінде өкіметке қарсы бұл көтеріліске қатынасуға орта шаруалар ғана емес, кедей және батырақтар да ықылас танытып, 400-ден астам адамнан құралған қолға аудандағы ауылдардың қайрат көрсетуге жарайтын еркек кіндіктілерінің бәрінің де қосылғанын жазды. Көтеріліске қатысқандардың саны туралы түрлі мәліметтер беріледі. Мәселен, Т.Омарбеков ГПУ органдарының мәліметіне сүйеніп, көтерілісшілердің саны 2000 адам шамасында болғанын жазады (Омарбеков Т. 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері. Алматы, 2018, 462-б.). Көтерілісті басуға шығарылған коммунарлар отрядының командирі Исаев берген есебінде көтерілісшілердің саны 4000-ға жуық екенін, ал олардың винтовкамен қаруланғандарының саны 200 адам төңірегінде болғанын жазады.
Комотрядты басқарған Исаев бұдан бұрын Бостандық және Мойынқұм өңірлеріндегі бас көтерулерді басу ісінде отряд басқарып, тәжірибе жинаған әскери адам еді. Ол берген есебінде 50 адамнан тұрған комотрядтың тез арада жасақталып, жетерліктей дәрежеде оқ-дәрімен қаруланғанын жазады. Созақ көтерілісін басуға аттанған қызыл отряд құрамында болған Балтабаев Шәкір естелігінде Түркістанда теміржол мен кен заводындағы коммунистерден 36 адам жасақталып, винтовкамен қаруланған бұл отрядтың ОГПУ-дің Сырдария аймақтық бөлімі шығыс бөлімшесінің бастығы Н.Никитенконың басқарғанын жазады. Бұларға қосымша, 16-17 ақпан күндері Ташкенттегі Ленин әскер мектебінен 500 винтовка және төрт зеңбірекпен қаруланған, Алматыдан Акаев басшылығындағы кавалерлер эскадроны, Қызылордадан 50 адамнан тұрған винтовка және пулеметпен қаруланған күштер келіп жетеді. Исаев берген мәліметінде көтерілісшілердің 7 ақпанда Созақты, артынша Шолаққорғанды алып, Ащысай руднигіне бет алғанын, осы жолда көтерілісті басуға шыққан 12 адамдық отрядпен кездесіп, бүтіндей жойып жіберіп, 12 ақпанда Ащысайдан 125 шақырым жердегі Тассарайда көтерілісшілердің өз отрядымен қанды шайқасқа түсіп, отрядының біржола күйреуден қашып құтылып, әзер аман қалғандарын жазады. Қарулы отрядпен бетпе-бет келген көтерілісшілердің саны шамамен 500-600, қолдарында көтергені ақ ту, басым бөлігі қарусыз, шабуылға «Алла, Аруақ!» деп, шапқандарын жазды. Тассарай түбіндегі шайқаста (көтерілісшілер тарапынан 80 адам мерт болды) Исаев қолы жеті адамын жоғалтады. 13 ақпан күні ОГПУ офицері Никитенко басқарған қарулы коммунарлар отряды Созақты шабуылмен алады. Бірақ шайқас барысында көтерілісшілер басымдық танытып, Никитенко қолы үш адамын жоғалтып, кейін шегінуге мәжбүр болады.
Көтерілісшілер мен оларды басуға келген қарулы күштер арасындағы шешуші шайқас 16 ақпан күні төрт сағаттық қанды қырғынмен аяқталған еді. ОГПУ басшысы Алшанский 17 ақпан күні берген мәліметінде осы шайқаста 300 көтерілісшінің оққа ұшқанын, 200-інің тұтқынға алынғанын жазды. Өздері жағынан екі адамның өлім құшқанын хабарлайды. Жалпы, Совет өкіметі тарапынан Созақта жасалған қанды қырғын асқан қатыгездігімен сипатталады. Қарулы әскер жағынан жергілікті халыққа деген өшпенділіктің, сондай-ақ шешім қабылдаған билік тарапынан қарапайым халыққа жасаған қиянатының дұрыстығына сенімділігінің көрінісі болды. Оқиғаға куә болған ауыл ақсақалы Өтеміс Өтегенов Ө.Қырғызбаевқа берген сұхбатында мынадай жағдайды баяндайды: «Ол кезде Көктөбенің төңірегінде тұратынбыз. Тау жақтан сүйреткен зеңбірегі бар атты әскер төбеге жиналып, кеңес құрып, ата бастады. Гүрсілдеген дауыстан үрейіміз ұшып, үйге тығылдық. Бұрын-соңды естіп көрмеген зеңбірек үні жер-көкті сілкіндіріп, үлкендер сыртқа шыға алмай, «құртты, қырды» деп, шуласып жатты», – деп көргенін еске алады. Ө.Қырғызбаевтың кітабында берген есебі бойынша көтеріліс басшысы Сұлтанбек Шолақов сарбаздарының саны 2384 адам болған. Олардың 12-16 ақпан күндері болып өткен шайқастарда оққа ұшқандары – 126, 16 ақпан күнгі Созақ қыстағы үшін болған шайқаста 200 сарбаз тұтқынға алынған бетте атылған. Көтеріліс соңынан жүргізілген «тазалау» шаралары нәтижесінде көтеріліске қатысы болды деген 389 адам тұтқынға алынған. Көтерілісті басуға келгендер Созақтан 250 жылқы, 26 түйе, 150 түрлі мылтық, 100 шамалы суық қару олжалаған. Ф.Голощекин 1930 жылы 5 наурызда И.Сталинге берген есебінде Созақтағы көтерілісті басу барысында «біздің жақтан 50 адам өлтірілді және жарақат алды, ал аналар жақтан шайқаста 400-ден астам адам оққа ұшты» деп жазды. (Трагедия казахского аула. 1928-1934. 2-т., 1929, январь 1932. Сборник документов. А., 2018, 77-бб.) Т.Омарбеков кітабында көтеріліске қатысқан 311 адамның жауапқа тартылып, олардың 28-інің ПП ОГПУ үштігінің қаулыларымен атылғанын, 152 адамның 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагеріне, 21 адамның үш жылға Сібірге, тағы 10 адамның осы мерзімге Қазақстанның өз ішіндегі түрлі өңірлерге жер аударылғанын жазады (Омарбеков Т. 1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері. Алматы, 2018, 462-б.).
