Қазақстандық балаларды қолдаудың ұлттық моделі
Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шеңберінде мемлекет Қазақстан азаматтарына көмек көрсетеді.
Балалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесі болып табылады.
2022 жылдың басынан бері төлемдер 9 пайызға ұлғайтылды: республикалық бюджеттен 537,1 миллиард теңге бөлінген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,3 пайызға жоғары. 2021 жылы бұл сома 473,9 млрд теңгені, ал 2020 жылы 426,8 млрд теңге көлемінде болған еді. Инфляция дәлізінің 8-ден 10 пайызға артуына байланысты 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 5 пайызға, одан кейін 1 сәуірден бастап тағы 4 пайызға өсті. Бұл айлық есептік көрсеткіш пен айлық ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне тікелей байланысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Ғалия Жабағина:
– Егер балалы отбасыларды, ана мен баланы қолдау туралы айтатын болсақ, онда бала тууға, 1 жасқа дейінгі баланы күтуге, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардың өсуін ерекше атап өте аламыз. «Күміс алқа» және «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға да мемлекет тарапынан жәрдемақылар қарастырылған. Қазақстанда бұл марапаттарға ие болған 228 мың әйел бар. Оларға төленетін жәрдемақы 20 352 теңгені құрайды. Ел бюджетінен жәрдемақының бұл түрін төлеуге бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 27 млрд теңгені құрады, – дейді.
Әлеуметтік көмек саясатын дамыту басқармасының мәліметінше, бүгінде бірінші, екінші және үшінші бала туғанда төленетін жәрдемақы 120 840 теңгені, төртінші және одан кейінгі балаға 200 340 теңгені құрайды. Жалпы алғанда, өткен 6 айда 224 000 отбасы жалпы сомасы 28,4 млрд теңгеге жәрдемақының осы түрін алған.
Баланы бір жасқа дейін күту үшін декреттік демалыста жүрген аналар қазір бірінші балаға 18317 теңге, екіншісіне 21656 теңге, үшінші балаға 24963 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 28302 теңге жәрдемақы алады. Соңғы жарты жылда 48 мыңға жуық ана жалпы сомасы 7,4 млрд теңгені құрайтын осындай жәрдемақы алды.
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар да ай сайын мемлекет тарапынан жәрдемақы алып отыр. Оның көлемі 52 345 теңгені құрайды. 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 96 мың отбасы осындай көмек алған. Қаржыландыру көлемі – 30,4 млрд теңгені құрады.
Төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы да индексацияға жатқызылды. Соның арқасында 501 мың отбасы республикалық бюджеттен жалпы сомасы 170 миллиард теңгеден астам мемлекеттен қолдау алды.