Қазақстандық IТмамандар жүргізуші куәлігін алуға арналған жаңа жоба ойлап тапты

Алматылық IT мамандары Елдар мен Санжар жүргізуші куәлігін алуға арналған стартап жоба ойлап тапты.
Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады.
Қазір пилоттық жоба ретінде қаладағы 2 арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында сынақтан өтіп жатыр. Өнертапқыштардың айтуынша, бұл ең алдымен жемқорлықты болдырмайды. Оған қоса жол апатының алдын алады.
Елімізде жол апаты азаймай тұр. Одан келетін өлім-жітім де көп. Оның бір себебі жүргізушілердің салғырттығынан. Сондай-ақ емтиханнан ебін тауып өткендер жол ережесін біле бермейді. Енді стартап жобаның арқасында талап күшейеді. Мұнда барлығы ашық. Емтихан тапсырушы отыратын үстел әйнектен жасалған. Оның үстіне бейнекамера орнатылған. Іс-қимылдың барлығы залдағы манитордан көрініп тұрады.
"Қазір пилоттық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Адам отырған кезде барлығы жан-жағынан көрінеді. Ешкім ешқандай «шпаргалка» заттар өткізе алмайды. Үстінен әрқайсысының бейнежазба жүріп жатады. Оны сондай-ақ үміткерлер жалпы күту залында көре алады", — дейді стартап жобаның авторы Елдар Бекболат.
Елдар мен Санжар IT маманы. Бұл жобаны жасауға 2 жыл жұмсаған. Оның алдында өздері де жүргізуші куәлігін алып көрмек болады. Сол кезде бюрократиялық кедергілерге тап болады.
"Өзіміз мобильді қосымша шығардық. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде адамдарға дайындалуға оңай болу үшін. Автосарапшылардың да шырылдап келе жатқанына біраз уақыт болды. Сұрақтары дұрыс емес деп. Біз базада тексерген кезде ішінде 20% сұрақтар қателер көп болды. Соның бәрінің қатесін түзеп, біздің жүйеге енгіздік", — дейді стартап жобаның авторы Елдар Бекболат.
«Біз жүргізуші куәлігін беру бойынша ТМД елдерін түгел зерттеп шықтық. Әзірге тура осындай жоба еш жерде жоқ. Сондықтан бізді алдымен өзіміздің Үкімет қолдаса дейміз. Қазіргі командамыз мықты. Цифрлық тұрғыдан өте білімді. Олардың қатарында автосарапшылар, IT мамандар, графикалық дизайнерлер бар», — дейді стартап жобаның авторы Санжар Нұрмахамбетов.
Өнертапқыштар емтихан сұрақтарының барлығын анимациялық форматта мобильдік қосымшаға енгізген. Барлығы 1300 сауал.
Пилоттық жоба іске қосылған соң алдыңғыға қарағанда емтиханнан өткендердің қатары 30%-ке азайыпты.
IT мамандары тың бастамаларын тиісті министрлік қолдайды деген үмітте.