«Қазақстандық ұлт»: Тарих қателікті кешірмейді
Тілің төрге шықпаса қиын. Мұны неге айтып отырмыз? Екі күн бойы Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер арасындағы келісімге сай «Жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» тақырыбында Digital Almaty бесінші форумы өтті.
Аталған форумда күтпеген жағдай орын алды. Тағы түйткілді тілге әкеліп тірейміз ғой. Бәрі орысша өтіп жатқан форумда шашын желкесіне түйіп алған алып тұлғалы қазақ жігіті залда әңгімені қыздырып отырған спикерлерге күтпеген сұрақ қойды.
–Алдымызда сөйлеп тұрған жеті адамның бесеуі – қазақ. Форумға келген азаматтардың 90 пайызы қазақ. Неліктен орысша сөйлеп отырсыздар? Бұл Диджитал Алматы ма, Диджитал Мәскеу ме? Біз қай елде отырмыз қазір? Өте жақсы тақырыптар қозғалып жатыр. Көп адам түсінбей отыр. Неге қазақша сөйлемейсіздер? «Елімізді, мәдениетімізді көтереміз» дейсіздер, ал тіл болмаса, оның пайдасы неде? – деді қазақ жігіті.
Ал форумды ұйымдастырушылардың бірі шыдай алмай ортаға шығып, жауап берді. «Келесі отырысты міндетті түрде қазақша өткіземіз. Сіз спикерлердің бірі боласыз». Он рет кешірім сұраған шығар. Міне, технологиялық трендтер талқыланған жиында тағы тіл мәселесі халықтың алдынан шықты. Қазақ баласы жаһандық цифрлық кедергілерді жою, сауда және экономиканың басқа да салаларында инновациялық шешімдердің енгізу мәселелерін мемлекеттік тілде талқылап жатса, сөкеттік пе? Оған кім кедергі? Мәселе дұрыс көтереліп отыр. Ал Digital Almaty бесінші форумында ортаға шығып, тіл мәселесін көтерген қазақ баласы кім? Біз интернет көздеріне үңілдік. Ол – Нұрқожа Ерсайын, тарихшы, блогер. Өзінің арнайы ашқан «Дереккөз», «Солай де» жобасы және «тарихшы ағай» деген лақап аты бар. Ол аталған жобада үнемі қазақтың ұлттық құндылықтарын көтереді. Қысқасы, қазақ үшін туған жігіт.
Әрине, біз оны құптаймыз. Қолдаймыз. Қазақтың тілі неге босағада қала береді? Біз кімнен кембіз? Кім кінәлі? Қысқасы, оған қарапайым халықтың еш кінәсі жоқ. Барлық олқылық қазақтың тілін төрге шығара алмаған билікте болып отыр. Осыдан 13-14 жыл бұрын «қазақстандық ұлт боламыз» деген бастама көтерілгенін де ұмытқан жоқпыз. Оған кезінде Нұржан Сұхбанбердин, Нұрлан Смағұлов сияқты қазақтың бай-манаптары қол қойып, жоғары билікке хат жолдаған. Бірақ сол қазақстандық ұлт, яғни «Ел бірлігі» деп аталатын доктрина жобасы 2009 жылғы қазанның 26-сында Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясында Тұңғыш президенттің ұсынысымен жалпыхалықтық талқылауға шығарылған. Тек Мұхтар Шаханов, Дос Көшім сияқты ұлт зиялылары қарсы шығып, тойтарыс бергеннен кейін ғана олар райынан қайтқан. Сөйтіп, біз «қазақстандық ұлт» бола алмай қалғанбыз. Бірақ «төлқұжатқа қазақстандық ұлт» деп жазайық» деп бастама көтергендер әлі ортамызда жүр. Олар сол кездегі ісіне еш қымсынбайды. Қазір олар: «біз сол кездегі биліктің тапсырмасын, Тұңғыш президенттің тапсырмасын орындауға мәжбүр болдық» деп өздерінің басын алып қашқысы келетін болар. Ең бір қызығы, 2009 жылы бұл бастама Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасы тарапынан көтерілген. Ал Ассамблеяның сол кездегі төрағасы – Назарбаев. Ал оның орынбасары – Ералы Тоғжанов. Бірақ Тоғжанов Ассамблеядан соң билік баспалдағына күрт көтерілді. Батыс облыстарға бірнеше рет әкім болды. Премьер-министрдің орынбасары лауазымына дейін өсті.