Созақ көтерілісіне байланысты советтік биліктің өзін империялық ұстанымдағы күш ретінде көрсеткенін елеусіз қалдыру шындықты айтудан жалтару болып шығар еді. Бұл жолы ол патша өкіметінің Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы, 1916 жылғы көтерілістер тұсында қазақ халқына жасаған қиянатын қайталады. Қазақ халқының ар-ожданына тиетін әрекеттер жасап, оның ұлттық намысына қозғау салды. Бұл жағдай неден көрінді? Біріншіден, түрлі жөн-жосықсыз жүргізілген реформалар мен салық саясаты арқылы халықты қарулы қарсылық көрсетуге мәжбүрлеген өкімет көтеріліске шыққан елді «басмашылар», «бандиттер» деп атады. Өкіметтің бұл әрекеті кезінде Исатай Тайманұлы, Кенесары Қасымұлы және басқа антиколониалдық қозғалыстарға белсенді түрде атсалысқан ұлт азаматтарын патша өкіметінің «скопище чужеземцев», «шайка» атағанын еске салатын еді. Екіншіден, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Алматы қалаларынан көтерілісті басуға келген комотрядтар басым түрде орыс және еуропалықтардан құралды. Қоғамда қазақтардың наразылыған басу үшін шығарылған күш екен деген сезік тудырмау үшін араларына бірлі-жарым қазақтар араластырылды. Қиын сәтте ащы өмір шындығының мұндай астарын байқатқан бірлі-жарым оқиғалар да бой көрсетті. Мәселен, Түркістанда құрылған комотрядтың командирі Қарлақ қышлағына аттанарда «отряд құрамына қазақ және өзбектерден ешкімді де алмайтынын», тапсырманы орындауға тек орыстармен ғана баратынын мәлімдейді. Қарапайым ауыл тұрғындары көтерілісті басуға келген әскерилер мен комотрядтарды көп жағдайда қазақтарды Совет өкіметіне бағындыруға келген орыс әскер күштері рөлінде көрді. Коммунистерге дінсіз, имансыз, мал мен мүлікті тартып алып, ортақ меншікке айналдыратын, ал Совет өкіметіне адам өмірінің, отбасының барлық саласына араласатын билік түрі ретінде қарады. Халық арасында өкіметтің қиянатшыл саясатына ашық түрде қарсылық танытқан жеке тұлғалар да болды. Мәселен, Сырдария облысындағы басшылық қызметтегі партия мүшесі Құлмұхамедов деген азамат партия мен Совет өкіметінің ауылдағы қазақ халқына байланысты жүргізіп отырған саясатына ауыр сын-пікір айтып, Созақ ауданына үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін іссапарға барудан бас тартады. Бұл ұстанымы үшін ол партия қатарынан шығарылып, ісі әскери-революциялық трибуналға беріледі. Көтеріліс барысында сарбаздар арасында мергендер тобы құрылып, оның рөлі әсіресе қанды шайқастар тұсында ерекше көзге түседі. Осы ретте созақтық Салықбай мергеннің ерлігі халық арасында аңызға айналады. Ал оның қайғылы тағдыры советтік биліктің кекшіл, гуманистік құндылықтардан алыс тұрған билік болғанының нақты көрінісі еді. Осымен бірге Созақ көтерілісінде Салықбай, Нұрмахан және басқа мергендердің, қарапайым ауыл адамдарының өз жауымен күресте ерекше құлшыныс танытуы қиянатшыл өкіметке деген халық наразылығының бірден-бір дәлелді көрінісі болды. Осы ретте мынадай бір елеусіз қалып келе жатқан, ал шын мәнінде көпшілік іштей сезетін бір мәселеге назар аударған артық емес. Ол – Созақ көтерілісінің басқа да елдегі көтерілістер сияқты ұлт-азаттық сипат алғаны. Созақ трагедиясы ұлтты бастаушы интеллектуалдық оқығандар тобынан айырылған халықтың қолына болар-болмас қаруын алып, қиянатшыл өкіметке бұлқынып, ашық қарсы шыққандықтың айғағы болды.
1930 жыл. Ырғыз және Аралдағы жағдай
Ф.Голощекин 1930 жылы 5 наурыздағы Қазақстанда қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайға байланысты И.Сталинге жолдаған хатында көтерілістер толқынының Ақтөбе округіндегі Ырғыз ауданына да жеткенін хабарлады. Наурыз айының соңғы күндері ол Ақтөбе облысына арнайы тапсырмамен ОГПУ қызметкерлері, өзінің сенімді серіктері Логачев пен Идельсонды аттандырады. Артын ала олардан телеграф арқылы көтеріліске байланысты қалыптасқан жағдай туралы өзіне нақты мәліметтер беруді талап етеді. Өз ретінде іссапардағылар көтеріліске Ырғыздағы 29 ауылдың 16 ауылының тұрғындары тартылғанын бір күшке біріккен екі топ көтерілісшілер санының 1300 екенін, көтерілісті басу үшін шығарылған әскер күшімен Исатай Сатыбалды басқарған, шамамен 500-600 адамдық қолмен арада өткен шайқастан соң, жеңіліс тапқан көтерілісшілер шағын топқа бөлініп немесе жеке түрде Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қараүңгір аталатын жерге бет алғандарын жеткізеді. Қарулы әскер бөлімшелері үш топқа бөлініп, көтерілісті ұйымдастырушыларды, билікке қарсы үгіт жүргізушілерді ұстау үшін, Сатыбалдин мен Саматов «бандиттерінің» қандай жаққа бет алғанын анықтау, сондай-ақ жергілікті тұрғындардағы бар қаруларды жинап алу мақсатында көтеріліске тартылған ауылдарды аралауға шыққандықтарын баяндайды. Идельсон телеграф арқылы Ырғыз ауданындағы үш партиялық ячейканың құрамында 19 адамнан тұрған біреуінің бүтіндей көтерілісшілер жағына өтіп кеткенін хабарлайды. Бұл жантүршігерлік мәліметтерден 1930 жылдың алғашқы айлары Ырғыз өңірінің соғыс жағдайында тұрғанын, ал қарулы қызыл әскер құрамалары мен комотрядтардың өздерін панасыз халық алдында жазалаушылар ретінде сезінгенін көзге елестету қиынға түспейді. Тура осы суретті тоғыз ай бойы (1929 жылдың қыркүйегі – 1930 ж. мамыры) қазақ жеріндегі көтерілістерді күшпен басу үшін шығарылған 11-ші атты әскер дивизиясының командирі мен әскер комиссарының Қазақ өлкелік партия комитетіне жолдаған баяндамасынан да байқауға болады. Баяндама авторлары «В Казахской автономной ССР еще осенью 1929 г. имели место случаи массового движения и недовольства. Батпакаринское и Сузакское восстания, ликвидированные исключительно применением войск, являлись грозными показателями состояния казахского аула» деп жазды. Баяндама авторларының түсінігінде, бұл көтерілістердің орталық ұйымдастырушы және басқарушы орталығы болған. Осы пікірді Ф.Голощекин мен оның серіктері де айтқан. Бірақ бұл пікірге дәлел боларлық бірде-бір факті келтіре алмаған. Өйткені ондай факті жоқ-тын, болған да емес. Көтерілістер стихиялы түрде жүрген халық наразылығының көрінісі болатын. Сондай-ақ құжатта «қозғалыс орталығын дін адамдары басқарған болу керек, өйткені банды шайкаларының басында тек молдалар (ахундар мен хазіреттер) тұрды. Ырғыз және Арал аудандарындағы алты бандалық қолдың төртеуін, яғни 1-ін Мұқантай Саматов ахун, 2-ін Исатай Сатыбалдин молда, үш мешіт ұстаған, 3-ін Жұмағазы молда Бәйімбетов, Қарақұмдағылардың дін басы болған және 4-ін Ақмырза молда басқарды» деп көрсетілген. Есеп авторларының бұл көрсетулері шындықтан алыс емес. Аталған тұлғалардың дін қызметіндегі адамдар болғаны да рас. Бұл арада есеп авторлары бір нәрсені ұғына алмай отыр. Ахундар мен хазіреттер көтеріліс басына дін қызметінде жүргендіктен емес, халық алдындағы өздерінің жауапкершіліктерін түсінгендіктен және көпшіліктің шешімін орындауға тиіс болғандықтан атқа қонған еді. Бұл – бір. Екіншіден, 1929-30 жж. осы уақытқа дейін қоғамдағы антиколониалдық қозғалысты бастап келген ел оқығандары мен зиялылары (алашордалықтар) совет абақтысында отырды. Олар сонда отырып, болып жатқан жағдайды сырттан бақылауға мәжбүр еді. Үшіншіден, аталған кісілер Алла жолындағы адамдар болумен қатар, ел ішінде зор беделге ие, соңына халықты ерте алатын тұлғалар еді.