Сол кезде Мұхтар Шахановтың «Жас Алаш» газетінде ( №50. 24.06.2008 ж) «Қазақстандық ұлт» бұл не? Бұл – құбыжық эксперимент!» деген тақырыпта жалындатқан пікірі жарияланғанын ешкім ұмыта қойған жоқ.– «Қазақстандық ұлт» идеясы алғаш рет 1994 жылы көтерiлдi. Оған Қазақстанның 150-ге жуық iрi компанияларының басшылары қолдау бiлдiрдi. Бұлардың арасында «Қазкоммерцбанктiң» басшысы Н.Сұхбанбердин, «Астана моторстың» президентi Н.Смағұловтар бар. «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбiлев те кезiнде қолдау бiлдiрген-дi. Болат екеумiздiң арамызда дәл осыған қатысты әңгiме де болды. Сонда Болат өзiне Қозы-Көрпеш Есенберлиннiң екi күн қатарынан телефон соғып, жоғары жақтың арнайы тапсырмасы екенiн айтып қоймаған соң, «қазақстандық ұлтты» қолдап, қол қоюға мәжбүр болғанын айтты. Қазiр Б.Әбiлев «қазақстандық ұлтқа» түбегейлi қарсы. Ол жөнiнде жазды да. Жалпы, «қазақстандық ұлт» идеясы өзiнiң бастауын америкалық ұлттан алады. Кезiнде Американың жерiн әртүрлi тiлде сөйлейтiн, әртүрлi сенiм-нанымдарға табынатын үндiстер мекендедi. Америка олардың ата қонысы, отаны болды. Олардың шұрайлы жерлерiне еуропалықтар көз сала бастады. Кейiннен Франциядан, Германиядан, Португалиядан, Испаниядан, Ұлыбританиядан барған басқыншылар үндiстердiң жерiн басы бүтiн тартып алу үшiн оларды қынадай қырды. «Үндiстi кiм көп өлтiрсе, соған бәйге беремiз» деген кездерi де болды. Үндiстердi көп өлтiрген адамдар құрмет биiгiне көтерiлдi. Осындай жолмен еуропалық басқыншылар 150 миллионға жуық үндiстi жер бетiнен жойып жiбердi. Сөйтiп, «американдық ұлт» дүниеге келдi. Бiздiң басшылар да сол американдық ұлтты негiзге алып, «қазақстандық ұлт» жасамақшы. Бiз бұған әуел бастан-ақ қарсылық бiлдiрдiк. Осыдан бiр жыл бұрын «Халық рухы» партиясы құрылып жатқанда «қазақстандық ұлтқа» қарсы екенiмiздi оның бағдарламасына да ендiрдiк. Бiрақ билiк ешкiммен ақылдаспай, кеңеспей, «қазақстандық ұлтты» «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламасына ендiрiп жiбердi. Әртүрлi тiлде сөйлейтiн ұлт өкiлдерiнен бiр ғана «американдық ұлт» жасаған басқыншылар тәрiздi бiздiң басшылар да «қазақстандық ұлт» моделiн жүзеге асырмақшы. Ешкiм үндеген жоқ. Барлығы өз көлеңкесiнен қорқады. Сонда қалай, бiз өзiмiздiң қай ұлт өкiлi екенiмiздi тек үйде, бала-шағамыздың алдында ғана айтуға қақымыз бар да, былайғы кезде «қазақстандық ұлт» болып шыға келемiз бе? Бұл не деген сұмдық? – деген еді Мұхтар Шаханов.
… Біз өткенге неге оралып отырмыз? Тарих қателікті кешірмейді. Өйткені тәуелсіз елдің тарихында «қазақстандық ұлт» жасамақ болғандардың жобасының зардабын біз әлі тартып келеміз. Олар бұл жобасын жүзеге асыра алмағаннан кейін «үш тұғырлы тіл» бағдарламасын енгізбек болды. Төртінші етіп, шалдың қызы қытай тілін айтты. Мұның бәрі ескі жүйенің қазақ ұлтына жасаған тілдік қысымы. Ал кешегі диджитал форумда тағы қазақ тілі босағадан сығалап қалды. Жалпы халықаралық іс-шаралар қазақ және ағылшын тілдерінде өтуі керек қой. Ендеше, қазақ ұлтының басқа ұлт өкілдерін ассимиляциялаушы бола алмағанына қарапайым халық кінәлі емес. Билік болғызбады. Өкінішті. Ал біз қашанға дейін тілдің түйткілін сөз ете береді екенбіз?