Баяндама авторлары Қазақстандағы өкіметке қарсылықты халықаралық реакциялық күштердің Совет Одағына қатысты жаулық әрекетімен байланыстырды. Осы ретте, мәселен, Рим папасының үгіт-насихат жұмысына тоқталып, онымен салыстырғанда «Қазақстандағы молдалар жорығы» сарбаздар қолдауына, яғни қолындағы қаруы әлсіздеу болса да, 25 мыңдық ұлттық қазақ әскеріне сүйенген нақты күш екеніне назар аударады.
Әскерилердің сонымен бірге баяндамаларында көтерілістердің шығу себебін анықтауда әділдік танытқандарын да айтқан жөн. Мәселен, мал өсірумен ғана айналысатын ауылдарға үсті-үстіне астық салығын салып, соған байланысты аудан халқы алдындағы малын сатып тауысып, соның нәтижесінде аудан өзіне салынған астық салығын 124 пайызға орындағанын жазды. Мұндай «асыра» орындаудың нәтижесі немен аяқталғаны мәлім. Арал ауданында, мәселен, мынадай жағдай орын алған. Мал өсіретін ауқатты отбасына астық даярлау науқаны кезінде үш мәрте астық салығы салынады. Үш жолы да отбасы иесі алдындағы малын сатып құтылады. Төртінші мәрте бұл жағдай қайталанғанда үй иесі көтерілісшілерге қосылу туралы шешім қабылдайды. ОГПУ органдары мәскеулік басшыларына берген есебінде, мәселен, 1930 жылдың 20 ақпанындағы мәліметке сүйеніп, Ақтөбе облысында осы мезгілде 47 732 адам аштыққа ұшырап, соған байланысты олардың біразының ісіп-кеуіп өмірден озғанын, бұл кезде аштық әсіресе Малғаждар, Темір, Ақкемір, Мартық, Ақбұлақ және Қарасу аудандарын жайлағаны туралы мәлімет берді. Көпшіліктің зығырданының қайнауына түрткі салған жағдайдың бірі өкіметтің халықты мешітке бару мүмкіндігінен айыруы болды. Осы мезгілде, мәселен, Ырғыз ауданында жеті мешіт пайдаланудан тартып алынып, қоймаға айналдырылды немесе қаңырап бос тұрған. Ал көтеріліске шыққан халық ақ ту көтеріп, оған «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі!» деп жазған.
Аталған құжатқа байланысты ескеретін жағдай оның авторлары Қазақстандағы көтерілістердің бұқаралық сипат алғанын көрсетуі еді. Баяндамада, мәселен, Ырғыз ауданындағы №24 ауылдан көтерілісшілерге қосылғандардың әлеуметтік құрамын береді: олардың кедейлері – 66, орташалары – 16, батырақтары – 7, байлары – 4, комсомол мүшелері – 7, ауылсовет мүшелері – 4; ал №22 ауылдан қосылғандардың 82-сі – кедейлер, орташалары – 21, байлары – 3, молдалары – 2 және комсомолдары үшеу еді. 1930 жылдың 8-23 наурыз аралығында болған жеті шайқаста көтерілісшілердің 300 сарбазы оққа ұшқан. Мұндай қырғынды көрген жергілікті халықтың санасында, әрине, үрей орын теуіп, қызыл әскер жақтың айтқанын орындауға даяр екенін білдіруге мәжбүр болған.
1930 жыл. Қарақұмдағы шиеленіс
1930 жылы өзінің шарықтау биігіне көтерілген халық наразылықтарына қорытынды есебінде болған Қарақұмдағы көтеріліс болды. Қарақұмдағы халық пен оның қарсылығын басуға келген совет әскерінің арасындағы қанды шайқастар, сондай-ақ оның көтерілісшілер жағы үшін қайғылы финалы советтік кезеңдегі қазақ тарихының ешқашан ұмытылмайтын қаралы беттерінің бірі. Профессор Т.Омарбеков «бұл мұңлы шындықтың түпқазығы көтерілістің ұлт-азаттық сипат алғанында еді» деп жазды. Қарақұмда бас қосқан халық наразылығы және көтерілісі туралы Н.Байқадамов, Т.Дайрабай, Қ.Алдажұманов және Т.Омарбеков сияқты зерттеушілердің еңбектерінде біршама баяндалған. Аталған және басқа да авторлар көтерілістің халықтық сипат алғанын жетерліктей дәлелді жазды. Көтеріліс басшыларының бірі Жұмағазы имам Бәйімбетов тергеуде берген жауабында көтерілісшілерді қолға қару алып, атқа қонуға мәжбүр еткен қазақ ауылдарында өкімет тарапынан жүргізілген жаппай тәркілеу, ұжымдастыру, сондай-ақ қасиетті діни сенімге байланысты жол-жоралғыны ұстануға тыйым салынуы болғанын көрсетеді. Көтерілісшілер «Қарақұмға жиналған азаматтардан» аталатын көпшілік қауымға және өкіметке жолдаған үндеуінде «...Қазақ даласында байлар жоқ, сондықтан да 28 ст. басшылыққа алмай, 28 ст. бойынша жер аударылған байларға тек тиісті салық салуды өтінеміз.… Біз мемлекеттік міндеткерліктен ешқашан да жалтарған емеспіз, біз өкіметке қарсы шықпаймыз және қарсы наразылық білдірмейміз, адамша өмір сүру құқын беруді ғана өтінеміз» деп жазды. (Омарбеков Т. Аталған кітап. 337-б. ) Көтерілісшілердің талабында екі іргелі мәселе қойылғанын бөліп айтқан абзал. Олар, біріншіден, меншік мәселесі, соған байланысты қоғамды тапқа жіктеп, осы негізде қолдан өшпенділік туғызуды және, екіншіден, халықтан діни сенімнен бас тартуды талап етуді тоқтатуды өкімет алдына мәселе ретінде қойды. Басқаша айтқанда, қоғамды берекесіз революциялық арандату жолынан бейбіт еңбек жолына қайтаруды талап етті. Осы ойды білдірген Жұмағазы имам «қазақ халқында қалғаны жалғыз дін еді, оны да апатқа ұшыратуға айналдық» деп көрсетті. Имам көрсетуінде көтерілісшілерде Кеңес өкіметін құлатып, қазақ жерінде «өз өкіметімізді» орнату ойы болған жоқ, ондай мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін қолда қару болмай тұрып, әрекетке бару ақымақтың жұмысы болар еді, қазақ халқына өкімет тарапынан жасалмаған қиянат түрі қалмады, соған байланысты төзіміміз таусылып, ел болып атқа қонып, «өкіметтің назарын халықтың көңіл күйіне аударғымыз келді» деген толық негізді тұжырымын жеткізеді. Әскерилердің баяндамасында көрсетілгендей, Қарақұмдағы «қазақ ұлттық әскерінің», яғни қолына қару алып, көтерілісшілер қатарына келіп тұрған сарбаздардың саны қанша болған еді? Үш жылға созылған көтерілісшілер мен толқулар барысында бұл есепті арнайы жүргізген ешкім де болған емес. Жер астынан булығып шыққан жанартаудай наразылық әрекеттер түрлі аймақтарда бой көрсетіп, төңірегін шарпып, қолындағы қаруының шектеулігінен көп ұзамай, басылып жатты. Ресми билік тарапынан бұл мәселеге көңіл аударған 11-ші қызылтулы атты әскер дивизиясының (көтерілістерді басуға шығарылған) басшылығы қолдарын қойып бекіткен баяндамаларында көтеріліске қатысқан сарбаздардың саны ең аз дегенде 25 мың болғаны туралы мәлімет береді. Бұл құжаттың 1930 ж. маусымда даярланғанын ескерсек, көрсетілген санның шартты екенін аңғаруға болады. Қарақұмда шоғырланған сарбаздардың ғана саны 10 мыңға жеткен еді. Көтерілісшілердің қару-жарағына байланысты баяндамада «милиция мен совет қызметкерлерінен тартып алынған винтовкалардан, аңшы мылтығынан, балта, шоқпардан» тұрғаны туралы мәлімет берілген. Көтеріліс басында Пірмағамбет Лаубаев, Жұмағазы Бәйімбетов, Жұмаш Қабыланов, Қожбан Жұбанұлы, ағайынды Қосжан және Досжан Қараұлы, Сәкібай Бедеков, Ақмырза ишан Төсұлы, Төлеген Жекебатыров сияқты ел арасында беделді, батыр да кемеңгер тұлғалар тұрды. Ол жөнінде Т.Дайрабай мақаласында аса құнды мәліметтер берілген. (Дайрабай Т. Сыр бойындағы сансыз көтеріліс // «Түркістан», 2015, 13 тамыз) Өз ретінде мынадай бір жағдайға тоқталған жөн. Көтеріліске Сыр бойы, Арал өңірі және Қарақұмдағы халықтың белсенді атсалысқанын, жалпы қауымға құрметімізді білдіре отырып, сонымен бірге сырттан төнген озбырлық пен өктемдікке белсенді қарсылық көрсетуді дәстүрге айналдырған табындардың ерлік ісін елеусіз қалдыру мүмкін емес. Мәселен, Қарақұмдағы көтеріліске жасы жетпіске келген Өмірқұл, табынның Бекайдар аталығынан Ертілеу Қайранбайұлы бес ұлымен қатысып, осы жылы әулеттен алты бірдей адам ату жазасына кесілді. Теке-табынның Төлен аталығынан Смайыл деген кісі ұлы Дәруішхан екеуі Қамбартөбе ұрысына қатысып, сол шайқаста 19 жасар Дәруішхан пулемет оғынан қаза табады. Мұндай фактілер аз емес-тін. Көтеріліске қырдағы малшы табын жұрты қалмай қатысады. (Омарбеков Т. Аталған кітап, 364-365 бб.) Үкіметтің саяси-әлеуметтік ұстанымына қарсы наразылық акциялары 1929 жылдың қыркүйегінде басталды: 27 қыркүйекте Тақтакөпірде (Қарақалпақстан), 29 қыркүйекте Бостандықта (Сырдария округі), 1 қарашада Батбаққарада (Қостанай округі). Билік орындары бұл халық наразылықтарының шынайы себебін анықтауға асықпады. 1929 жылдың қыркүйегінен 1930 жылдың сәуіріне дейін, яғни жарты жылдан астам уақыт үкімет орындарының бұл мәселемен арнайы айналысып, шиеленісті бейбіт жолмен шешу әрекетіне көшпеуі оның қарсыласу ұстанымында тұрғанының көрінісі еді. Құжаттық материалдар наразылық білдіруші күштермен келіссөзге шығу туралы ұсыныстың әскерилер тарапынан, анығырақ айтқанда, Қарақұмда шоғырланған көтерілісшілерді жазалауға шығарылған. Төтенше әскери топтың көшбасшысы 11-ші қызылтулы салт аттылар дивизиясының командирі және әскери комиссары Евсеевтің саяси бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Шматовтың, дивизия штабының бастығы Журавлевтың тарапынан жасалғанын көрсетеді. Әскер басшылығын мұндай ұсыныспен шығуға итермелеген Қарақұмда, яғни Арал теңізінің оңтүстік-шығысында қалыптасқан күрделі жағдай еді. Мұнда жазалаушы қызыл әскер отрядтарынан ығысқан Қармақшы, Тереңөзек аудандарынан (Қызылорда облысы), Жезқазған ауданынан (Қарағанды облысы) көтерілісшілер қосындары жиналған еді. Әскерилердің жоғарыда аталған баяндамасында көрсетілгендей, 19 және 23 наурыз күндегі болған қанды шайқаста көтерілісшілер тарапынан 282 сарбаз өлім құшқан, ал 7 және 8 сәуірде болып өткен шайқаста көтерілісшілер тағы да 200 адамынан айырылған. Қарусыз көтерілісшілер үшін күш теңдігі болмаған бұл ұрыстарда олар Лаубаев Пірмағамбет және Қобланов Жұман сияқты басшыларынан айырылған еді. 1930 жылдың сәуіріне қарай Қарақұмда жиналған жұрттың саны 20 мыңға жетті. Малымен бірге көшіп келген жұртқа мұндағы жайылым мен су жетімсіз еді. Сонымен бірге басқа өңірге көшіп кету де мүмкін емес-тін. Қарақұм қызыл әскер қоршауына түскен еді.
Көтерілісшілерді қоршауға алған қызыл әскер мынадай құрамда болды: Тоқабайдағы отряд 700 қылыштан, 30 пулеметтен, үш зеңбіректен; Қарсақпайдағы отряд 150 қызыл әскер, бес пулеметтен; Торғайдағы отряд 120 қызыл әскер, үш пулеметтен; ал теміржол бойында Жосалы, Қазалы, Арал сияқты стансаларда 200-ге жуық қарулы комотрядтар орналасты. Бұл өзара телеграф және радио-телеграф арқылы байланысып отырған қарулы отрядтар Қарақұмнан шығатын жолдың бәрін бақылауда ұстады. Ал әскерге Қарақұмның ішіне бойлай енуге мүмкіндік беретін автомобиль жолы даярланды. Басқаша айтқанда, қарулы әскер қарсы алдында тұрған қарусыз, бірақ өз ұстанымын қорғап, қарсыласуға даяр көтерілісшілерді жоюға мүмкіндігі бар екенін біле тұра, оған бармады. Әскерилер мұндай варианттың өздеріне де, артында тұрған өкіметке де абырой бермейтінін түсіне отырып, Қазақ үкіметінің басшылығына Қарақұмда қалыптасқан ауыр жағдайды баяндап, мәселені бейбіт жолмен шешуден басқа мүмкіндіктің жоқ екенін жан-жақты негіздеп, келіссөзге асығуға шақырды. Осы мақсатта, біріншіден, келіссөз жүргізуге беделді үкіметтік комиссия жіберіп, көтерілісшілерден өз еркімен қаруларын өткізуді; екіншіден, өзара түсінісудің көрінісі ретінде көтерілісшілерге кешірім жариялауды; үшіншіден, бандылар құрамынан өз еркімен бейбіт өмірге оралуға келісім берген кедейлер қожалығына материалдық көмек берілетіні туралы өлкелік партия комитеті мен Қазақстан үкіметінің шешімі жариялансын деген ұсынысын жеткізді. Бұл, әрине, екі жаққа да қанды шайқастан кетудің жалғыз тура жолы-тын. Әскерилер ұсынысын басқаша қабылдау да қисынсыз болар еді. Дегенмен осы арада еріксіз мынадай жағдай еске түседі. 1919 жылы 4 қарашада Түркістан фронтының әскери кеңесі орталық Совет өкіметінің келісімімен өз азаттығы үшін күрес жолында тұрған қазақ халқына кешірім «жариялаған» еді (халыққа жарияланған «кешірім» бөлімі) Араға 10 жыл уақыт салып, тура сол жағдай қайталанды. Бұл жолы өкіметтен қоғам өмірін «революциялық арандатудан бейбіт өмірге қайтаруды» талап еткен халыққа кешірім жасауды 11-ші атты әскер дивизиясының басшылығы ұсынып отыр. Басқаша айтқанда, «жапалақпен тасты ұрсақ та жапалақ өледі, иә болмаса таспен жапалақты ұрсақ та жапалақ өледінің» кері. Әскерилерден шыққан ұсыныс Алматыға 12 сәуірде жетеді де, құрамында Әліби Жанкелдин (Қазақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, комиссия төрағасы), Ғ.Мүсірепов (комиссия хатшысы), С.Сейфуллин, Юсупов және Тыспаев бар үкіметтік комиссия Арал қаласына 19 сәуірде келіп жетеді. Комиссияны көтерілісшілер үлкен үмітпен жылы қабылдайды. Баяндама авторлары комиссия алдынан өз пікірлерін айтуға 200-ден кем емес адам (көтерілісшілер – авт.) өткенін, олар «үкімет билікте отырғалы бері алғаш рет халықты тыңдауға төмен түскені осы» деген ойда болған (комиссия мүшесі С.Сейфулиннің сөзінен). Келіссөз жүргізілген күндері Досжан Қараев бастаған көтеріліс басшыларының комиссияға өз тілектерін жеткізуге сұранғандарды елеп-екшеп жіберген күннің өзінде, осынша адам комиссия алдынан өтеді. Басқаша айтқанда, келіссөз көтеріліске шыққан бұқара халықтың өзімен жүргізілгендей сипат алады. Үкіметтік комиссия жүргізген келіссөздің мұндай бағыт алуы, әрине, көтерілісшілердің көңілінде сенім отын жаққандай болады. Д.Қараев бастаған көтеріліс басшылары комиссияға сенім білдіріп, қаруларын өткізіп, өз шаруаларына қайтуға ықылас танытса, Жұмағазы Бәйімбетов бастаған топ құрамындағы мергендер 30-ға жуық адам үкіметтік комиссияның уәдесіне сенімсіздік танытып, қаруларын өткізуден бас тартады. Бұл арада ең басты нәрсе, әрине, көтерілісшілердің үкімет комиссиясының алдына қойған талабы еді. Келіссөздің ең алғашқы күндері көтерілісшілер тарапынан «билік қазақ ауылында таптық жіктелу саясатын жүргізуін тоқтатсын» деген талап қойғаны туралы сөз тарайды. Комиссия көтерілісшілердің бұл талабын қағаз жүзіне түсіргенде, біршама «жұмсартып» жеткізгені байқалады, яғни бұл талапты сол күйінде партияның өлкелік комитетіне жеткізуден тайсалып, өз атына ескерту алудан жалтарғандай еді. Ал шын мәнінде көтерілісшілердің Қазақстандағы советтік биліктің алдына бұл іргелі мәселенің қойылуы, қазақ ауылынан большевиктік идеологияның өзегіне атылған оқпен тең еді. Сонымен бірге бұл қойылған талап 1929-31 жж. орын алған бас көтерулердің ұлт-азаттық, антиколониалдық және антиимпериалистік сипат алғанының нақты көрінісі болатын. Көтерілістің осы мазмұнда басталып және жүргенін комиссияға жазба түрінде тапсырылған мына талап-тілектерден де анық байқалатын еді:
- 1928 ж. орта шаруалардан негізсіз тәркіленген мал-мүліктері өздеріне қайтарылсын.
- Дін еркіндігі берілсін, мешіттер қайтарылсын, дін қызметіндегілерге түрлі діни шараларды өткізуге кедергілер қойылмасын, балаларға діни білім беруге қарсылық болмасын.
- Ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеген соң декрет жарияланды, енді қайтып тәркілеу жүрмесін, ал бірақ бұл шара енді орташаларға байланысты жүргізілуде, біз мұны тоқтатуды талап етеміз.
- Колхозға кіру-кірмеу ерікті болсын.
- Қырдағы халықты әлдекімнің еркімен топқа жіктеу тоқтатылсын және бұл жұмысқа комсомолдар жіберілмесін, осы мазмұндағы мәселелер ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында шешілсін.
- Салық әркімнен дүние-мүлкінің көлеміне қарай алынсын. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын.
- Қарақұмда жиналғандар үшін бөлек ауыл советі белгіленсін.
Жұмағазы имам Бәйімбетов бұл тілектерге қосымша дін қызметіндегі кісілерге мұсылман дінінің Уфа қаласындағы орталығымен, жалпы, мұсылман әлемімен еркін қатынас орнатуға кедергілер қойылмасын деген ұсынысын жеткізеді. Он күнге жуық жүрген (баяндамада төрт күн делінеді – автор) келіссөз барысында көтерілісшілер тарапынан берілген талап мәтінінің комиссия тарапынан біршама «жұмсартуларға» ұшырағанын байқау, әрине, қиынға түспейді. Үкіметтік комиссия мен халық өкілдері арасында ұстаным қайшылығын тудырған мәселелер қатарында ауылды тапқа жіктеу, тоқтауы болмай тұрған тәркілеу, жеке қожалықтарды күштеп колхоздарға кіргізу және дін бостандығы туралы мәселелер болды. Қойылған талап-тілектер бас көтерулердің үкімет тарапынан қазақ ауылында жүргізілген арандатушылыққа көрсетілген заңды қарсылық болғанын айғақтайды. Тура осы мазмұндағы тұжырымды әскерилер берген есептен кездестіреміз. Әрине, баяндаманың большевиктік идеология арнасында жазылғаны күмән тудырмайды. Сонымен бірге әскерилердің қазақ қоғамында қалыптасқан күрделі жағдайға бет бұруға мәжбүр болғаны да анық байқалады. Сондай-ақ әскерилер баяндамаларында көтеріліс басшыларының үкіметтік комиссия тарапынан берілген уәделерге сену немесе сенбеуге байланысты екіге жарылғаны жөнінде де айтылады. Д.Қараев бастаған топ комиссияның айтқан тұжырымына тоқтап, қаруды өткізіп, бейбіт өмірге оралуды жақтаса, екінші Ж.Бәйімбетов бастаған топ (арасында мергендер бар) үкімет уәдесіне сенбей, қарсыласуды жалғастыру жағында тұрды. Қалыптасқан объективті жағдайға байланысты бірінші жақ басым түсті. Өкінішке қарай, екі жақтың да кейінгі тағдыры қайғылы қалыптасады. Көп ұзамай-ақ қаруын тапсырған көтеріліс басшылары мен сарбаздар, оларға тілектестігін білдіріп, көтерілістің артын ала қайта көтерілгендер аяусыз жазаланды. 30 мамырда Жұмағазы Бәйімбетов сегіз кеңесшісімен бірге, аз уақыттан соң Досжан Қараев, Жұмаш Қабыланов және басқа сарбаздар тұтқынға алынды. Өкімет орындары және көтерілісшілер арасында жасалынған келісімшарт билік орындары тарапынан бұзылды. ОГПУ-дің ерекше үштігінің шешімімен наразылыққа қатынасқан 175 адам ату жазасына кесілді, 172 адам 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагеріне айдалды. Осылайша қазақ ауылының өз өмірін төтеннен келген революциялық арандату арқылы өзгертуге көрсеткен қарсылығы дүлей де өктем өкімет тарапынан асқан қатыгездікпен басылды.
Қорытынды
Совет өкіметі, оның идеологиялық аппараты 1929-31 жж. қазақ қоғамындағы бас көтерулерді, тапаралық қайшылықтың шиеленісуін өкіметтің «әділ» реформалық шараларына халықты қарсы айдап салған бай мен дін адамдарының антисоветтік қызметімен байланыстырады. Осы уәж (аргумент) арқылы елдің наразылық актілерін қанға бояп, басқан қылмысын ақтап алуға тырысты. Бұл шын мәнінде ақиқатты мойындаудан саналы түрде жалтарудың нақты көрінісі еді. Шындық сол – Совет өкіметі қазақ қоғамында жүргізген түбегейлі саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени реформалары қазақ қоғамының сол тарихи кезеңдегі ішкі сұраныстарына ешқандай да сәйкес келген жоқ-тын. Әсіресе антиколониалдық күрес жолында тұрған қазақ қоғамын күштеп таптық жіктелу жолына салу бұл іс жүзінде ұлттық ауызбірлікке мұқтаж қоғам ішіне іріткі салып, өзара азаматтық қақтығысқа жол ашып, сол арқылы оны әлсіретумен тең еді. Ал советтік билік жүргізген глобалды эксперименттердің қазақ қоғамына әкелген жағымды нәтижесінен жағымсыз салдары басым болғанын уақыт көрсетіп отыр.
Кезінде, мәселен, 1916 жылы өзінің белгілеген шараларына қарсылық танытқан халықпен келіссөзге келудің орнына халық наразылығын әскер күшімен басып-жаншуға көшкен патшалық билік қазақ халқын өзіне бітіспес жау санады. Совет өкіметі де патшалық билік жолына түсіп, көтеріліс шыққан бетте күшке басымдық берді. 1928 жылдан бастап наразылық актілеріне көшкен бұқара халықпен үкімет араға екі жыл салып келіссөзге келуге қадам жасады, дегенмен оның өзі де наразылыққа шыққан халықты алдаумен аяқталды.
Көтеріліс стихиялы тұрғыдан, халықтық қарсылық түрінде жүрді. Ол бір орталықтан басқарылды деген тұжырымның ешқандай да негізгі жоқ-тын. ОГПУ органдары қаншама күш салып, бұл пікірге дәлел іздегенімен, оны таба алған жоқ. Жергілікті өңірлерде көтеріліске шыққан халыққа басшылық жасау міндетін саясаттан алыс қарапайым халық өкілдері, дін адамдары өз мойнына алды. Бұл кезде халық наразылығына бағыт-бағдар беріп, басшылық жасай алатын ұлттық саяси элита – Алаш оқығандары абақтыда отырды. Басқаша айтқанда, бұл кезде қазақ халқы іс жүзінде саяси басшылықсыз қалған еді. Ал оны саяси басшылықтан айырған Совет өкіметі болатын.
Қазақстан мен Орта Азия елдерінде осы кезеңде қалыптасқан ауыр жағдайды жіті бақылап отырған М.Шоқай: «Мыңдаған адамдар жеңіске жете алмайтындарына көздері жете тұрып, өлімге бастарын тігіп, көтеріліске шықты. Өйткені қиянатшыл өкіметті соншалықты жек көрді. Жек көрмеске шара жоқ та еді», – деп жазды. М.Шоқайдың 1927 жылы қаңтарда жазған еңбегіндегі бұл ойды араға екі жыл салып, келесі қарсылыққа көтерілген Түркістан халықтарына байланысты да айтуға болатын еді.